Қостанай облысында 3,5 жыл бұрын қайтыс болған тұрғынның мәйітін енді жерледі
Қостанай облысында 3,5 жыл бұрын қайтыс болған тұрғынның мәйітін енді жерледі

Осыдан үш жарым жыл бұрын жоғалып кеткен қостанайлық Виктория Курочкинаның мәйіті енді табылып, жер қойнына тапсырды.

32 жастағы Виктория Курочкина 2017 жылдың 24 қыркүйегінде із-түзсіз жоғалған еді. Ол күндіз кәмелетке толмаған екі баласын үйде қалдырып, ұялы телефонын алмай сыртқа шығып кеткен. Бірнеше ай бойы ағайын-туғаны үмітін үзбей, іздеу салғанымен, әйелдің дерегі табылмайды.

Жоғалған келіншектің әпкесі Римма Рыжованың  айтуынша, марқұмның мәйіті 2019 жылы табылған.  ДНҚ сараптамаларын жүргізіп, туыстығы расталды. Алайда марқұмның сүйегі қылмыстық іс бойынша заттай айғақ болғандықтан, оны сол уақытта жерлей алмаған. Марқұмның сүйегі жақында қайтарылғандықтан, оны жер қойнына енді тапсырды.

«Рухы тыныш тапсын! Соңғы сапарына шығарып салдық, жаны жай тапқан болар. Алғашында тірі шығар деп үміттендік. Өкінішке қарай, Виктроиядан айырылып қалыппыз. Екі бала жетім қалды. Мұндай жауыздыққа кім барды? Әлі күнге дейін оны кім өлтіргені белгісіз. Құдай жазасын берсін!» дейді Римма.