Пәтерінде қайтыс болған қарияны 9 жыл бойы ешкім іздемеген
Пәтерінде қайтыс болған қарияны 9 жыл бойы ешкім іздемеген

9 жыл бойы ешкім еске алып іздемеген Осло тұрғыны үйінде өлі күйінде табылды.

NRK телекомпаниясының хабарлауынша, пәтер Ослоның шығысында орналасқан. Қария өз үйінде өлі күйінде табылған. Полиция мәліметі бойынша, мәйіттің жатқанына тоғыз жыл болыпты.

Тоғыз жыл бойы қарияны іздеп, ағайын-туыстың біреуі ат ізін салмаған. Тіпті көрші-қолаңы да есік ашып көрмепті. Оның бар-жоғын ешкім білмеген. Қазір полицейлер мәселенің мән-жайын тексеру үстінде.

Олардың мәліметінше, ер адам 2011 жылдың сәуірінде қайтыс болған. Қарияның поштасына келген хаттар да 2013 жылдан бері жиналып қалған. Оған тіпті 2018 жылдан бері зейнетақы да төленбеген екен.

«Ер адамның мәйітін консьерж тапқан. Онда да ол әр пәтердің өрт дабылын тексеріп жүргенде байқаған. Сараптама көрсеткендей, ер адамның өлімі қылмыстық сипатқа жатпайды», – делінген телекомпания хабарламасында.

Көршілері болса, қарияның тұйық, өзімен-өзі жүретін жан екенін, көп ешкіммен араласа бермегенін айтады.