Балабақша қызметкерлерінің жалақысы қанша?
Балабақша қызметкерлерінің жалақысы қанша?
678
оқылды

Осы күнге дейін білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, 25 пайызға өсірген болатын. Бұл – жақсы. Өкініштісі, мектепке дейінгі даярлау мекемелерінде істейтіндердің айлығы, оның ішінде педагог емес, қосалқы іспен айналысатындардың жалақысы әлі өспей тұр. Оларға кім жауап береді?

Нұр-Сұлтан қаласындағы №22 балабақша меңгерушісі Қарлығаш Жолдасованың айтуынша, елорда бойынша балабақшалардың 80 пайызы жекеменшік. Олардың көбісінде қандайда бір бекітілген жалақы жоқ.  Яғни, қызметкерлердің құқығы сақталып отырған жоқ.  «Мысалы, балабақшаларда тәрбиешінің көмекшісі, аспазшы, аула сыпырушы, кір жуушы деген қызметкерлер бар. Олардың жалақысы – 54 мыңнан 80 мың теңгеге дейін» дейді ол.

 – Айлығым 75 мың теңге. Оның 50 мыңын несиеге, қалған 20 мыңын оқуға төлеймін. Ал 5 мың теңге жүріп-тұрғаныма қалады. Сөйтіп, амалдап жеткізуге тырысамын. Туысымның үйінде тұрғандықтан пәтерақы төлемеймін, – дейді жекеменшік балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Тұрсынай Әлжаппарова.

Алматыда кейбір балабақша өткен аптадан карантинге жабылып, жұмысын тоқтатты. Бірақ соған қарамастан балабақша қызметкерлері жұмыста жүр. "Карантинге жабылғанымен, жұмыстамыз. Шыны керек, жұмысымыз өте ауыр. Балабақшаға келісімен бөлмені тазалап, шаңын сүртіп, желдетіп отырамыз. Балалардың артын тазалап, күніне 3-4 рет ыдысын жуып, шашқан дүниесін реттейміз. Таңнан кешке дейін жүреміз" дейді тәрбиешінің көмекшісі Жанар Иманғазы. Оның айлығы 70 мың теңге екен. Негізі, балабақшалардың 60 пайызы мемлекет қарауында. Мектепке дейінгі білім мен тәрбиеге ішкі жалпы өнімнің 0,3 проценті ғана жұмсалады. Бірақ мемлекеттік балабақша қызметкерлерінің қарық болып отырғаны шамалы.

– Жалақымыз – 80 мың, қолымызға тиетіні 65 мың теңге. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Шама-шарқынша "жилстройға" жинап жатырмыз. Бір балам бар, мектепте оқиды. Соның жүріп-тұруы тағы бар, – дейді тәрбиешінің көмекшісі Сәуле Баймағамбетова.

Өткенде Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева осы мәселені көтеріп Премьер-Министрдің атына сауал жолдады. "Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландыратын жекеменшік бақшалардағы педагогтердің жалақысының төмендігі бізді мазалап отыр. Ал оның мөлшерін жергілікті әкімдіктер өздері белгілейді. Педагог мәртебесі туралы заңның жалақы көтерілсін деген бабын өңірдегілер сақтамай отыр" деді ол. Сонда мұндай жалақыға олар қашанғы күн көрмек? Еліміздің мегаполистерінің өзінде осындай жағдай орын алып жатса, шалғай аудандарда не болмақ? Сонда азын-аулақ жалақымен күн көріп отырғандар не істеуі керек?