Бурабайда жол жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырған экс-басшы қамауға алынды
Бурабайда жол жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырған экс-басшы қамауға алынды

Ақмола облысында Бурабай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы бюджет қаражатын ұрлағаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Бурабай аудандық сотының үкімімен аталған бөлімнің экс-басшысы Қайыргелді Мусин қылмыстық құқықбұзушылық жасап, бөлінген бюджет қаражатын талан-таражға салғаны анықталған. Соттың соңғы үкімімен ол қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлімінің 2-тармағымен орташа қауіпсіздікті қылмыстық атқару жүйесінің түзету мекемесінде жазасын өтейтін болды. «Қайыргелді Мусин «Бурабай ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымын асыра пайдаланып, қолына тиген бюджет қаражатын алдына ала жасалған келісіммен жолды жөндеуге бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырған», - дейді Ақмола облыстық сотының баспасөз хатшысы Күләш Домалақова. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының нәтижелері бойынша Қайыргелді Мусин сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін ұсталған. Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасы алғашқы инстанциялық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырған. Сот үкімі заңды күшіне енген. Естеріңізге сала кетсек, былтыр Бурабай ауданындағы жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 430 миллион теңге бөлінген.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы