Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр?
Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр?
177
оқылды

Соңғы жылдары қазақстандықтар табыс табу мақсатында Оңтүстік Кореяға жаппай ағылды. Олардың сөзінше, Қазақстанда тапқан 2-3 жылдық табысты Оңтүстік Кореяда бір жылда табуға болады. Ал бүгінде ол жақта заңсыз жүргендер нақты қанша екені әлі белгісіз.

Сыртқы Істер министрлігінің мәліметінше, ол жаққа жұмыс іздеп барғандардың көбі 30-ға толмаған ер-азаматтар.

–  Оңтүстік Корея аумағында жүрген азаматтарымыздың жалпы саны – 30 мыңға жуық. 2020 жылдың 31 желтоқсандағы мәліметке қарасақ, оның 8900 заңсыз жүрген еңбек мигранттар. Басым бөлігі – еліміздің оңтүстік аймағы, әсіресе, Түркістан мен Алматы облысы. Негізінен қара жұмысқа баратын – ер адамдар. Тек 10-15 пайызы әйелдер. Соңғы үш жылдың ішінде 6 мыңға жуық адам депортацияланған, – дейді ҚР СІМ департаменті директорының орынбасары Оңталап Оңалбаев.

Былтырдың өзінде Қазақстанға шетелден 287 миллиард теңге аударылған. Оның 18 пайызы, яғни 51,6 миллиард теңге Оңтүстік Кореядан жіберілген екен. Биылғы екі айда 6,3 миллиард теңге келген. Былтырғымен салыстырғанда екі есеге аз. Оған қоса, пандемияның кесірінен бір айлық визасыз режимнің тоқталуы да өзінше әсер етті.

– Электротехника мамандығы бойынша елдегі университеттердің бірін бітірдім. Артынан туған жерім, Түркістанға барып жұмыс істедім. 65-70 мың теңге ештеңеге жетпеді. Содан елордаға келіп, ЭКСПО-да электрик болып жұмысқа тұрдым. 140-170 мың теңге жалақым пәтерақы  төлеуімнен аспады. Қазір Оңтүстік Кореяда жүргеніме төрт жыл болды. Ешкім тергеп-тексермейді. Сондықтан әлі жүре бермекпін. Әрине, елге оралып, отбасылы болу ойымда бар. Бірақ қазір емес, табыс табуым керек, – дейді Санат Т.

Ол жақта ер адамдар күніне 85-100 доллар, ал әйелдер 50-80 доллар табады. Егер зауытта жұмыс жасаса, айына 1800-2600 доллар төленеді. Олар оны негізінен  үй ішіне жіберіп, несиесін жабумен болады. Алайда олардың құқығы қаншалықты сақталады? Бұл жайында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметке депутаттық сауал жолдап, азаматтарымыздың құқығы мүлдем қорғалмағанын жеткізген. – 15 мемлекет Кореямен еңбек миграциясын реттеді. Оның ішінде Қырғызстан мен Өзбекстан да бар.  Бұл елдің азаматтары Кореяда екіжақты келісімшарт негізінде Е-9 уақытша еңбек визасын алу арқылы заңды жұмыс істейді. Алайда Қазақстан бұл тізімде жоқ. Сонда нан табудың жолында жүрген азаматтарымыздың мәселесін кім шешпек?! – деді депутат. Оның дерегінше, 2014 жылдан бері Оңтүстік Корея еліне заңсыз еңбекке баратын мигранттардың саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өскен. "Соңғы 6 жыл бойы туристік визаны арқау етіп, қазақстандықтар заңсыз жұмыс істеу үшін жасырын барып жатыр. Осыған байланысты Үкімет бұл мәселені  бақылауға алып, Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың заңды еңбек ету мүмкіндігін тез арада пысықтауы қажет" деген ойымен бөлісті.