ЕҚЫҰ төрағасымен келіссөздер жүргізілді
ЕҚЫҰ төрағасымен келіссөздер жүргізілді

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Швецияның сыртқы істер министрі Анн Линдемен кездесті. Одан кейін қадірменді мейман Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.

Алдымен СІМ-де жүргізілген екіжақты келіссөздер барысында әскери-саяси, экономика-эко­логиялық және гуманитарлық бағыттағы қызметтердің барлық үш өлшеміндегі Ұйымның күн тәртібінде тұрған өзекті мәсе­лелер талқыланды. Қазақстан мен Ұйым ынтымақтастығының жай-күйі мен перспекти­ва­ла­рына, алдағы жылдарға ар­налған өзара іс-қимыл жөніндегі жос­парға баса мән берілді. «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасы, Шве­­цияның сыртқы істер министрі Анн Линде ханым Орталық Азия елдеріне дәстүрлі аймақтық тур­несі аясында Қазақстанға ре­сми сапармен келіп отыр. Еліміз ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекет және Үкімет бас­шы­ларының саммитін 2010 жыл­ғы 1-2 желтоқсанда Астана қала­сында өткізіп, «Қауіпсіздік қо­ғам­дастығы жолында» Астана декларациясын қабылдау арқы­лы Ұйымның қызметіне өз үлесін қосты. Біртұтас және бөлінбейтін Еуроатлантикалық және Еура­зиялық қауіпсіздік қоғамдас­тығының көзқарасын айқын­дады», – деді Мұхтар Тілеуберді. Сондай-ақ министр 2021 жылғы 19 ақпанда өткен сам­миттің 10 жылдығына және оның саяси мұрасына арналған онлайн конференцияға Анн Линде ха­нымның қатысқаны іс-шара­ның абыройын көтергенін атап өтті. Реті келгенде әріптесін Шве­цияның ЕҚЫҰ-ға төраға­лығы­ның тиімді және жігерлі баста­луымен құттықтауды да ұмыт­пады. «Қазақстан Ұйымның беделін одан әрі нығайтуға және жан-жақты өзара әрекеттесуді терең­детуге бағытталған ұзаққа созыл­ған қақтығыстарды шешуде және сенім шараларын құруда, ген­дерлік теңдік пен адам құ­қық­тарын, экологиялық қауіпсіздік пен сыбайлас жемқорлықпен күресті алға жылжытудағы ба­сымдықты толығымен қолдайды. Бүгін келіссөз барысында әріп­тесіммен қауіпсіздік саласындағы халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселені, соның ішінде ЕҚЫҰ кеңісті­гіндегі ұзаққа созылған қақ­тығыстарды реттеуді талқылап шықтық», – деді Мұхтар Ті­леуберді. Сонымен қатар қос тарап COVID-19 пандемиясының ая­сында одан әрі ынтымақтастық мә­селесін талқылады. ЕҚЫҰ Іс ба­­­сындағы төрағасы швед төра­ға­­­лығының басымдықтарын қол­­дағаны үшін қазақстандық та­­­рапқа алғыс айтты.  

Е.БОЛАТҰЛЫ