Балық үшін жаза бар
Балық үшін жаза бар
150
оқылды

Экология министрлігі жазға дейін еліміздегі ірі өзен-көлдерде балық аулауға жаппай тыйым салды.

Түркістан облысында полицейлер табиғатқа залал келтірудің 31 әкімшілік құқық­бұзу­­шылығын, 2 экологиялық қылмысын анықтады. 200 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Айта кету керек, коронавируспен күресетін мониторинг тобы секілді бұл салада да жедел қимылдайтын жасақтар құрылып, браконьерлермен күресуге кірісуде. Облыс аумағында табиғат қорғау заң­намасын бұзуды анықтау, алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында арнайы 2 мобильді топ құрылды. Олар облыс аумағына іссапарға шығып, мүдделі мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейд ұйымдастыруда. Мысалы, Сырдария өзенінде заңмен тыйым салынған әдіспен – электр тогымен соғып, балық аулап отырған жерінен екі ер адам ұсталды. Құқық бұзушылардан 94 келіден астам сазан тәркіленді. Күдікті азаматтар мақтааралдық тұрғындар болып шықты. Полиция қызметкерлері істің барлық мән-жайын анықтау үшін оларды аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазір олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 335-бабы 3-бөлігі («Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Шардара су қоймасында ау-тор пайдаланып, темір қайықпен заңсыз балық аулаушылар ұсталды. Олардан айғақ зат ретінде 200 келіге жуық балық тәркіленді. Құқық бұзушылар Шардара полиция бөліміне жеткізілді. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 335-бабына сәйкес тіркеуге алынды. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюдың соңы заң аясында жауапқа тартылуға әкеп соғатынын еске салады. Мобильді топтар іс-қимылы жалғасады.

Е.ЕРДЕН