Былғарыдан бұйымдар жасайды
Былғарыдан бұйымдар жасайды
258
оқылды

«Бизнестің жол картасы» бағ­дар­ламасы аясында Алматы об­лысындағы моноқала Текеліде таза теріден бұйымдар жасайтын қызықты әрі пайдалы жоба қолға алынды. Кәсіпкер Леонид Пактың көптен бері ойында жүрген  мақ­сатын жүзеге асыруға 2 млн теңге көлемінде берілген мемлекеттік грант көмектесті. Бір жылда шағын кәсіпорын 150-ге жуық былғары бұйым шығаруды жоспарлап отыр, жылдық кіріс шамамен 1,5 млн теңге болады деп межеленген.

Текелі қаласы әкімдігінің айтуынша, өз бизнесін бастаудан бұрын кәсіпкер «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қалалық филиалында «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша тігін саласы негіздерін оқыпты. Өткен жылдың желтоқсанында жобасын қорғап, 2 млн теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болады. Оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алған қолөнерші  қазір өз ісін ашып, таза тері мен былғарыдан түрлі бұйым дайындауды бастады. Тапсырыс берушілер әр заттың дизайнын өз талғамдарына қарай таңдайды. Қазір цех әйелдер сөмкесі, әмиян, белдік, барсетка, үйге киетін шәркей және басқа да жалпы саны 30-дан астам бұйым түрін шығарып отыр және оған интернет арқылы да тапсырыс беруге болады. «Маған былғарымен жұмыс істеген ұнайды. Әрине, ол өте қызықты әрі күрделі үдеріс. Мамандығым экономист, бұған дейін сол бір салада жұмыс істеп көрдім, енді мемлекеттік бағдарлама бойынша оқытудың арқасында кәсіпкер атандым. Қатардағы қызметкерден қолөнерші-кәсіпкерге айналу үшін адам өзін жетілдіруі керек екенін ұқтым. Осы салаға келмес бұрын теріні өңдеу мен одан бұйым жасауға қатысты түрлі сабаққа қатысып, алған білімімді тәжірибе жүзінде іске асырып көрдім. Бүгінде оқыса, талпынса, кез келген жан өз кәсібін бастай алады. Оған қазір барлық мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті табысты  дамытуға барынша қолдау көрсетіледі. Менің басты мақсатым – бабаларымыздың қолөнер дәстүрін одан әрі дамытып, оны болашақ ұрпаққа жеткізу», – дейді кәсіпкер. Қазір бұл шағын кәсіпорында жергілікті 2 тұрғын жұмыс істейді. Леонид жастарды шеберлікке үйретіп, құлшыныспен оқытуда. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсіпорын іргесін кеңейтіп, өнімдерін еліміздің түрлі қаласына саудалағысы келеді. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Текеліде шағын және орта бизнестің 1 455 субъектісі жұмыс істейді. Былтыр бюджетке осы саладан 2024,2 млн теңге түсім түсіпті.  Жалпы, Алматы облысында шағын және орта бизнес субъектілердің саны 123 мың бірлік болса, олардан түсетін бюджет түсімі 1,3 есеге өсіп, 113 млрд теңгені құрады. Өткен жылы облыс кәсіпкерлері 11,8 млрд теңге сомасында мемлекеттік қолдау алса, биыл өңірде шағын және орта бизнесті қолдауға 13 млрд теңге бағытталған.  Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 34,3%-ке жеткізіледі.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы