Әйелдер құқығы жөніндегі арнайы комиссия
Әйелдер құқығы жөніндегі арнайы комиссия

Кәсіподақтардағы әйелдер үлесі – қоғамда, соның ішінде  еңбек нарығындағы нәзік жанды азаматшалардың ел дамуына елеулі үлес қосып отырғанының көрінісі. Дәл осы кәсіподақ саласындағы әйелдердің еңбек құқықтары мен бостандықтарын, тең мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында Алматы облысының кәсіподақтар орталығы жанында еңбек етуші әйелдер мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құрылып, қызмет етеді. YNTYMAQ салалық кәсіподағы Алматы облыстық филиалының төрайымы Самал Бакирова басқаратын осы комиссия өзінің алғашқы отырысын өткізіп, онда маңызды бірнеше мәселе көтерді.

Комиссия жұмысына «Алматы облы­сының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты  Ә.Қыдыр­манов, «Nur Otan» партиясы Алматы об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты  Г.Тойлыбаева, облыс әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бө­лімі­нің бас инспекторы, Алматы облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөнін­дегі  комис­сияның хатшысы Ж.Ораз­ғалиева, «Қазақстандық салалық мәде­ниет, спорт, туризм және ақпарат қызмет­керлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалының төрайымы, комиссия мүшесі С.Ахма­диева,  Алматы облыстық Тілдерді дамыту  жөніндегі басқармасының бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Г.Битебекова, «Алматы облысы пошта байланысы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» төрайымы Г.Нақыс­пекова, «Облыстық көпсалалы клиника» МҚК жанындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы, комиссия мүшесі Ә.Оразбаева, «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйы­мы» ҚБ-нің бас маманы Л. Сағынғали­­қызы қатысты. Отырыста Қазақстан Президентінің 2030  жылға  дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру, кәсіподақ қызметінде ұжымдық шарт, ұжымдық келісімдер мен келіссөздер арқылы әйелдер мен ерлердің тепе-теңдігіне қол жеткізу, «Nur Otan» пар­тия­сы­ның «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселе­лері жөніндегі» кеңесі қызметімен тығыз байланысты жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды. «Коронавирус пандемиясы салдарын елімізде тек бизнес қауымдастығы, білім және медицина саласы емес, жалпы от­басы, әйелдер мен балалар да сезінді. Кейінгі уақытта белең алып бара жатқан «отбасылық зорлық-зомбылық» көрсет­кіш­тері, жұмыссыздық, қысқарту азамат­тардың еңбекке араласуына, қоғамда белсенді қызмет атқаруына кері әсерін тигізді. Бүгінгі күні біз кәсіподақтар тара­пы­нан жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді жұмыстан шығару; әйелдер мен бала тәрбиелеп отырған басқа да адамдарды еңбек уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері, түнгі кезде жазбаша келісімінсіз жұмысқа тарту; жұмысқа қабылдау, еңбек шарттарын бұзу, жүкті әйелдер мен отбасылық міндеттері бар адамдарға қызметтік іссапарларға жіберу кезінде кепілдік беру тәртібін бұзу сынды заңсыздықтармен күрес шараларын белсенді түрде қолға алдық. Бұл жұмыста біз «Nur  Otan» партиясының «Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі» кеңесімен, Алматы облысы әкімінің жанындағы әйел­дер істері және отбасылық-демо­графия­лық саясат жөніндегі  комиссия­мен бірлесіп жұмыс атқаруға дайынбыз. Әр отырыста маңызды сауалдарды ортаға салып, гендерлік саясаттың іс жүзінде дұрыс ұйымдастырылып, әйелдердің қо­ғамдағы рөлін, «ана» мен «отбасы» ин­сти­­тутын қалыптастыру, отбасылық тәр­бие, «зорлық-зомбылықты болдыр­мау», әйел­дердің еңбекке еркін ара­ласуы­на қатысты мәселелерді қарастыратын боламыз», – дейді Самал Бағдатқызы. Жалпы, кәсіподақтардағы әйелдердің үлесі – 54,9%,  олардың басым көпшілігі (67%) бастауыш кәсіподақ ұйымдарын басқарады. Қазір еліміздегі еңбекке қабілетті әйелдердің 30%-ы зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейді. Осыған байланысты кәсіподақтар келісімдерде, ұжымдық шарттарда отбасылық міндеттері бар адамдарға қосымша жеңілдіктер мен кепілдіктер белгілеуді одан әрі жалғас­тыруға ниетті. Аталмыш комиссия қыз­меті­нің басты бағыты да осы мақсатпен үндес.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы