Басты міндет – халыққа берілген уәдені орындау
Басты міндет – халыққа берілген  уәдені орындау
128
оқылды

Жамбыл облысында «Nur Otan» партиясының «Өз­геріс­тер жолы: әр азаматқа лайық­ты өмір!» атты сай­лауалды бағ­дарламасын іске асыру жө­ніндегі респуб­ликалық және жергілікті Жол картала­ры­ның орындалу ба­рысы қарал­ды. Кеңесті об­лыс әкімі, пар­тияның об­лыстық филиа­лының төра­ғасы Бердібек Сапарбаев ашып, бесжыл­дыққа бағыт­тал­ған Жол кар­тасының не­гізгі бағыттарына тоқталды.

Бұдан кейін сөз облыс әкі­мінің орынбасары Талғат Мамаевқа беріліп, ол алда тұрған мақсатты міндеттерді баяндады. – Республикалық Жол кар­тасында 4 бағыт бойынша 362 іс-шара қарастырылған. Оның 320-ы жергілікті атқарушы ор­­ган­­­­дарға тиесілі. «Барлығына бірдей мүм­кін­діктер» атты бірінші бағыт бо­йынша алдағы бес жылда 33,9 мың пәтерге арналған 3,92 млн шаршы метр тұрғын үй салу, апатты және үш ауысымды мек­тептердің орнына 44 жаңа мек­теп тұрғызу, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауыл­дарда 358 мектепті жаңғырту, 2025 жылға қарай барлық ауыл мектептерін жоғары жылдам­дықты интернетпен 100% қамту, 2025 жылға қарай 100% бала­ларды қорлаудан, интернет – қудалаудан, жыныстық қылмыс­тардан және суицидтен қорғау бойынша шаралар қабылдау және 120 спорт секциясын ашу және балалар үйірмелерін қайта оңтайландыру сынды міндеттер тұр, – деді әкімнің орынбасары. Одан бөлек, «Интеллек­туалды, дені сау және үнемді ұлт» бағыты бойынша 2025 жылға дейін 36 мәдениет объектісін салу және 32-сін күрделі жөндеу, 74-ін ағымдағы жөндеуден өт­кізу, Ақыртас қалашығының 1 тарихи-мәдени мұра объек­тісіне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу, 2024 жылға қа­рай Тараз қаласында 450 орынға арналған көпбейінді аурухана және 2025 жылға қарай Тараз қаласында қоқыс өңдеу зауытын салып, пайдалануға беру сияқты жұмыстар тізбегі белгіленіпті. «Экономика мен өңірлердің тұрақты дамуы» бағытында агроөнеркәсіптік кешенде 45 инвестициялық жобаны іске асыру және Шу ауданында көлемі 23,7 мың шаршы метр көтерме-тарату орталығын салу жұмысы межеленуде. Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ республикалық Жол картасымен көзделген міндет­тер­ге талдау жүргізу кезінде кей­бір сала бойынша бірқатар өткір мәселе туындағанына тоқталды. – Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі біздің өңірімізге 5 жыл ішінде 3 920 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру мін­дет­теген, оның ішінде 2021 жылға 650 мың шаршы метр. Осыған байланысты биыл жоспарланған көрсеткішті орындау үшін об­лыста көппәтерлі үйлерді іске қосу санын 2,2 мың шаршы метр пәтерге ұлғайту қажет. Бұдан басқа, Білім және ғы­лым министрлігі 5 жылда Жам­был облысында 44 мектеп салу­ды міндеттесе, оның ішінде 2021 жылы тапсырылуы тиіс 3 мектеп Қордай ауданында орналасқан. Облыстық Жол картасында бар болғаны 4 жаңа, үш ауысымды мектептің орнына 9 және 2 мек­тепке жапсарлас құрылыс салу көзделген. Ал Қордай ауданына арналған Жол картасында мек­теп құрылысы мүлдем жоспар­лан­баған. Дәл сондай Мәдениет және спорт министрлігі облыс бойынша 33 мәдениет ныса­нының құрылысы қарастырса, өңірлік Жол картасында 26 мәде­ниет үйі ғана көрсетіліп тұр, – деді Т.Мамаев. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек өзі басқаратын сала бойынша жұ­мыстар легіне тоқталды. – Жол картасында мен же­текшілік ететін салалар бойынша жалпы 22 меже қойылған. Бар­лық меже биылғы жылы орын­далмақ. Құрылыс саласы бойынша 2021 жылға облысқа қойылған меже 651 мың шаршы метр бол­са, біз бұл көрсеткішті 700 мың шаршы метрге орындап, межені 113,4% пайызға орындауды жос­парлап отырмыз. Бүгінде облысымызда 30 505 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл сайын кезек орта есеппен 2 700 адамға өссе, осы жылы ал­ғашқы рет кезек өсімінен артық пәтер тапсырылу жоспарланып отыр. Жол картасына сәйкес, жақ­сы және қанағаттанарлық жағ­дайдағы облыстық және аудан­дық маңызы бар автожолдардың үлесін 2021 жылы 95%-ға жет­кізсек, 2025 жылы аталған көр­сеткіш 100%-ды діттейді. Халықты орталықтан­ды­рылған ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы 18 сумен жабдықтау нысанының құрылысына 8,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Соның ішінде 14 жоба жыл соңында аяқталса, 4 жоба құрылысы 2022 жылы қолға алынбақ . – 2021 жылы табиғи газбен қамту саласындағы құрылыс жұ­мыстарына мемлекеттік бюд­жеттен 14 жобаға 8,6 млрд теңге бөлініп отыр. Жыл соңына дейін 20 елді мекендегі 16 мың адам табиғи газбен қамтылып, облыс­тағы газдандыру үлесі 69,3% құ­райды, – деді Ұ.Жазылбек. Облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев болса, Жол кар­тасында әлеуметтік салаға бел­гіленген 51 тармақ төңірегінде сөз қозғады. – Кәсіпкерлік саласына қа­тысты республика бойынша 51 тармақ, оның ішінде 2021 жылы заң қабылдауға қатысты 5 тармақ енгізілген. Облыс бойынша 13 тармақ айқындалған. Жалпы, Жол картасында көрсетілген бизнесті ашуға және бизнесті жүргізуге қажетті мем­лекеттік қолдау тетіктері толы­ғымен іске асырылады, – деген облыс әкімінің орынбасары өнер­­кәсіп өнімін арттыру, ша­ғын және орта бизнесті дамыту, электронды сауда үлесін ұлғайту, тұрғындарды жұмыспен қамту, салаларды цифрландыру, туризм түтітін тік ұшыру сынды жоспар­лы жұмыстар барысын баян етті. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі ең басты міндет елге берілген уәденің орындалуы керегін баса айтты. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев респуб­ликалық көрсеткіштің барлығын діттеу қажет екенін ескертіп, әкім­дерге бақылау мен жауап­кершілік жүктеді.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы