Соттар мол бюджет сұрайды
Соттар мол бюджет сұрайды
127
оқылды

Қазақстанда сот реформасы қолға алынып жатыр. Оның жаңалығы жетерлік. Биліктің сот тармағында жүйелі жаңару жүргізу қажетін сарапшылар біраздан айтып келеді. Оның үстіне, биылғы ақпан айында Жоғарғы Сот судьясының аса ірі көлемде – 8 мың доллар пара алғаны үшін ұсталуы халықтың сотқа деген сеніміне селкеу түсіргендей. Демек, реформаға балама жоқ, шегіне беруіне жол қалмады.

Теріс баға алса да, тайраңдап жүр...

Ресми мәлімет бойынша, кейінгі үш жылда 30-ға жуық судья қылмыстық жауапкерші­лікке тартылыпты. Бұл оның ал­дындағы 3 жылдағыдан шамамен 8 есе көп. Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия және сот әділқазысы тек 2019 жылы 25 судьяны қызметінен қууға кеңес беріпті. Тағы 24-ін төменгі соттарға ауыстыруға ұсы­ным жасаған. Кейінгі екі жылға жуық уақыт ішінде 49 судья кәсіби жарамсыз деп танылып отыр. Бұл 10 жыл бұрынғы көр­сеткішке бара-бар. Бірақ алда бұл сан одан да артуы мүмкін. Өйткені көптеген судья істі қарау уақытының өтіп кетуіне байланысты жазадан құтылып кететін көрінеді. Реформаның бір өзгерісі де осы бағытты қарастырады: «ескіру уақыты» ұлғайтылады. «Тәртіптік істерді қарау ке­зінде судьяларды тәртіптік жауап­кер­шілікке тартудың ескіру мер­зім­­дерін сақтаудың маңызы зор. Мынадай кесір тәжірибе таралған: облыстық соттар өз судьяларына қатысты материалдарды сот әділ­қазысына беру мәселесін уақы­тылы қарамайды. Салдарынан бұл судья­ларға көзделген жауапкер­шіліктен құтылуға мүмкіндік бер­ді. Сондық­тан облыстық және оларға теңес­ті­ріл­ген соттар төра­ға­­ла­рының жауап­кершілігін енгізу ұсынылады. Яғни, енді сот төраға­сы кез келген судьяға қатысты ма­­те­риалды сот әділқа­зысына беру туралы мәселені об­лыстық сот­тың жалпы отыры­сын­да тал­қы­­лауға уақытылы шығаруға мін­деттеледі», – деді ведомство. Заманауи «билер» жалақының аздығына, ал қарауындағы істердің тым көптігіне үнемі шағымдана­тын. Қазір осы екі мәселе шешімін тапты. Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов әртүрлі деңгейдегі соттар қанша жалақы алатынын хабарлады. «Бұл ешқандай құпия емес. Аудандық сот судьясының орташа жалақысы 400-500 мың теңгеден басталады. Облыстық судьялар 600-700 мың теңгеден жоғары алады. Жоғарғы Сотта жалақы 800-900 мың теңгеден басталады. Жалақы әрбір судьяның жұмыс өтіліне байланысты», – деді ол. Соттардың жұмысы да жеңіл­деді. Айталық, 2010 жылы жеке және заңды тұлғалар оларға 500 мың талап арызбен жүгінген. Арада 7 жыл өткенде, 2017 жылы бұл сан екі еселеніп, 1 миллионнан асты. Содан 2019 жылы мемлекет ұлттық заңнамаға түзету енгізіп, бірқатар шектеулер қойған. Нәтижесінде, талап-арыздар саны 700 мыңға дейін құлдырады. Әйткенмен, азайған жүктемені де еңсере алмай, сапаны нашар­латқан судьялар бар көрінеді. Ре­форманың екінші өзгерісі де осы мәселеге бағытталмақ. Бұл ретте өзіне сеніп тапсырылған жұмысты лайықты деңгейде атқара алмаған судьяны басқа сотқа, басқа маман­дандыруға (специали­зацияға) ауыстыру туралы шешімді оның кәсіби қызметін бағалау қоры­тындысы бойынша Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия қа­былдайтыны мәлім. «Мұндай шешім ол судья ат­қаратын лауазымына толық сәйкес келмейтінін білдіреді. Демек, оның жұмыс сапасы төмендеді деген сөз. Бұған ол жұмыс істейтін соттағы жоғары жүктеме, күрделі санаттағы істердің көп болуы ықпал етеді. Осы­ған байланысты бағалаудың нәтижелерін және кейс-міндеттерді орындау қоры­тындыларын ескере отырып, судья­­ны жүктемесі төмен, ұжымы шағын, күрделі емес са­наттағы істерді қарайтын басқа сотқа ауыстыру туралы шешім қа­бы­л­­­­данады. Шындап келгенде, бұл – судьяның теріс баға алғанын куә­ландырады, бірақ оған «түзе­луге» және басқа сотта өзін жақсы қы­рынан көрсетуге мүмкіндік бері­леді», – деді Жоғарғы Сот. Оның ақыры не болды? Теріс баға алған судьялар заңнамадағы олқылықты пайдаланып, «жер ау­дарудан» да құтылып кететін болып шықты. «Ондай судьялар өзі жолданған сотта жұмысын жалғастырғысы келмей, бірінші мүмкіндік туа сала, бос судьялық лауазымға, со­ның ішінде, тіпті жоғары тұрған сот­тарға және басшы лауазымдарға ар­налған конкурсқа құжат тап­сырады. Бұл Сот төрелігінің са­пасы жөніндегі комиссияның қызметін мәнсіздендіреді: енді комиссия конкурсқа қатысуы үшін аталған судьяға қысқа мерзім ішінде қай­тадан баға беруге мәж­бүр бола­ды», – дейді меморган өкілдері. сот Әрине, комиссияның қайтадан теріс баға беруіне жол ашық. Алай­да ондай ақыл-кеңесі аяқ ас­тында қалып, ескерілмеуі мүмкін. Жоғар­ғы Соттың түсіндіруінше, бұл ко­миссияның шешімдері тек ұсы­нымдық сипатқа ғана ие. Сол се­бепті ол айыптаған судьялардың өзі теріс баға алғаннан кейін бір жыл ішінде жоғары лауазымға қол жет­кізе береді екен. Реформа аясында бұған өзіндік тосқауыл қою көзделуде: кәсіби қызметті бағалау қорытындысы бойынша басқа сотқа ауысты­рыл­ған судья енді 2 жыл бойы міндетті түрде өзінің кәсіби жарамдылығын жаңа жерде дәлелдеуі шарт. Тек осы уақыт өткеннен кейін ғана кон­курс­тарға қатыса алмақ. Әйтпесе, заңдағы олқылықты қара басының қамы үшін пайда­ланатын, жүйені де, елді де алдап соғатын судьядан не қайыр күтуге болады?!

Ақшасыз азаттық жоқ па?

Жалпы, Ата заң және құ­қық­тық тәжірибе бойынша би­ліктің тар­мақтары, яғни Үкімет пен Жоғарғы Сот бір-бірінен тәуелсіз болуы тиіс. Дамыған елдердің басты бір айыр­машылығы да осында. Мысалы, Дональд Трамп АҚШ президенті болып тұрған тұста, оның заңға қайшы шешім­дерінің күшін Жо­ғарғы Сот жойып отырды. Ал Қазақстанда сот жүйесі бә­рібір атқарушы билік орган­дарына тәуелді: бюджет бекіткен сайын судьялар Үкіметке «қол жаяды», өз шығынын шенеуніктер қысқартып тастамауы үшін төл бюджетінің әрбір бабын қорғап қалуға жан салады. Соның кесірінен «сен – маған, мен – саған» тірліктер орын алуы ықтимал. Жаңа өзгерістер аясында Қор­ғаныс министрлігіне ұқсас қағи­датты Жоғарғы Сотқа да қолдану ұсынылып отыр: Қазақстан ЖІӨ-сінің кем дегенде 1%-ын қорғаныс саласына жұмсайтыны белгілі. Одан айырмашылығы сол сот са­ласының бюджеті ЖІӨ-ге емес, барлық мемлекеттік органның жал­пы шығысына телінбек. Осылайша, республикалық бюд­­жетте барлық меморгандардың №001 бюджеттік бағдарламала­рында қарастырылған шығыстар­дың жалпы сомасының 6,5 пайы­зын сот жүйесінің еншісі ретінде бекіту ұсынылып отыр. Сол пайыз көлемінде қанша миллиард жұм­сайтынын да, қандай шараларға қанша ақша бөлетінін де судьялық өзін-өзі басқару органдары (органы судейского самоуправления) Үкі­меттің араласуынсыз, өздері шеш­пек. Тек соттардың бюджет қара­жатын босқа талан-тараж етпей, қаншалықты ұтымды жұмсағанын бақылау Есеп комитетінің құзы­рында қалады. Сонда қанша нақты миллиард туралы сөз болып отыр? Сот жүйе­сін ұстап тұру елге қаншаға түсуде? Ресми мәліметке жүгінсек, №001 бағдарламалары аясында барлық мемлекеттік органдарды жалпы қаржыландыру үшін 2021 жылы 855 миллиард 779 миллион 326 мың теңге бөлінді. Соттар соның 6,5%-ын өздеріне бекітіп беруді сұрайды. Бұл идея өмірге жолдама алса, онда сот жүйе­сіне кем дегенде 55 миллиард 625 миллион теңге тимек. Алдағы жылдары шенеуніктердің шығыны неғұрлым артқан сайын судья­лардың да бюджеті қомақтылана бермек. Айта кету керек, кейінгі жыл­дары олардың бюджеті азайып ке­леді. Мысалы, сот жүйесін респуб­ликалық бюджеттен қаржылан­дырудың жалпы сомасы 2020 жылы 57 млрд 501,3 млн теңге болыпты. Ал 2021 жылы бюджеті қысқартуға ұшырап, 54 миллиард 100 млн теңге бөлінді. Реформа аясында іске асы­ры­латын осы және басқа да жаңа­лықтар «Кейбір конституциялық заңдарға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» жаңа Кон­ституциялық заң жобасында қа­растырылған. Қазақстандық судьялар ресей­лік әріптестерінің жағдайы әлде­қайда жақсы екенін айтып жүр. «Ресей Федерациясының сот жүйе­сі туралы» федералдық консти­ту­циялық заңына сәйкес, соттарды қаржыландыруға бөлінген бюд­жетті Үкімет өз бетінше қысқарта алмайды. Егер секвестр жүргізу өте қажет болса, онда Бүкілресейлік судьялар съезіне ұсыныспен шы­ғады немесе Судьялар кеңесінің келісімін алуы тиіс. Өзге жағдайда сот­тарды қаржыландыру фе­де­ралдық бюджеттен толық көлем­де жүзеге асырылады.  

Елдос СЕНБАЙ