Палаудың еттен несі артық?..

Палаудың еттен несі артық?..

Бүгінде еліміздің кез келген өңірін өзбек, ұйғыр, дүнген асханасы «жаулап алған». Одан кейін ептеп кәріс, жапон, қытай елдерінің ұлттық ас мәзірін ұсынатын мейрамханалар қанат жая бастады. Негізінен, 2000 жылдардың сәніне айналған фаст-фуд өнімдері нүктелерінің көптігі – өз алдына бөлек тақырып. Ал неге Қазақстанда тұтынушыларға қазақтың ұлттық тағам­дарын ұсынатын асхана, дәмхана, мейрамхана жоқ? Әрине, бұл ретте ас беру һәм той жасаудағы табақ-табақ ет асу мен тегеш-тегеш бауырсақ пісірудің жөні бөлек. Біздің айтпағымыз, лағман, палау орталықтарына ұқсатып, өзіміздің ұлттық тағамдарға арналған күнделікті қоғамдық тамақтану орын­дарын ашуға не кедергі?

Басты мәселе бағада болып тұр

Таяуда «Палау мен лағманның қазақтың ет, қамырдан жасалатын ұлттық тағамдарынан несі артық екен?» деген сұрақтың жауабын іздеп, елордадағы лағман, палау орталықтарына бас сұғып көрдік. Шығыс, Еуропа, Италия, қазақ, қытай, өзбек, ұйғыр  асханаларының жиынтығы етуге тырысқанмен, ас мәзірінде көбіне сол палау мен лағман жасауға басымдық бергені көрініп тұр. Жалпы, 70 орынның адам басына орташа чегі 1 500 теңге болады екен. Салыстырмалы түрде алғанда, өзбек, ұйғыр тағамдарының бағасы кез келген тұтынушыға қолжетімді. Мысалы, онда қазы, сарымсақ, жұ­мыртқа, қаракесек ет, сәбіз қо­сылған, 7-8 адамға арналған бір табақ палау – 8 500 теңге. Біздің дәмханаларда болса, сол көлемдегі асылған еттің құны – 30-40 мың теңге аралығында. Әрине, ет палау орталығында да бар. Ондағы 4-5 адамдық бір табағының бағасы – 14 500 теңге. Ал ет, қазы, сарымсақ, өрік-мейіз сынды қоспаға бай «Ханский» деп аталатын бір табақ бренд палауы – 13 500 теңге. Сондай-ақ картоп пен пияз қо­­сыл­ған қара қуырдағы – 1 490 теңге. Лағмандары да сол шамада. Олар­дың чезуру, суантайру, могуру, мошуру және чинсайру, гуйру, суйру, джусай жидан, джусайру лағманы, хауха лағман, Құлжа лағ­ман деген түрлі атаулары бар. Дәмі мен түрінде онша айырма­шылық жоқ солардың. Мысалы, қазақтың әр өңірінде етті әртүрлі асады. Тіпті, суы мол, жері сор батыс жа­ғында балықты да асып береді. Соның әрқайсысына палау, лағман етіп, анадай ет, мынадай ет деп толып жатқан атау қойып тастап, со­­лардың бағасымен әр адамға тә­релкеге салып ұсынуға әбден бо­лады, біздіңше. Ал табақ тарту дәс­түрі – қоғамдық орынның емес, үйдегі қонақасының еншісінде.

Аса берейік десек, ет қымбат...

Қазір элиталы мейрамхананың бағасы өте қымбат. Соған сай жо­ғары санатты жайлылық, таңдау­лы интерьер, ас мәзірінің әр алуан­­­дығымен ерекшеленеді. Ал ортаң­қол мейрамхананың иесіне жы­лына 100-350 мың долларға дейін табыс түседі. Қолы жүргенде 500 мың доллардан да асып жығылуы мүмкін. Сондықтан елімізде та­бысы тұрақты осы салаға ден қою­шылар көп. Алайда нағыз қазақ мейрамханалары жоқ. «Шетелден келген азаматтар қазақтың ұлттық тағамдарының бар-жоғына қызығушылық та­нытты. Көптеген мейрамханалар сұранысқа ие бола алмады. Себебі олардың көбі ұлттық тағамдар негізінде жасалмаған. Ал шетелден келген азаматтар еліміздің мәде­ниеті және дастарқанымен таны­суға асық. Олар алдымен асылған етті сұрайды», – дейді ресторатор Самат Айтенов. Оның айтуынша, еліміздегі мей­рамханалардың көбі тағамда­рын тек шығыстық стильде әзір­лейді. «Нағыз қазақ мейрамха­­на­лары жоқ. Көбі шығыс стилінде тағам әзірлейді. Бірақ бұл – қазақ мәдениеті емес. Ал ұлттық тағамға көшейік десе, бәсекелестікке шы­дас бермейтін ойыншылар биз­неске тез келіп, нарықтан тез шы­ғып жатады», – дейді ресторатор. Осылайша, ұлттық асымызды ұлықтайтын кездің келгені, қазақы мейрамханалардың жоқтығы әң­гіме бола қалса, баз біреулер «қа­зақта ұлттық тағам түрлерінің аз болғанын» алға тартады. Бірақ қа­зақ халқы тек еттің өзінен жентек, түймеш, парша, шұжық, бітеу, бұжығы, жаужұмыр, борша, сырбаз дегендей көптеген тағам түрлерін дайындаған. Әлгіндей палау мен лағманның көп түрі бар десек, қа­зақ қуырдағының да соғым қуыр­дағы, қарын қуырдақ, май қуырдақ, сан еттің қуырдағы, сұр қуырдақ, өкпе-бауыр қуырдағы, қаймақ бұлаған немесе сары май қатқан қуырдақ, бәліш қуырдақ сынды ондаған түрі болған. Медицина ғылымдарының докторы, Тағам­тану институтының негізін қа­лаушы Төрегелді Шармановтың айтуынша, қазақтың ұннан, сүттен жасалған дәмдерін айтпағанда, еттен жасалған тағамдарының өзі өзге ұлт мейрамханаларының ас мәзірін он орап алады. Өкінішке қарай, соны өзіміз ұқсата алмай, ақсатып алып отырмыз. Ұмытыл­ғанын былай қойғанда, ұмытылуға шақ қалған ұлттық ас-дәмімізді жаңғыртып, ұлттық брендке ай­налдырсақ деген тілек бар, бірақ ниет жоқ. Ал Төрегелді Шарма­новтың пайымынша, әр ұлт өзі жаралған топырақта пайда болған тағамды көбірек тұтынуы керек. Қазақ рестораторлары тұты­нушыларына ұлттық тағамда­ры­мыздың фьюжнін ұсынып көрді. Осы мақсатта қазы қосылған сэндвичтер, қара түсті бауырсақтар мен жылқы етінен жасалған са­латтар пайда болды. Мысалы, RUMI палау орталығы бағасы адам басына 2 690 теңге тұратын үй қамыры, жая, қазы, картоп, тұздық қосылған «Бешбармақ фетучини» деген тағам жасады. Қосымша ал­саңыз, оның сорпасы мен құрты 390 теңге болады. Ал SADU пиц­­­цериясы Baursaki neri деген атаумен бір тостағы 850 теңге тұратын қара түсті, ерекше дәмді бауырсақ пісірді. Ол – мейрамхананың бас аспазы Себастьяно Сенезаның гастрономия әлеміне енгізген жаңа тағамы. Бауырсақтың қара болу себебі илеп отырған қамырға ағаш көмір қосылады екен. Сондай-ақ Алматыдағы адам басына орташа чегі 3 500-4 000 теңге болатын, дизайны толықтай қазақи н­а­қыш­тағы «Жайлау» дәмхана­сында пі­с­кен нанның ішіне салып бері­летін сірне – 3 200 теңге, еттің бір тәрел­кесі – 2 000 теңге тұрады. Ал «Шах» мейрамханасында орташа чек – 5 000 теңге. Ас мәзірінен 1 388 теңгеге «Хасып-Асып» атты дәстүрлі қазақ шұжығынан дәм тата аласыз. «Ас­­пандияр Экс­престе» жылқы етінің қуырдағы 1 450 теңге десек, 1 150 теңгеге жая, қазы қосылған қазақ салаты бар. Осы орайда біз тапсы­рыспен алдыратын бір табақ еттің бағасын да бағамдап көрдік. Со­лардың ішінде «Бір табақ сүр ет» деген хабарландыру көзге ерекше түсті. Келісі – 3 500 теңге. Анық­тама­сында «ет сүрлеу тәсілін қайта жаңғырту негізінде қайың, алма ағаштарының қабығы мен дала жусанының иісін сіңіру әдісімен арнайы сүрленген жылқы етін ұсы­натындары» жазылған. Бірақ осының бәрін бір жолға салып алайық десек, оған ішкі нарықтағы ет бағасының қымбат­тығы қолбайлау болып тұр. Бұрын табақ-табақ ет аспаса асқазаны жұбана қоймайтын ағайын қазір қоғамдық тамақтану орнына бар­мақ түгіл, етті үйінде де үнемдеп жеуге көшкен. Өйткені дүкен сөре­леріндегі сиыр етінің өзі әр келісі үшін 2 500-3 000 теңгеден кем емес.

Өзімізде – «қаңсық», өзгелерге – таңсық

«Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы» мен «Отандастар қоры­ның» бастамасымен «Қазақ­тың ұлттық тағамдары – Ұлы дала бренді» жобасы басталған еді. Сон­да қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу, экологиялық таза өнімдерді пайдалану арқылы ұлт денсаулығын нығайту және халықаралық қауым­дастықта қазақ тағам­дарының фран­цуз, итальян, қытай, орыс дас­тарқанымен тепе-тең тұрарлық дәрежесін дәріптеп, лайықты ор­нын бекітуге бағытталған бастама әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан­дастар тарапынан кең қолдау тап­ты. Олардың ішінде мейрамхана ісі саласындағы шағын бизнес саласы 78,6 пайызды құрайтын АҚШ-та қазақ мейрамхананың ашқан қара­ғандылық Фарида мен Жәні­бек Ғаббасовтар бар. Олар қазақтың ұлттық тағамдарын наси­хаттау үшін Catering ашуды Нью-Йоркте оқып жүргенде жоспар­лаған. Ол – ірі компания­ларға арналған қоғам­дық тамақтану орны. «Америкада барлық ұлт өз асханасын ашқысы келеді. Мысалы, Бруклинде өзбек мейрамханасы бар. Бірақ бірде-бір штатта қазақ асханасы болған жоқ. Біз сол олқылықты түзеттік», – дейді Фарида Ғаббасова. Іші де қазақы нақышта безендірілген мейрамханада үнемі қазақ әуендері қосылып тұрады екен. Қазақстаннан Малайзияға оқу­ға барған Данияр Юнусметов көп ұзамай, Куала-Лумпурдан қазақ мейрамханасын ашқан. Ондағы тағамдардың мәзірі ғана емес, ши­­кізаты да ұлттық өнімдерден тұра­ды. Қазы-қарта мен жал-жаяны Данияр арнайы Қазақстаннан алдырады екен. Сондай-ақ Лон­донда жүріп, елдің дәмін сағын­ғандар «Паша» мейрам­ханасына бара алады. Сеулде орналасқан қазақ мейрамханасында ұлттық тағамдардың көптеген түрі ұсы­нылып қана қоймай, онда жұртты ұлттық киімдегі даяшы қыз-жі­гіттер күтіп алады. Париждегі ұлт­тық мейрамхананың иесі – қа­зақстандық заңгер Гаухар Ас­сион. «Қонақтар көбіне ет, манты, па­лауға тапсырыс береді», – дейді ол. Ал Astana – Пекиндегі алғашқы қазақ мейрамханасы. Асылған ет, қазы-қарта ұсынатын ол жер қа­зақтар ғана емес, қытай мен ту­ристердің жиі келетін орнына айналған.

Еркеғали БЕЙСЕН