Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады
5,097
оқылды

Қадірлі отандастар!

Баршаңызды қасиетті Рама­зан айының басталуы­мен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ Ораза айында өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт кө­мекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылады. Ислам дінінің осындай мыз­ғымас рухани құнды­лықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамы­мыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыз­дықтау үшін барлық шаралар жасалуда. Еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талапта­рын сақтауға, Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орын­дауға шақырамын. Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкер­шіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз. Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! Елімізге амандық, әр шаңы­раққа бақ-береке тілеймін!