Рамазан айы құтты болсын!
Рамазан айы құтты болсын!
152
оқылды
Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Бар­лық мақтау Аллаға тән. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Құрметті қауым!

Баршаңызды он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазанның басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыла­ры­ңызға бақ пен береке тілеймін! Жаратушы Жаббар Иеміз әрбір ізгі амалдың сауабы есе­леніп жазылатын берекелі айда ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, оқыған намазымыз­ды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың берген садақаларын қабыл еткей! Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбие­лейтін, адамды тақуалыққа үй­ре­тетін ай. Аштық пен шөлге төзіп, Алла разылығын алуды шынайы ниет еткен адамға берілетін сый мен құрмет ерекше болмақ. Алла Тағала Құдси-хадисте: «Аузы берік адам ішіп-жеуін Мен үшін доғарды. Ораза – Мен және құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеу себебінен шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де қайырлы» деген.

Қадірлі жамағат!

Бүгінде Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасы «Ихсан ілімін» кеңінен насихаттап ке­леді. Ихсан – пенденің иманын бекемдеп, құлшылыққа деген құлшынысын арттыратын, адам­гершілікке тән игі қасиеттерді кемелдендіре түсетін рухани ілім. Бұл – әр амалды көркем түрде орындауға үйрететін ілім. Осы ретте рухани кемелдену айы – Рамазанда барынша әдепсіз әрекет пен қате-кемшіліктен ары­лып, тұла бойымызда көркем мінез құндылықтарын қалыптас­тыруға тырысқанымыз абзал. Алла Тағала жер бетінен жұқ­палы індетті жойып, адамзатты қауіп-қатерден аман еткей. Әмин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти