Орның бөлек, Рамазан!
Орның бөлек, Рамазан!
319
оқылды

Айлардың сұлтаны Рамазан да келіп жетті. Бір жыл бұрын қи­­­май қош айтысқан мұсылман қауым үшін бұл – зор қуаныш. Әрі бұл айдың қасиеті сонда – құл­шылық қылушы пендеге Алла­­ның тарапынан сансыз сауап­­қа қоса, жеңілдік те бе­ріле­ді. Олай дейтініміз, жай кү­­ні тез шаршап, түскі ассыз жүр­­сек қарын ашатын болса, Ра­­мазан айында күшіміз де ор­нын­да, денсаулық та қал­пын­­да тұрады. Ғалымдар тіп­ті ауыз бе­кітудің пайдасын дә­лел­деп, та­лай мәрте зерттеу жұ­мыс­тарын жасаған. Осы ора­й­­да бір­неше жылдан бері үз­­бей ауыз бекітіп, қиындыққа қа­­ра­­­мастан ораза ұстап жүрген ерек­­ше кейіпкерлер іздеген едік. Әсерлі әңгімелерін на­за­рыңыз­ға ұсынамыз.

50 жылға жуық уақыт ораза ұстап келе жатқан Нағым мырза

Әлем халқының 24,5 пайызы­ның, Қа­­зақстан азаматтарының 70 пайы­зының діні – ислам. Әлбетте, бар­лы­ғы дерлік мұсылмандық шартын то­­лық орындамауы мүмкін. Сол сияқ­­ты Рамазан айындағы парыз етіл­­ген оразаны да барлығы бірдей ұс­­тай бермейді. Дегенмен Алматы ор­­­­талық мешітінің наиб-имамы Ер­­­мек Көкірекбаевтың айтуынша, тәуел­­сіздік алған тұспен салыс­тыр­ғанда, бізде дінге бет бұруда жағым­ды тенденция бай­қала­ды. «Егемен­дік алған жылдары мешіттерде жа­мағат саны 5-10 адам болатын. Ал қа­зір іші-сырты толы. Олар түгел дерлік ораза ұстайды. Содан-ақ иман­ға бет бұрып, дәстүр­лі жолды ұста­натын азаматтар саны өскенін байқауға болады. Әрі жама­ғат ара­сында жастар өте көп екені қуан­тады», – дейді наиб-имам. Талай жылдан бері ораза ұстап жүрген кейіпкерлер іздегенімізде жарты ғасырға жуық уақыттан бері Рамазандағы құлшылықты орындап жүрген Нағым Нұрмұханбетовті тап­тық. 69 жастағы кейіпкеріміз ораза ұстауды студент кезінде баста­ған. Кеңес Одағының қиын кезеңіне қарамастан ауыз бекіткен Нағым аға сол кездерді есіне алды. «Біз алғаш ораза ұстауды сонау Кеңес Одағы кезінде бастағанбыз. Дегенмен ол уақытта Рамазанның қашан баста­латыны туралы ақпарат ашық жа­рия­ланбайтын. 1973-1974 жылдары студентпін. Әйтеуір бір жерлерден Рамазан айы жайлы ақпараттарды көріп қалатынбыз. Содан дереу ауыз бекітуге ниеттенетінбіз. Бірақ ол кез­дері ораза жайлы толық мағлұмат бол­мағандықтан, жақсы-жаманын аса біле бермейміз. Тіпті, бастапқы кез­дегі ораза ұстау тәртібіміздің дұ­рыс не дұрыс емесі бір Аллаға аян. Кем-кетігімізді кешіріп, сол кездегі ниетімізді қабыл етсін деп тілеймін. Бұлай дейтінім, қазіргі жағдаймен салыстырып қарасақ, арасы тым алшақ екенін байқаймын. Әлбетте, Кеңес уақытында уағыз айтатын адам да, кітап та жоқ. Сондай жағ­­­дай­да ораза ұстауды бастаған едік» деп бастады әңгімесін Нағым Нұр­мұхан­бетов. Рамазанға қатысты болсын, жал­пы дін ұстануда мол білім алу қа­жет. «Ораза ұстаған адам оның па­рыз-сүннетін толық білуі тиіс. Сон­дықтан діни сауат аса қажет. Алла Тағала «білім алу – парыз» дей­ді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «жер бесіктен тал бесікке дейін бі­лім іздеңдер» дегені тағы бар. Ораза ұстай­тын уақыты келген мұсылман білі­мін молайтып, мешітке келіп, ҚМДБ қызметкерлерінен сабақ ал­ға­ны жөн», – дейді Ермек Жамбыл­ұлы. Әлбетте, оразаны қадір-қасиетін түсініп, парызын ұғыну қажет. Әйт­песе, оның кәдімгі ашығудан айыр­ма­сы болмай қалады. Рамазанды ай­рықша ететін де – осы еселенген сауа­бы бар амалдар. Нағым Нұр­ма­ханбетов Рамазанды ерекше жақсы кө­ретінін айтты. «Бұл айдың ерек­шелігі мол. Әдетте күндіз ішетін та­­ма­­ғымызды түнде ішеміз. Деген­мен ораза – бірінші кезекте нәп­сімен күрес. Көзбен, сөзбен жа­сай­тын көп күнәдан тыйыла алсақ, маңыздысы – сол. Рамазан – Ал­ла­ның сыйы. Осы айда қаншама жақ­сылық пен сауап бар. Оның барлығы есе­ленеді. 83 жылдың сауабын сый­лайтын Қадір түні де Рамазанда. Сол себепті мұсылман баласы бұл айды құр жіберіп алмауы керек. Бас­тысы, ниетті дұрыстау деп ойлай­мын. Мейлі ол жаздың ыстық әрі ұзақ күніне сәйкес келсе де, соған көну міндет. Екіншіден, ондай қиын­дықпен ұсталған оразаның сауа­бы көбірек», – дейді.

Рамазанның арқасында сабырлы бола түстім

10 жылдан астам уақыттан бері ора­за ұстап жүрген Наташа Қара­ба­тырова басынан өткен оқиғаларды есіне алып, Рамазанның ол үшін қан­шалықты маңызды екенін айтып берді. «Шыны керек, ең алғаш ұста­ған жылым анық есімде емес. Де­ген­мен тамыз айына сәйкес кел­ге­нін білемін. 10 жылдан астам уақыт бол­ған шығар. Ол кездері ауылы­мыз­да бірлі-жарым адам ғана ауыз бе­кітетін. Есімде, «кім ораза ұстап жа­тыр?» дегенде кей жылдары екі, кей­де үш адам болатын. Бәлкім, ол кез­де Рамазанның қасиеті жайлы ақ­парат аз болған шығар. Басында ұста­ған кезде ыстық кезге тап келіп, шөл­деп, әлсірейтінмін. Соған қара­мастан өзімді барынша сабырға ша­қыратынмын. Одан кейінгі жылдары бойым біртіндеп үйрене бас­тады. Мәлімет аз болғаны сон­ша, іздеп жүріп оқитынбыз. Бірде мынадай қызық оқиға болған. Өзім фельдшермін. Ауырып шақырған­дардың үйіне барамын. Ауылдық жер болғасын бәріміз бір-бірімізді танимыз. Аузым берік екенін айтуға қы­сыламын. Ал барған үй «нан ауыз ти» дейді. Ем-домды жасап, қолым­ды жуып, кетейін деп жатқанда нан әкелді. Ойымда ештеңе жоқ, үзіп жеп алдым. Сөйтіп, енді үйге кел­ген­нен кейін «бүгінгі оразам қаза болатын болды» деп қатты уайым­дадым. Ондай жағдайда не бола­ты­ны жайлы іздеп, қарасам, байқамай желінген тамақ оразаны бұзбайды екен. Содан көңілім орнына түсті. Осы­дан бес-алты жыл бұрын ауы­лымызға жүкті келіншек қыдырып келді. Ауылдың адамы болғанымен, облыста есепте тұр екен. Аяқасты тол­ғағы келіп, аудан орталығына алып кеттік. Ол жақ қабылдамай, де­реу облысқа кеттік. Мен жанында қадағалап отыруды мойныма ал­ғанмын. Күн болса ыстық. Көліктің іші одан бетер. Басында облыс ор­талығына кетуіміз мүмкін деп ойла­мағам. Содан не керек, ауыз ашатын уақыт таяп қалды. Ал біздің жететін түріміз жоқ. «Ауыз ашуға асығың­дар» деген бар. Сөйтіп, жанармай бекетіне тоқтап, сол жерде ауыз аш­қанмын. Рамазан адамды сабыр­ға тәрбиелейді екен. Күнделікті күй­бең тіршілік адамды қажытып, ашу­шаң ететіні бар. Ал оразаның ар­­­­қасында сабырлы бола түсесің. Со­ны ұқтым. Ал денсаулыққа пай­да­сы екібастан белгілі». Қазір ауыл­да ораза ұстайтындардың қатары көбейді. Жастар да көп. Өз басым Рамазанды сағына күтемін. Дәрігер болғандықтан, денсаулықтың маңызын жақсы түсінемін. Сол үшін отбасым, елім үшін үнемі аман­дық тілеп, дұға етемін. Тек Ра­мазан айында емес, амандық сұрау әдетіме айналды. Науқастарға да жылы сөз айтып, көңілін аулаймыз. Қа­рап отырсақ, осының бәрі ислам­да бар», – дейді Наташа Қа­ра­­­ба­тырова. мешіт

Ергеннің есінде ерекше қалған қасиетті ай

Балиғат жасқа толған кезден ауыз бекіту – бақыт. Оң-солын біл­мей­тін балаға діннің көркем тұст­арын, мерекеге толы сәттерін көр­сету арқылы исламға шақыру әдісі ең ұтымды әдістің бірі саналады. Өйт­кені дінде зорлық болмайды. Жа­сөспірім кезден ораза ұстаған­дар­дың бірі – Ерген Әшкей. «Ал­ғаш­қы ораза ұстағаным есімде. 1993 жы­лы 14-15 жастағы жасөспіріммін. Көк­тем кезіне сәйкес келген. Ба­лалығымыз бар, көп нәрсені біл­мейміз. Ұстаған алғашқы күні «кеш­ке ауызашарда тамақтанамыз» деген еді. Біз күнделікті кешкі ас секілді бо­лады деп ойладық. Сөйтсек, мүл­дем басқа – түрлі тәтті тағамға толы дастарқан. Сонда «Рамазан не деген ке­ремет?!» деп ойлағанбыз. Күте­тіні­міз – ауызашар. Күн болса, ұзай береді. Сол бірнеше минуттың өзін жүктеме көретінбіз. Қарап отырсам, бала болыппыз. Ол кез тәуелсіздік алған жылдар ғой. Қаламыздың аты да Целиноградтан енді ғана Ақмо­ла­ға ауысып жатты. Алғашқы Ораза айт намазы қазіргі Жастар сарайын­да болғаны көз алдымда. Түркиядан үлкен ұстаз келіп, Айт намазын оқы­ған. Мешітіміздің қасында мед­ресе бар. Таңертең – мектепте, түс­тен кейін медреседе оқимыз. Сол мед­ресе шәкірттерін басымызға сәл­де тағып, төрге отырғызған еді. Сол жерде айттың салауатын айт­қыз­ғаны есімде. Адам қарасы көп болды. Қателеспесем, қаладағы ең алғаш­қы Ораза айт сол кезде болған сияқты. Біздің салауат айтқаны­мыз­ды көрген үлкендер риза болып, маң­дайымыздан иіскеп, қалтамызға ақша салды. Сол кездегі «Ақмола ақиқаты» газетіне сәлдемен отырған су­ретіміз басылып шыққан. Біз сияқ­ты балаға Рамазанның берекесі солай есте қалған. Содан бері үзбей ауыз бекітіп келе жатырмыз. Қазір Рамазанды бала-шағамызбен түгел күтеміз», – дейді кейіпкеріміз. Әркімнің есінде ерекше сақта­ла­тын Рамазан болады. Ол белгілі бір оқиғалармен байланысып, жа­ды­мызда сақталып қалады. Ерген Әшкей өзінің айрықша Рамазаны туралы былай дейді: «Ойланып отырсам, студент кездегі ораза айла­рым ерекше екен. Бес жыл универ­ситетте оқығанда жігіттер болып, пәтер жалдап тұрдық. Былайша айтқанда, жамағат болып ораза ұстай­мыз. Әрі жоспар құрып, құл­шы­лыққа ден қоюды мақсат ететін­біз. Ауызашарды кезекпен жасай­мыз. Керемет кездер болатын. Одан соң, өткен жылғы ораза да ерекше есте қалды. Отбасыммен былтыр пан­демияға байланысты тарауих на­мазын үйде оқығанбыз. Бала-ша­ғама оразаның қадір-қасиетін түсін­діруге мол мүмкіндік болды деп есеп­теймін».

Әли аспаз үшін ораза еш қиын емес

«Ақырзаман жақындағанда дін ұстану қолға шоқ ұстап тұрғанмен бір­дей болады» деген бар. Сон­дық­тан күннің ыстық-суығына қара­мас­тан, шариғат шарттарын ұста­нып, Алла разылығы үшін ауыз бе­кі­те­тін болса, Алланың тарапынан үл­кен сауапқа кенеледі. Қанша шөл­деп тұрса да, ауыз бекіткенге – 10 есе, Рамазанда 700 есе сауап бе­рі­леді. Алла Тағала «Пенденің на­маз, са­дақасы – өзі үшін, ал оразасы – мен үшін» дейді. Сол себепті Әлем­дердің раббысы оның сыйын өзі беретінін айтады. О дүниеге бар­ғанда Алла Тағала әркімнің ақысын бір-бірінен алады. Яғни, біреуде ақысы кетсе, орнына сауабын алады. Бірақ ора­засының сауабы ешкімге беріл­мейді екен. Пенденің өзінде қалады. Сон­дықтан мұндай сауапты құр жібер­меген абзал болады», – дейді Алма­т­ы орталық мешітінің наиб-имамы. Жұмысының ас әзірлеуді, яғни сыртта жүруді талап ететініне қара­мастан, Алла разылығы үшін ауыз бекітетін жандарға құрмет ерекше. На­ғыз нәпсімен күрестің бір көріні­сі. Сондай жандардың бірі – аспаз Әли Сыздықбек. «Оразаны 12-13 жа­сымнан бастап ұстап келемін. Ра­мазанда ғана емес, өзге күндері де нәпіл ораза ұстауға тырысамын. Аспаз болып жұмыс істеймін. Әри­не, тамақтың тұз-бұрышын тексеру үшін тілдің ұшына ғана тигізіп, жұт­пастан түкіріп тастаймын. Тіпті, талай жылдық тәжірибенің арқа­сында көз мөлшерге де үйреніп кеттім. Бірақ көп ас әзірленетін­дік­тен, қайта-қайта дәм тата берсеңіз, тәбет ашылып кетеді. Сөйтіп, нәп­сімен күрес басталады. Оған беріл­меу үшін иманды күшейту маңызды. Кейбірі аспаз болғанын сылтаура­тып, оразадан қалып жатады. Ме­нің­ше, бұл уайымдайтын дүние емес. Қайта парыз етілген құлшы­лық­ты ысырып қойса, ойлану ке­рек. Өйткені мұсылман үшін парыз мәсе­лесінде жұмыс кедергі болмай­ды», – дейді Әли.  

Ораза туралы деректер

  • Бұл айды бекерден-бекер қасиетті деп атамайды. Әлбетте, Рамазан­ның барлық қасиетін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен ең басты артық­шылығы – Рамазан айында 83 жылдың сауабына тең келер қасиетті Қадір түні бар. Сондай-ақ Алла Тағала Рамазан айын Құранның түсірілуіне лайық ай ретінде таңдап, осы айды Құран арқылы ерекшеледі. Сол себепті бұл ай­ды «Құран айы» деп атау кеңінен тараған.
  • Айлардың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазанның адамзатқа ру­хани, әлеуметтік және медициналық жағынан пайдасы зор. Бұл айда күндіз ора­за тұтқаннан кейін, кешкісін құптан намазынан соң, 20 рәкағат тарауих на­мазы оқылады. Тарауих сөзі «дем алу, демалыс» дегенді білдіреді.
  • Соңғы деректер бойынша, әлемде 1,9 млрд адам ислам дінін ұста­на­ды. Олар тұрғылықты жеріне байланысты Рамазан айында оразаны әр­түр­лі уақытта ұстайды. Мысалы, Аустралия мұсылмандары 9 сағаттай ауыз бекітетін болса, Швеция, Исландияда ораза ұзақтығы 20 сағаттай. Қай елдің тұрғыны болсаңыз да, Рамазан кезінде жергілікті уақыт бойынша ора­за ұстайсыз.
  • Мұсылман күнтізбесі «һижри» деп аталады. Күнмен емес, аймен есеп­телетіндіктен, біздің қазіргі жыл санағымыздан біршама ерекшеленеді. Ра­мазан айының да уақыты жыл сайын өзгеріп отыратын себебі – осы. Жаңа туған ай көрсеңіз, ай басталды деген сөз. Қасиетті айдың басталуы жыл сайын 10-11 күнге алға жылжып отырады.
  • 2016 жылғы ораза соңғы кездегі ең ұзақ ораза ретінде белгілі. Өйткені сол жылғы Рамазанда жылдың ең ұзақ күні 22 маусым болды. Ал 2017 жыл­дан бастап алдағы 16-17 жыл бойы ораза уақыты біртіндеп қысқара бере­ді.
  • Америкалық ғалымдар «Рамазан эффектісінің» экономикаға әсерін зерттемек болған. Шариғаттың қатаң талабын сақтау еңбек өнімділігіне кері әсер беріп, ЖІӨ көлемін 0,7 пайызға төмендететіні белгілі болыпты. Деген­мен оразадан соң мұсылмандар жан дүниесінің байып, кемелденіп қалады екен. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандар иманын күшейтуді мақсат етіп ораза ұстағандықтан, өздерін бақытты сезінетіндерін айтқан.
  • Мұсылман елдеріне Рамазан айында қыдырып баратын болсаңыз, біраз шектеу барын ұмытпаңыз. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде мейрамханалардың жұмыс уақыты өзгеріп, ішімдік сататын кейбір жерлер мүлдем жабылады. Бір ай бойы көңіл көтеретін бағдарламалар да шектеліп, дүкен, банк не басқа да қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелердің жұмыс тәртібі өзгеруі мүмкін.
  • Бұл айда «пітір садақа» беру керек. Ол һижреттің екінші жылы, Ра­мазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын, пітір са­дақа уәжіп болды. Сол себепті әрбір есті азамат пітір садақасын беруі қа­жет. Пітір садақаның мөлшері екі келі ұнның бағасымен өлшенеді. Биыл­ғы мөлшер – 420 теңге. Айтпақшы, садақаны Kaspi.kz мобайл қосымшасы арқылы төлеуге болады.
  • Биыл Қадір түні мамыр айының 8-нен 9-на қараған түнге бекітілген. Де­ген­мен оның нақты қай түн екенін тек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білген. Алай­да әр істі белгілі бір хикметпен жарататын Алла Тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оны ұмыттырған. Ал бізге жеткен хадистерде Рамазан айының соңғы он күнінде, оның ішінде тақ санды күндерде, тіпті айдың 27-де делінген.
  • Ораза алғашқы күндері ғана қиын көрінеді. Өйткені ағзаңыз ауыз бекіткен режимге әлі үйреніспеген. Сондықтан басында әлсіздік болуы мүмкін. Ал алғашқы апта өткен соң денеңіз үйрене бастайды. Арада екі апта­дай уақыт өткеннен кейін ауыз бекіту тіпті жеңілдейді. Кембридждегі Адденбрукс ауруханасының дәрігері Разин Маруфтың айтуынша, күн­делікті өмірде біз тым көп калория аламыз. Ол ағзаның қалыпқа келу сынды фун­кцияларын атқаруға кедергі келтіруі мүмкін. Осы дисбаланс ораза кезін­де реттеледі екен. Ал 16 күнінен кейін ағзамыз толық бейімделеді.
  • Айтқандай, оразаның адам денсаулығына пайдасы ғылыми тұрғыдан да дәлелденген. Дегенмен Рамазан айындағы ораза – диета, яғни ден­сау­лық­ты қалыпқа келтіру үшін емес, құлшылық үшін. Осыны басты назарда ұстауыңыз керек.
  • Ораза басқа діндерде де бар. Мысалы, православтар, католиктер мен яһу­дейлер де ауыз бекітеді.
  • Рамазанда жайылған ең ұзын дастарқан рекорды Египетке тиесілі. 7 мың адамның басын біріктірген ауызашар Гиннес рекордтар кітабына енген бо­ла­тын. Үстелдің ұзындығы – 3 км, 189 м және 83 см. Бұған дейінгі рекорд Адж­ман әмірлігі ұйымдастырған 2 900 метрлік дастарқанның еншісінде бол­ған.
  • Бурдж-Халифа – әлемдегі ең биік ғимарат. Оның биіктігі – 828 метр. Бұл үйдің ең жоғары қабатында тұратындар күнді басқа тұрғындарға қарағанда бірнеше минутқа ерте көреді. Сондықтан БАӘ-дегі ислам істеріне қатысты департамент бұл жағдайды былай шешті: 150-қабаттан биік тұратын тұрғындар оразаны белгіленген уақыттан үш минутқа кеш аяқ­тауы тиіс. Ал 80 мен 149-қабатта тұратындар екі минутқа кеш аяқтайды. Одан төмендер оразаны кесте бойынша ұстайды.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР