Көше атауы көршінің шымбайына батты
Көше атауы көршінің шымбайына батты
189
оқылды

Павлодар қаласының мәс­лихаты 7 сәуір күні 23 көшенің атауын ауыстыру туралы ше­шім қабылдаған еді. Бұл жайт РФ мемлекеттік дума­сының депутаты – Либераль­ды-демократиялық партия­ның керіауыз көсемі Владимир Жириновскийді күндіз күл­кі­ден, түнде ұйқы­дан айырғанға ұқсайды. Үс­тіне жабу тұр­майтын қисық түйедей қыңыр саясаткер тағы да қабарып сөйледі.

Керауыз саясаткерлерге тойтарыс беру қажет

 «Павлодар қаласында 30 көшенің атауы өзгертілмекші: орыс атауларын қазақшаламақшы. Сендер өздерің қала салып алың­дар да, соған қазақша атау бе­ріңдер, бөтен қалада нелерің бар? Петр I-дің кезінде мұнда тұз өн­діру­шілерді қорғау үшін Коряков форпосты тұрған. Бұл жерде еш­қандай мемлекет болған жоқ, құладүз қу дала еді, көшпенділер әрлі-берлі көшіп жүрді. Қайдағы Қазақстан, ...сендер 300 жыл бұрын қайда болдыңдар? Бұл жерде жоңғар тайпалары өмір сүрді»,– деді Жириновский түтігіп. Қызылкөз әулекінің айтуын­ша, «адамзат баласы тарихты ұмы­тып, қазақтар мұның бәрі өзінде тегін қалады» деп ойлайды екен. «Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі, орыс кеңістігі өзінің шекараларын қайтадан қалпы­на келтіреді, сосын тәртіп орнатады», – деді ол бүлк етпестен. Бұл Жириновскийдің қазаққа көрсетіп отырған бірінші құқайы емес, мұндай тасыраңдықтың та­лайын естігенбіз. Былтыр желтоқ­сан айында мемлекеттік думаның білім және ғылым комитетінің төрағасы В.Никонов Ресейдің федералды бірінші арнасынан «Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңес одағының берген үлкен сыйлығы» деп сандырақтаған еді. Осы мәлімдемеден кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресей­дің уақытша сенімді өкіліне нота табыстаған. Никоновты думаның тағы басқа депутаттары – Е.Федоров пен тағы осы Жиринов­ский қоштаған. Одан кейін РФ президентінің көмекшісі В.Медин­ский де «қазақтың жері – Ресейдің меншігі» деген сипатта ұлттың намысына тиетін бірде­ңе­лерді шатпақтады. Бірақ олардың бірде-біреуіне біздің құзырлы органдар тарапынан ресми жауап болған жоқ. Владимир Жириновский бұған дейін 2014 жылы 23 ақпан күні Мәскеудегі митингіде сөйлеген сөзінде Орта­лық Азиядағы мем­лекеттерді тәуел­сіздіктен айыру керегі тура­лы пікір білдірген. Саясаткердің бұл мәлімдемесін «Россия 24» арнасы тікелей эфирде көрсетті. «Орта Азияда ешқандай мемлекет жоқ. Ортаазиялық федералды округ, оның басты қаласы – Верный», – деген бо­латын. Бұл бейбастықтары үшін осы күнге дейін Қазақстанда оның үстінен қылмыстық іс қоз­ғап, нон грат персоны деп жа­рия­ланбағаны түсініксіз.

Көкейтесті мәселеге салғырт қарауға болмайды

Көтеріліп отырған мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың пі­кірін білген едік. «Біріншіден, тарихқа келетін болсақ, қазақтың өмір сүру ареалы Қазақстанның ресми аумағынан да ары жатыр: Саратов, Астрахан, Орынбор, Түмен, Омбы, Алтай өңірі. Сонымен бірге ол көрші Өзбекстанда да, басқа елдерде де бар. Бұл бізге басқа елдерге қырын көзбен қарау үшін ешқандай ар­тықшылық бермейді. Бірақ қазақ­тың дәстүрлі өмір сүру ареалының негізгі тірегі Қазақстан екенін бі­леміз. Ал қазір Ресей саясатшы­ларының қазақтың жеріне көз тігуі екі мемлекет арасындағы Тату­лық және достық туралы ке­лісім­шартқа сәйкес келмейді. Ол құжаттың 2-бабында «Қазақстан мен Ресей бір-бірінің шекарасын мойындайды және құрметтейді» деп жазылған. Біз белгілі бір пікір айтқан кезде осы халықаралық құ­қық нормасы тұрғысынан айтуы­мыз керек. Бұл нормада Қа­зақстанның бүкіл аумағы шеген­деліп, жақын көршілеріміз ғана емес, БҰҰ барша мемлекеттері та­ра­пынан мойындалған. Сон­дық­тан жоғарыдағы сөздер әді­лет­сіз әрі халықаралық нормаға сәй­кес келмейді және ең негізгісі ол – Ресейдің ішкі аудиториясына бағытталған популистік сөздер. Бүгінде қоғам, құзырлы органдар мұндай сөздерге нақты дәлелді, тарихи негізделген жауап беріп отыруы қажет. Дегенмен де сырт­қы істерге қатысты мәселелерге Мемлекет басшысы, Сыртқы істер министрлігі және сол елдегі елшісі пікір айта алады», – дейді Ерлан Саиров. Сонымен қатар ол екі елдің арасындағы кикілжіңді жайттарға байланысты ғылыми, тарихи, бас­қа да форумдар жасау қажет еке­нін айтты. «Өйткені тарихты көп адамдар білмейді, осыны екіжақ­ты түсінісуіміз қажет», – дейді Мәжіліс депутаты.

Тарихи атауларды қалпына келтіру – уақыт талабы

Жалпы, елдің, жердің тарихи атауларын қалпына келтіру, оның ішінде қала атаулары мен көше­лерін қазақыландыру мәселесі тәуел­сіздігіміздің алғашқы жыл­дарынан бастап қолға алынды. Әлбетте, бірқатар аймақта бұл үр­діс қатты қарсылықтарға ұшы­ра­ғанын жақсы білеміз. Бірақ ұлттық болмысымызға қайтып оралу, әділеттілікті орнату үшін бұл процестер үздіксіз жүргізіле беруі тиіс. 90-жылдары Гурьев – Атырау, Шевченко Ақтау болып өзгерді, ал Алма-Ата – Алматы, Чимкент – Шымкент, Кокчетав – Көк­шетау, Боровое – Бурабай, Усть-Каменогорск – Өскемен, Семипа­латинск Семей кейпіне еніп, қазақы «шекпен» киді. Алай­да тәуелсіздігімізге 30 жылдан асса да, басқа ірілі-ұсақты елді мекен­дерді айтпағанда, солтүстік өңір­лерде атауын өзгертуді қажет ететін жер-су мен қалалар бар. Қоғамның бір бөлігі қанша талап еткенімен, Павлодар мен Петро­павловскінің атауын өзгерте ал­май-ақ қойдық. 2008 жылы Петропавловскіні Кызылжар деп атауға қатысты қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырған бастама аяқсыз қалды. 2010 жылы Пар­ламент Мәжілісінің экс-депутаты Жарасбай Сүлейменов ол туралы Премьер-Министрге жолдаған сауалы да билік тарапынан қолдау таппады. Әлдебіреулер «әулие Петр мен Павелдің» атынан айы­рыл­ғысы келмейтіндей көрінеді. Әлде бұл істе сақтық қажет пе, кім білсін?! Дегенмен қазіргі саяси жағдай осыдан он жыл бұрынғымен са­лыс­тырғанда көп өзгерді. Ресейдің көрші елдерге қарсы ұстанып отырған басқыншылық әрекет­терінен кейін, әсіресе дума депу­таттарының соңғы кездері қазақ­тың жеріне көздерінің сұғын қадауын үдете түсуіне байланысты көпшілік «советтік мұралардан» неғұрлым ерте құтылу керек екенін жақсы түсіне бастады. Сол себепті алдағы күндердің енші­сінде Рудный, Лисаковск, Сергеевка, Державинск, Щучинск, Степняк, Степногорск, Курчатов, Форт-Шевченко, Сарань, Приозерск, Шахтинск және басқа да қалалардың атауын ауыстыру мәселесі тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 қаңтардағы «Тәуел­сіздік бәрінен жоғары» атты ма­қаласында тарихи атауларды қайтару көпшілік қазақстан­дықтардың тілеуі деп ресми түрде мәлімдеуінің өзі мемлекеттің осы саясатты ұстанып отырғанын нақты білдіреді. Сөйте тұра, Павлодардағы 23 көшенің атауын өзгертуіміздің өзі терістіктегі көр­шінің қитығына тигеніне қарап, бұл процестердің оңай­лықпен жүзеге аспайтынын байқап отыр­мыз.

Көше атауларын ауыстыруды көпшілік қолдады

Ал Павлодардағы 30 көшенің атауын ауыстыру тақырыбына қайтып оралсақ, ол 3 сәуірде бүкілқалалық тыңдауда өткен. 7 сәуірде қалалық мәслихат 23 көшенің атауын өзгерту туралы шешімді бірауыздан қабылдады, қалған 7 көшенің мәселесі кейінге қалдырды. Енді аталған құжат республикалық ономастикалық комиссияның құзырына жібері­леді. Егер Қазақстан Үкіметі бұл өзгертулерді мақұлдаса, ол облыс­тық мәслихаттың қарауына келіп түседі. Көшелердің көрсеткіш тақталары демеушілердің қаржы­сымен жаңартылатын болады. Осы жерде Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Игорь Веретновтың сөзін келтіре кетуді жөн көрдік: «Облыс орталығының көше атауларын өзгерту ісі аяқ астынан туындап отырған жоқ. Қоғамдық ұйымдар, қалалықтар бұл мәселені көптен бері көтеріп келеді. Олардың ұсыныстарын қарауға бірталай уақыт кетті, оның үстіне мораторийдің жария­лануы да қолбайлау болды. Біз өңірді дамытуға, қаламыздың ғылымы мен білімін, мәдениетін көтеруге үлес қосқан адамдарды ұмыт­пауы­мыз керек. Көпшілік бұл атау­лардың кімдерге беріліп жатқа­нына көңіл аударуы тиіс. Мәселен, Мира көшесіне – Олжабай ба­тырдың, Набережныйге – Шоң бидің, Циолков­скийге – Бауыржан Момышұлының, Тепловаға – Бөгенбай батырдың, тағы басқа даңқты тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныстар түсті. Бір сөз­бен айтқанда, көшелердің атауын өзгерту – ол заман талабы», – деді депутат. Оның айтуынша, қалалықтар бұған түсіністікпен қарауы тиіс. Өйткені бұл қазақстандықтардың рухани дамуы үшін өте қажет. Ал Павлодардың атауын өзгерту – халықтың ата-баба мұрасына деген адалдық пен ұлттың мәдени болмысын одан да биік деңгей­лерге көтере түсері анық. Себебі бұл процестер тәуелсіз мемле­кетіміздің іргетасын нығайтуға бағыт­талған шаралар.

Дәулет АСАУ