Шымкентте 33 гектар жер мемлекетке қайтарылды
Шымкентте 33 гектар жер мемлекетке қайтарылды
137
оқылды

Кез келген дүниенің сапалы болуы маңызды. Әсіресе, құрылыс жұмыстарының сапасы салынып жатқан ғимараттың немесе құрылыс­тың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда әрбір өңірдің әкімдігіне қарасты арнайы басқарма жұмыс істейді. Шымкент қаласының Қала­лық орта сапасы және бақылау бас­қармасына жүктелген жұмыс көп.  Біз басқарма басшысы Ғалымжан Өтен­баевтан қала аумағында жүріп жат­қан құрылыс нысандарындағы заң талаптарының орындалуын қада­ғалау барысы туралы сұрағанбыз.

– Біздің міндетімізге мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы ғана емес, құзырымызға әкімшілік-құқықтық және лицензиялау, жер инспекциясы, газ инспекциясы мен тұрғын үй инспекциясы да кіреді. Оның ішінде газ инспекциясы енді құрылып жатыр. Бұдан былай пәтерлеріне заңсыз газ құрып алғандарды, жылуды өшіріп, газ колонкасын қоятын­дарды және мұржа тексеретін мекеменің жұмысын қатаң қадағалайтын боламыз. Елімізде кейінгі кездері осындай олқы­лықтардың салдарынан болып жатқан қайғылы оқиғалар бізге сабақ болуы тиіс.  Жуырда біз осы мәселе бойынша қалада зерделеу жұмыстарын жасадық. Газ пайдаланушылардың 25 пайызы ғана ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуші мекеме­лермен келісімшарт жасаған екен. «Газ  және  газбен  жабдықтау  туралы» заңның 19-бабының 3-тармақшасына сәйкес тұрғындар тұрмыстық газды пайдалану барысында аттестатталған, мамандан­дырылған мекемелермен (ВДГО)  өздеріне тиесілі газ жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті. Сондықтан биылғы жылыту маусымы аяқ­талған­нан кейін, қала аумағында техника­лық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын компаниялардың  (ВДГО) жұмыстарына талдау жұмыстары жүргізіліп, үйме-үй аралау арқылы ішкі газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, желдеткіш каналдарын және мұржаларды тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, қала аумағында орталық газ жүйесіне қосылған 192 780 абонент бар. Оның  85 243-і көпқабатты тұрғын үйлер бойынша, 100 362 абонент жеке сектор. Қаладағы газ жүйелерінің ұзындығы – 6,9 мың шақырым. – Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында тұрғын үйге ерекше тоқталды. Онда тұрғын үй қорын күтіп ұстау және сақтау бойынша жаңа басқару жүйесін енгізуді, яғни мүлік иелерінің бірлестігін құруды ұсынды. Бұл жұмыстардың Шымкент қаласында ат­қарылуы қай деңгейде? – Иә, тұрғын үй инспекциясы бойынша жаңадан заң күшіне енді. Меншік иелерінің бірлестігі құрылып жатыр.  Қазір қаламызда 14  үйде мүлік иелерінің бірлестігі 69 жай серіктестік құрылды. Бұл мәселе қала әкімінің басты назарында тұр.  Ал жалпы кондоминум нысаны ретінде 1 672 үй тір­кел­ген. Осы тұста айта кеткім келіп отыр, бас­қарма қала аумағындағы лифтілерді, эскалаторларды және траволаторларға түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Кез келген мекемеге, тұрғын үйге лифт орнатыларда бізге тіркелуі тиіс. Қазір қалада 548 лифт бар. Тұрғын үйлерде орнатылған 401 лифттің 397-ы жұмыс істеп тұр. 26 лифттің пайдалану мерзімі ұзартылды. Ша­һарымыз­­да  1990 жылға дейін орнатылған 53 лифт бар екен. Иә, ескірсе де жұмыс істеп тұрғандықтан былтыр оның 12-сінің мерзімін ұзартып бердік. Лифт жыл сайын сынақтан өтуі тиіс. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауыстырылған 12 лифтіге комис­сиялық сынақ жүргізіліп, тіркеуге алынды. Бүгінгі таңда басқарма тарапынан жүргізіл­ген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 2016-2020 жылдар аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлерге қызмет көр­се­тетін 66 лифтінің жүк көтергіш ме­ханизм­дерді пайдалану кезіндегі өнер­кәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары сақталмай жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. – Биыл Шымкент қаласында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр еді... – Шымкент қаласының жалпы аумағы – 116 280 гектар. Оның 61 786 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ал 38 619 гектары елді мекендердің еншісінде болса, 6 316 гектары өнеркәсіп, көлік, бай­ланыс, қорғаныс және ауыл шаруа­шылығына арналмаған өзге жерлер. Шымкент қаласының Сәулет, қала құ­рылысы және жер қатынастары басқарма­сының мәліметінше, үшінші мегаполисте  алаңы 19 888, 5 863 гектар 1 546 игерілмей жатқан жер бар. 106 субъектіге жүргізілген тексеру нәтижесінде 98 жер учаскесіне 2 130 790 теңге айыппұл салынып,  заң бұзу­шылықтарды жою туралы нұсқама ен­гізілді. Сондай-ақ биыл қала аумағында ауыл­шаруашылық мақсатындағы пайдаланыл­май жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару жұмыстарын жүргізу барысында 6 үлескердің жалпы 33,6 гектар ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. – Қаламыздағы құрылыстардың сапасы­нан нендей де бір кемістік көрсек, алдымен сіздерді кінәлауға бейім тұрамыз. Өзіңіз бас­қарып отырған мекемеге тұрғындар тара­пынан арыз-шағымдар жиі түсе ме? – Иә, мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы – біздің құзырымыздағы ауқымды тікелей жұмыстарымыздың бірі.  Биыл жыл басынан бері  29 әкімшілік іс қаралып, 12 млн теңге айыппұл салдық.  Айыппұл негізінен сапасыз құрылыс жүргізгендер мен құжаттарын заң талап­тары­на сай жасамағандарға салынды. Сонымен қатар 16 нысанды бұзу бойынша соттың шешімі шыққан. Қазір оның 6-уы сүріліп, қалғаны орындалу үстінде. 2 нысанды түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде иелері өз еркімен бұзды. Одан бөлек сотта құжаттарын ресімдемеген 14 материал жатыр. Сондай-ақ өз қызметтерін дұрыс атқармаған 6 техникалық қада­ғалаушы мен 1 авторлық қадағалаушыға 3 млн 675 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 6 ай мерзімге аттестаттары тоқ­татылды. Жалпы, басқармаға жыл басынан бері 200 арыз-шағым тіркеліп, оның 173-і орын­далған. 27-і қаралу үстінде. Қазір қалада құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан 703 құрылыс нысаны бар. Оның 170-і бюджет, 533-і жеке қаражат есебінен салынып жатыр. Қаладағы Құрылыс, энергетика және автомобиль жолдары басқармаларымен бірігіп, нысан аралау бойынша кесте түзіл­ген. Тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады. – Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы