Кез келген дүниенің сапалы болуы маңызды. Әсіресе, құрылыс жұмыстарының сапасы салынып жатқан ғимараттың немесе құрылыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осы тұрғыда әрбір өңірдің әкімдігіне қарасты арнайы басқарма жұмыс істейді. Шымкент қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүктелген жұмыс көп. Біз басқарма басшысы Ғалымжан Өтенбаевтан қала аумағында жүріп жатқан құрылыс нысандарындағы заң талаптарының орындалуын қадағалау барысы туралы сұрағанбыз.
– Біздің міндетімізге мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы ғана емес, құзырымызға әкімшілік-құқықтық және лицензиялау, жер инспекциясы, газ инспекциясы мен тұрғын үй инспекциясы да кіреді. Оның ішінде газ инспекциясы енді құрылып жатыр. Бұдан былай пәтерлеріне заңсыз газ құрып алғандарды, жылуды өшіріп, газ колонкасын қоятындарды және мұржа тексеретін мекеменің жұмысын қатаң қадағалайтын боламыз. Елімізде кейінгі кездері осындай олқылықтардың салдарынан болып жатқан қайғылы оқиғалар бізге сабақ болуы тиіс. Жуырда біз осы мәселе бойынша қалада зерделеу жұмыстарын жасадық. Газ пайдаланушылардың 25 пайызы ғана ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшарт жасаған екен. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 19-бабының 3-тармақшасына сәйкес тұрғындар тұрмыстық газды пайдалану барысында аттестатталған, мамандандырылған мекемелермен (ВДГО) өздеріне тиесілі газ жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті. Сондықтан биылғы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін, қала аумағында техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын компаниялардың (ВДГО) жұмыстарына талдау жұмыстары жүргізіліп, үйме-үй аралау арқылы ішкі газ құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, желдеткіш каналдарын және мұржаларды тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, қала аумағында орталық газ жүйесіне қосылған 192 780 абонент бар. Оның 85 243-і көпқабатты тұрғын үйлер бойынша, 100 362 абонент жеке сектор. Қаладағы газ жүйелерінің ұзындығы – 6,9 мың шақырым. – Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында тұрғын үйге ерекше тоқталды. Онда тұрғын үй қорын күтіп ұстау және сақтау бойынша жаңа басқару жүйесін енгізуді, яғни мүлік иелерінің бірлестігін құруды ұсынды. Бұл жұмыстардың Шымкент қаласында атқарылуы қай деңгейде? – Иә, тұрғын үй инспекциясы бойынша жаңадан заң күшіне енді. Меншік иелерінің бірлестігі құрылып жатыр. Қазір қаламызда 14 үйде мүлік иелерінің бірлестігі 69 жай серіктестік құрылды. Бұл мәселе қала әкімінің басты назарында тұр. Ал жалпы кондоминум нысаны ретінде 1 672 үй тіркелген. Осы тұста айта кеткім келіп отыр, басқарма қала аумағындағы лифтілерді, эскалаторларды және траволаторларға түгендеу жұмыстарын жүргізеді. Кез келген мекемеге, тұрғын үйге лифт орнатыларда бізге тіркелуі тиіс. Қазір қалада 548 лифт бар. Тұрғын үйлерде орнатылған 401 лифттің 397-ы жұмыс істеп тұр. 26 лифттің пайдалану мерзімі ұзартылды. Шаһарымызда 1990 жылға дейін орнатылған 53 лифт бар екен. Иә, ескірсе де жұмыс істеп тұрғандықтан былтыр оның 12-сінің мерзімін ұзартып бердік. Лифт жыл сайын сынақтан өтуі тиіс. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауыстырылған 12 лифтіге комиссиялық сынақ жүргізіліп, тіркеуге алынды. Бүгінгі таңда басқарма тарапынан жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде 2016-2020 жылдар аралығында пайдалануға тапсырылған тұрғын үйлерге қызмет көрсететін 66 лифтінің жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары сақталмай жұмыс істеп жатқаны белгілі болды. – Биыл Шымкент қаласында игерілмей жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр еді... – Шымкент қаласының жалпы аумағы – 116 280 гектар. Оның 61 786 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ал 38 619 гектары елді мекендердің еншісінде болса, 6 316 гектары өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге жерлер. Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, үшінші мегаполисте алаңы 19 888, 5 863 гектар 1 546 игерілмей жатқан жер бар. 106 субъектіге жүргізілген тексеру нәтижесінде 98 жер учаскесіне 2 130 790 теңге айыппұл салынып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді. Сондай-ақ биыл қала аумағында ауылшаруашылық мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекетке қайтару жұмыстарын жүргізу барысында 6 үлескердің жалпы 33,6 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. – Қаламыздағы құрылыстардың сапасынан нендей де бір кемістік көрсек, алдымен сіздерді кінәлауға бейім тұрамыз. Өзіңіз басқарып отырған мекемеге тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсе ме? – Иә, мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы – біздің құзырымыздағы ауқымды тікелей жұмыстарымыздың бірі. Биыл жыл басынан бері 29 әкімшілік іс қаралып, 12 млн теңге айыппұл салдық. Айыппұл негізінен сапасыз құрылыс жүргізгендер мен құжаттарын заң талаптарына сай жасамағандарға салынды. Сонымен қатар 16 нысанды бұзу бойынша соттың шешімі шыққан. Қазір оның 6-уы сүріліп, қалғаны орындалу үстінде. 2 нысанды түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде иелері өз еркімен бұзды. Одан бөлек сотта құжаттарын ресімдемеген 14 материал жатыр. Сондай-ақ өз қызметтерін дұрыс атқармаған 6 техникалық қадағалаушы мен 1 авторлық қадағалаушыға 3 млн 675 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 6 ай мерзімге аттестаттары тоқтатылды. Жалпы, басқармаға жыл басынан бері 200 арыз-шағым тіркеліп, оның 173-і орындалған. 27-і қаралу үстінде. Қазір қалада құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан 703 құрылыс нысаны бар. Оның 170-і бюджет, 533-і жеке қаражат есебінен салынып жатыр. Қаладағы Құрылыс, энергетика және автомобиль жолдары басқармаларымен бірігіп, нысан аралау бойынша кесте түзілген. Тұрақты түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп тұрады. – Сұхбатыңызға рақмет!Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы