Балуандарымыз Анталиядан неге жүлдесіз қайтты?
Балуандарымыз Анталиядан неге жүлдесіз қайтты?
124
оқылды

Күні кеше Түркияның Анталия қаласында дзюдодан Grand Slam турнирі аяқталды. 91 мемлекеттен келген 432 спортшының басын қосқан бәсекеде қазақстандықтар жүлдесіз қалды. Турнирге қатысқан балуандарымыздың ешқайсысы да көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.

60 келіде сынға түскен Мағжан Шам­шадин екінші айналымда италиялық Андреа Карлинодан жеңілді. 66 келіде белдескен Бауыржан Сағынғалиұлы үшінші кезеңде әлем чемпионы, жапо­ния­лық Абе Хифумиге есе жіберді. 73 келідегі Аңсарбек Ғайнуллин Люксем­бург және Румыния спортшыларын жең­генімен шешуші сәтте бельгиялық балуанға жол берді. Осы салмақтағы Жанболат Бағытбергенов үшінші ай­налым­да швециялық Томми Масиастан жеңілді. 81 келіде Амангелді Мәди мен Абылайхан Жұбаназар бірінші кезеңнен соң жарыс жолынан шығып қалды. 90 келідегі Ерсұлтан Мұзафаровтың ша­масы жұбаныш белдесуіне дейін жетті. Ол алдымен Канада, Италия, Тунис спортшыларын жеңді. Ал ширек финалда түркиялық қарсыласы Михаэль Жганк­тың мерейі үстем болды. Жұбаныш бел­десуінде чехиялық Давид Кламерттен айласын асыра алмады. Осы салмақта бақ сынаған тағы бір балуан Асылан Сағитбек үшінші кезеңде Израиль спортшысына есе жіберді. Осылайша, дзюдодан Қазақстан командасы қатары­нан екінші ірі жарыстан жүлдесіз қалып отыр. Бұған дейін отандық татами ше­бер­лері Тбилисидегі Grand Slam бәсе­кесінен құр қол қайтқан болатын. Өз кезегінде Қазақстан Дзюдо феде­рациясының мемлекеттік жаттық­тырушысы Жандос Абумуталифұлы балуандарымыздың неліктен төмен нәтиже көрсеткенін түсіндіріп берді. – Қазір бізге «жаңғыру» жеткіліксіз болып тұр. Кінәні біреуден көру кем­ші­лік. Қазір әлемдік пандемияға байла­ныс­ты елдегі бүкіл сала тоқырауға ұшырады. Ел спорты да тұралап қалды. Тағы бір айта кетер жәйт, елімізде үлкен іс-шара­лардан кейін есеп алу жұмыстары өтпей­тін болды. Жүйелілік кеткен соң спортта да «барамыз, қатысамыз, қайтамыз» деген мақсат қана болды. Жігіттер күреспеді емес, күресті. Ұйымдас­тырушылардың қателігі де көп жағдайға әсер етті. Команданың жартысын қатыс­тырмай қойды. Карантинге жатқызды. Ертесіне біз қателестік деп кешірім сұрады. Бұл жерде эпидемиологиялық ахуал да спортшыларымызға кері әсерін тигізді. Алайда мен ешкімді ақтап жатқан жоқпын. Біз – осы салада жүрген сар­баздармыз. Ел сенім артқан соң күресуіміз керек. Елдің Туын көтеруіміз керек, медаль алуымыз керек. Мамырдың 25-інде рейтинг тоқтай­ды. Кім әлем бойынша 18 үздік спортшы­ның қатарына кіреді, алдағы олимпиадаға сол қатысады. Рейтингте бір елден алдыңғы орында 3-4 спортшы қатар тұра береді. Бірақ әлем бойынша бір-бір спортшыдан есептегенде, 18 мықты іріктеледі, – деді Жандос Абумуталифұлы. Ал дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиев бұл жарыста жастарға көп мүмкіндік берге­нін, олардың осындай жарыстардан үл­кен тәжірибе жинақтайтынын айтты. – Анталияда өткен Grand Slam әлем­дік көрсеткішті анықтайтын жарыс. 100-ге тарта елден спортшылар қатысты. Әлемнің ең мықты балуандары жиналды. Біз ол жарысқа негізгі құрамды апарма­дық. Бұл турнирге жастар арасынан ересектерге енді ауысқан спортшыларды алып бардық. Сондықтан олардан бірден жоғары нәтиже күту ерте. Жас дзюдо­шылар осы сияқты үлкен жарыстарда бақ сынап, тәжірибе жинақтайды. Жарысқа барғандардың  арасында еліміздегі екінші, үшінші нөмірлі дзюдошылар да күресті. Олар турнирге алдағы Азия ойын­дарына, 2024 жылы өтетін олим­пиада­ға дайын­дықтарын пысықтау мақ­са­тында қатысты, – дейді бас жаттық­тырушы. Ол сонымен қатар Анталиядағы турнирден 100-ден жоғары екі спортшы­ның,  100 келідегі бір спортшы және 4 дзюдошы қыздың жарыстан не себепті шеттетілгенін түсіндіре келе, алдағы жарыстарға дайындық барысын сөз етті. – Ұшақта спортшы қыздармен бол­ған бір дәрігерден коронавирус анық­талды. Сондықтан төрт қызымызды жа­рыс­қа қатыстырмады. Бір-екі спорт­шымызды «сендер басқа бөлмеге жаттыңдар» деп күрестірмей қойды. Кейін басқа спортшымен шатастыр­ғанын, қателескенін айтып, кешірім сұрады. Осындай келеңсіздіктерден кейін бірқатар спортшымыздың да еңсесі түсіп кетті. Көріп отырғандарыңыздай, пандемияның да спортшылардың еркін дайындалуына, жарысқа қатысуына көп кесірін тигізіп жатыр. Бір жыл бойы пандемия дедік. Әр қалада карантин болып, спорт залдары жабылды. Содан спортшыларымыз спорттық бабын жоғалтып алды. Енді-енді жарыстар қайта жанданып, спорт залдары ашылып, оқу-жаттығу жиындарына көңіл бөлініп, спортшылар қайта бабына келе бастады. Жалпы, жігіттер жаман күреспеді. Рей­тингтегі алда тұрған дзюдошыларды да, әлем чемпиондарын да, үлкен турнир­лерде жеңіске жеткен дзюдошыларды да жеңгендері болды, – деп жауап берді Ғалымжан Жылгелдиев. Енді алдағы 5-7 мамыр айында Қазан­да Grand Slam турнирі өтеді. Бүгін­де спортшылардың бәрі сол додаға дайын­дықты бастап кеткен. Одан кейін Әлем чемпионаты бар. Содан соң бүкіл рейтинг тоқталады. Сол кезде олим­пиада­ға қанша дзюдошының баратыны белгілі болмақ. Айтпақшы, әңгіме ара­сында бас жаттықтырушы төрт құрлық­тың басты додасына 7 салмақ бойынша 7 спортшы апарғысы келетінін айтып қалды. Егер жоспар ойдағыдай орын­далса, Токио Олимпиадасына толық құрамда қатысамыз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ