Қыздарды жеңіл жүріске мәжбүрлеген үш «жеңгетай» ұсталды 
Қыздарды жеңіл жүріске мәжбүрлеген үш «жеңгетай» ұсталды 

Үш күн бойы рейд жүргізген ақмолалық полицейлер қыздарды жеңіл жүріске мәжбүрлеген «жеңгетайларды» қолға түсірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Криминалды, әкімшілік және көші-қон полициясымен бірлесіп жүргізілген «Стоп трафик» арнайы операциясы барысында жүргізілген шаралар өзінің нәтижесін де берген. Рейд барысында өнеркәсіптік нысандар, ауыл шаруашылығы аумақтары, көңіл көтеретін орындар мен монша және қонақүй кешендеріне тексеріс жүргізілген.

«Жедел тергеу топтарымен адам саудасымен байланысты бес бірдей қылмыс анықталды. Оның ішінде үшеуі қыздарды жезөкшелікке тарту, біреуі ұрлау мақсатынсыз заңсыз бостандықтан айыру және жеңгетайлықпен айналыспақ болды», – дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.

Мәселен, тергеу барысында 27 және 33 жас шамасындағы Көкшетау қаласының екі тұрғыны мен Степногорск қаласының тұрғыны қылмыстық кодекстің 308-бабымен (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Әйелдер өңір тұрғындарын қорқытып-үркіту және бопсалау жолымен жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлепті.

«Стоп трафик» жедел алдын алу шарасы кезінде тәртіп сақшылары олармен профилактикалық әңгіме өткізіп, азаматтарды адам саудасы, заңсыз бостандықтан айыру, еңбек және жыныстық құлдықтың құрбаны болмау туралы туралы ескертті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы