Елімізде жанармай бағасы өскен сайын азық-түлік те қымбаттай түседі
Елімізде жанармай бағасы өскен сайын азық-түлік те қымбаттай түседі
107
оқылды

Осы апта ішінде жанармай бағасы күрт өсті. Қазір Ақтауда 92 литрі – 172 теңге, Атырауда – 200 теңге. Бірқатар жанармай бекеттерінде жанармайды тек талонмен берсе, батыста бір резервуарға 10 литрден артық бермейді. Ал солтүстік өңірде жанармай мүлдем сатылып жатқан жоқ. Сарапшылардың айтуынша, жанармай бағасының өсуі – сөзсіз елде азық-түліктің, тіпті, кейбір тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына әкеледі деп отыр.

–  Жанармай бағасының өсуі бізге, яғни қарапайым халыққа қатты әсер етеді. Өйткені азық-түлікті өндірушіден пайдаланушыға дейінгі жұмыстың бәрі көлікпен тасымалданады. Ал оның жүріп-тұруына жанармай қажет. Жанармайды қымбатқа алған соң, тасымалдау шығыны да қымбаттай түседі. Ірі супермаркеттерге сезілмеуі мүмкін. Алайда аула ішіндегі кішігірім дүкендерге кәдімгідей әсер етеді. Сондықтан дүкен шығынға отырмас үшін тапсырысын азайтады не болмаса әкелген өнімнің бағасын көтеріп қояды. Арадағы шығынды өндіруші де, кәсіпкер де алғысы келмейді. Ол қарапайым халықтың қалтасынан алынады, – дейді экономист Айгерім Жанабаева.

Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Әкімжан Аруповтың айтуынша, бұл дағдарыс былтырдан басталған. –  Бірақ жағдайды халық енді ғана сезініп отыр. Байқасаңыз, жыл басынан бері азық-түлік те, баспана да, көрсетілген қызмет те қымбаттап жатыр. Тек жалақы өзгеріссіз қалды. Әрине, мемлекеттің қолдауының арқасында былтырғы қиындықтан шықтық. Бірақ бұл осымен тоқтамайды. Экономикалық ахуалымызды қалыпқа келтіру үшін әлі бірнеше жыл керек, – дейді ол.