Сайттарда жеке деректер таралып кеткен
Сайттарда жеке деректер таралып кеткен
116
оқылды

Ел тұрғындары сайттарда, соның ішінде мемлекеттік сайттарда, үйлердің кіре берісінде және WhatsApp чаттарда дербес деректер тарап жатқанына наразы.

Елімізде мұндай әрекетке барған тұлғаларға қандай шара қолданатыны белгілі. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, адамдар дербес деректерін ашық тарататын коммерциялық интернет-ресурстарға жиі шағымданады. Яғни, адам іздеу жүйесінде өзінің аты-жөнін жазса, жауап ретінде ол туралы мәліметтер тұрған сайттарға сілтемелер көрсетіледі. Мысалы, ЖСН, туған күні, туған жері, бар болса тіпті сот шешімдері жазылады. Сол үшін жауапты орган қолжетімді ресурстарда деректер жариялаудың жолын кесу бойынша шара қабылдаған. Оның айтуынша, заңсыз алынған дербес деректерді таратқан екі жеке интернет-ресурсқа 20 АЕК – 58 340 теңгеден айыппұл салынды. «Адамдар жеке деректерінің жалпыға қолжетімді жерлерде, мессенджер чаттарында таралуына байланысты өтініш білдіреді. Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері, мүлік иелерінің бірлестіктері және коммуналдық қызметтер борышкерлердің тізімін кіреберістерге орналастырады, чаттарда таратады. Бұл тізімдерде көбіне жеке деректер жазылады: адамның аты-жөні, мекенжайы, телефондары. Мұндай деректерді таратуға болмайды, олар қаскөйлердің қолына түссе, зиян келтіру мақсатында пайдалануы мүмкін», – деді брифингте Руслан Әбдіқалықов. Айта кетерлігі, WhatsApp чаттарында тұрғындардың жеке деректерін заңсыз таратқаны үшін елордалық тұрғын үй кешендерінің екі басқарушы ұйымына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынған.

Айбике ЖАНАСЫЛ