«Қоғам жерді жекеменшікке беруге дайын емес» – саясаттанушы Расул Жұмалы
«Қоғам жерді жекеменшікке беруге дайын емес» – саясаттанушы Расул Жұмалы
175
оқылды

Қазір қазақ қауымын қатты толғандырып отырған екі мәселе болса, соның бірі жер мәселесі екені даусыз. Бүгінде жер қатынастарына қатысты нақтылы заң қабылдап, айқын ойын ережесін бекіту үшін Жер реформасы жөніндегі комиссия тынбай еңбектеніп жатыр. Осыған орай біз Президент жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалымен сұхбаттасқан едік.

– Қазақ үшін жер деген нені білдіреді? Халықтың осы толқулары нені көрсетті? – Біріншіден, кез келген халық үшін жер мемлекеттіліктің, ұлттық болмыстың түпнегізі болып саналады. Жер – бұл тарих, ұлттың өзіндік танымы, салт-дәстүрі, өмір сүру мекені. Сонымен қатар жерге қатысты әңгімелерде эмоцияға берілу, сезімталдыққа бой алдыру және шамадан тыс қызбалыққа берілу бар. Адамдар арасындағы дау-жанжалдың, соғыстың көбі байланысты туындаған. Ал қазақ үшін жер мәселесі қашанда көкейкесті. Екіншіден, қоғам жерді ұлттың «менін» қалыптастыратын соңғы активтердің бірі деп түсінеді. 2015-2016 жылдары жер шетелдіктерге ұзақмерзімді жалға беріледі, тіпті жекеменшікке сатылуы мүмкін деген сөз шыққанда халық мұны өзінің ақырғы активінен айырып жатқандай қабылдады. Көпшіліктің қатты наразылығын тудыруы сондықтан. Билік халықтың наразылығын жақсы түсінді, мәселені одан әрі ушықтырып жібермес үшін көпшіліктің көңілін жайландыратын мәмілеге келді, осы проблемамен түбегейлі айналысатын Жер реформасы жөнінде комиссия құрды. Сол жұмыстардың нәтижесінде қоғамның наразылығын тудырған заңға мораторий жарияланғанын білесіз. – Жер реформасы жөніндегі комиссия бүгінге дейін үш отырыс өткізді. Қазір оның жұмысын қалай бағалайсыз? Қаралып жатқан мәселелердің ішінде ең көкейкесті деп нені атар едіңіз? – Жер қатынастары барша халықтың назарын аударып отырған өте өзекті әрі сезімтал мәселе болғандықтан, біз о баста комиссияның жұмыстарын ұтымды ұйымдастыру үшін және тамыз айына дейін ортақ бір ұйғарымға келу үшін аптасына бір рет кездесіп тұруға келістік. Оны өткізу механизмі, сөйлеушілер регламенті бекітілді. Одан бөлек, Жер комиссиясының ішінен құрылған экономикалық және құқықтық екі топ апта бойы дербес жұмыс істей беретін болады. Жер комиссиясының әр басқосуында осы топтардың жетекшілері есеп береді, ол талқыланды, сондай-ақ күнтәртібіне басқа да мәселелер шығарылды. Көтерілетін мәселелердің қай-қайсысы да өзекті: латифундистер жайы, са лық төлемі, жұртқа тиесілі 10 сотық, поли гон жерлері, қорық жерлері, орманды алқаптар, космомониторинг, тағы басқалары – бәрі ыждағатты талқылауды қажет етеді. Бірақ соның ішінде көпшілікті ең қатты толғантып отырғаны – Қазақ стан азаматтарына жекеменшікке жер сатыла ма, сатылмай ма? Егер сатылмаса, неше жылға жалға берілуі керек? Бізге ең алдымен осы мәселені шешіп алған жөн. Естеріңізге сала кетейін, Жер кодексінің 24-бабы бойынша 2003-2016 жылдары жерді жекеменшікке сатуға да, шетелдіктерге жалға беруге де рұқсат берілген. Ал оған 2016 жылдан бастап 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін 5 жылға уақытша мораторий жарияланды. Ақпан айында Президент Қ.Тоқаев шетелдіктерге жерді сатуға да, жалға беруге де тыйым салды. Сондықтан Мәжіліс қазір бұл бапқа шетелдіктерге уақытша емес, мүлдем сатпау туралы өзгерістер енгізіп жатыр. Ал Қазақстан азаматтарына қатысты әлі түбегейлі шешім шыққан жоқ. Оларға жер жекеменшікке сатыла ма, жоқ па, белгісіз. Ол бойынша қызу пікірталастар жүріп жатыр, екі тараптың да айтар уәжі көп. – Әлбетте, бұл күрмеуі қиын өте күрделі мәселеге айналатынын сезгенбіз. Сонда қарсы тараптар бірі-біріне қандай уәж айтады? Сіз бұған не дер едіңіз? – Жердің жекеменшікке сатылуын жақтаушылар жер экономикалық айналымда болуы тиіс деп санайды. Адамдар өздерін жердің қожайыны ретінде сезіне алған жағдайда ғана өз иелігіндегі телімді күтіп ұстауға, оның құнарлығын жоғалтпауға мүдделі болады, жерді өңдеуге көп ақша салады. Мысалға баспананы алайық: егер ол сіздікі болса, сіз оған жөндеу жүргізесіз, жаңа жиһаз сатып аласыз, күтіп-сақтайсыз. Ал енді пәтерді жалға алған болсаңыз, оның ақыр аяғында өзіңізде қалмайтынын білесіз. Жер де солай, жалға алған жер ертең сізден кейін басқа біреуге беріледі. Сондықтан оған еш жаныңыз ашымастан, «менен кейін күл болмасаң, бүл бол» демекші, өндіріске пестицидтер мен химикаттарды қосып, топырақтың барлық құнарын сорып алуға тырысасыз. Біз Қытайдың көптеген ауылшаруашылық жерлері соның кесірінен пайдалануға жарамсыз болып қалғанын білеміз. Бұл телімдер көптеген жыл құнарлығын жоғалтты. Мұндай жайтты Қазақстанда 1954–1960 жылдары советтердің тасыраң саясатының салдарынан тың игеру кезінде басынан кешірді, миллиондаған гектар жердің топырағы эрозияға ұшырады. Ал жердің нақты иесі болса, ол оны өзінен кейін ұрпақтары пайдалана алатынын түсініп, алақанына салып, аялап ұстайды, жердің құнарлығын сақтау үшін бар күшін салады. Сондықтан адам жердің шын жанашыры болу үшін оны жекеменшікке берген дұрыс. Бірақ сұраған адамға бірден бере салуға болмайды. Ең алдымен ұзақмерзімді жалға беріп, ол 10 жыл бойы мемлекетке өзінің экономикалық ауқаттылығын, өзіне тиесілі телімді тиісті мақсатта пайдаланып жатқанын және саяси тұрғыдан ниетінің түзулігін, адалдығын дәлелдеуі тиіс. Яғни, басқа елдің азаматтығында болмауы, мемлекеттік тілді білуі және иелігіне берілген жер телімінде шаруашылық құрып, жұмыс істеуге ниеттілігін дәлелдеуі керек. Тек содан кейін барып оған жерді жекеменшікке сату-сатпау мәселесі қаралатын болады. Бірақ бұл мәселенің екінші жағы да бар: егер қазір жер жекеменшікке сатылады десек, оны кім алуы мүмкін? Әлбетте, сол баяғы латифундистер, ірі жер иеленушілер сатып алады. Өйткені халықтың 99 пайызының қолында ақша жоқ. Қара халықтың жер сатуға қарсы шығуының басты себебі де – осы. Бұл жағдайда ел қолындағы екі-үш аша тұяқты жаятын жерге де зар болып қалуы кәдік. Нақ қазіргі жағдайда, ең құрығанда алдағы 20 жылда жерді жекеменшікке беруге болмайды деп санаймын, өйткені оған қазір біздің қоғам да, экономикалық қатынастар да, жүйе де дайын емес. Қазіргі жағдайда жерді тек ұзақмерзімді жалға беру керек. – Жерді жекеменшікке беру мәселесін өркениетті елдердің мысалында шешуге мүмкіндік бар ма? – Егер әлемдік тәжірибеге қарасақ, көптеген елде жерге жекеменшік құқын иеленуге заң бойынша тыйым салынған. Алайда жекеменшікке беретін елдер де аз емес. Мәселен, Франция, Германия, АҚШ-та заң бойынша жер жекеменшікке беріледі және ол ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалдырылады. Бұл жерде баса айта кететін бір мәселе, оларда жерге қатысты айқын, әділ, көпшілікке түсінікті заң талаптары жұмыс істейді, нақты ойын ережесі бекітілген және мемлекет тарапынан жер иеленушінің құқықтарының таптал мауына кепіл берілген. Бізде, өкінішке қарай жағдай басқаша. Қазақстан жер көлемінің үлкендігі жағынан дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында. Ал халықтың орналасу тығыздығы әлемде ең төмен – бір шаршы шақырымға алты адамнан келеді. Және бұл жерлер мал бағуға, ауыл шаруашылығын жүргізуге қолайлы. Егер ол тиімді пайдаланылса, біздің еліміздің өзін ғана емес, басқа мемлекеттерді де ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқары молынан жетеді. Мысалы, жер аумағы Алматы облысынан 5 есе кіші, құм мен тастың үстінде отырған Израиль жарты әлемді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Оның бәрі мемлекеттің жерге деген қатынасының түзулігіне, шаруашылықты ұтымды ұйымдастыра білуіне байланысты. Еуропада жер нарығы ғасырлар бойы қалыптасты. Ол – жекеменшікке деген құрмет, фермерлердің құқықтарының қорғалу кепілі. Ол бұлжымас өмір қағидасына айналған. Ал біздің жағдайда Еуропадағыдай заң нормаларының мүлтіксіз орындалуы, әділеттіліктің салтанат құруы қиын. Сондықтан қазір жерді тек ұзақмерзімді жалға берген дұрыс деп ойлаймын. Сонымен қатар мұндай жерлерге бақылаушы органдардың ықпалын барынша азайтып, фермерлердің емін-еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ