Арт-нарық неге қалыптаспай отыр?
Арт-нарық неге қалыптаспай отыр?
295
оқылды

Батыс елдерінде халықтың әл-ауқатын суретшілердің жағдайына қарап бағалайды екен. Бізде ше? Картиналар нарығы қай деңгейде? Осыдан бі раз жыл бұрын суретшілер жағдайының мәз емес екенін, жас суретшілердің дені базарда жүргенін айтып, мұң шаққан. Одан бері де ахуал өзгермеген секілді. Қазақстанда ең қымбат сатылған картина 170 мың доллар деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас? Бұған суретші қауымның өзі не дейді?

ЕҢ ҚЫМБАТ САТЫЛҒАН КАРТИНА ҚАНДАЙ?

Суретші Жеңіс Кәкенұлы «Қазақстанда ең қымбат сатылған картинаның құны 420 мың АҚШ долларына бағаланғанын» айтады. – Соңғы жылдары нарықты көп зерттеп, қадағалап жүрген жоқпын. Сондықтан картинаның құны қанша тұратынын көп біле бермейді екенмін. Барлығы салыстырмалы нәрсе ғой. – Сіздің туындыларыңыздың құны қанша? – 2016 жылы арнайы конкурс жарияланып, бір картинам 3 миллион теңгеге бағаланған еді. Одан кейін ондай бағаға сата алғам жоқ. Әртүрлі бағада сатылып жатады. – Бізде сурет өнеріне сұраныс қандай? – Ол да аз. Мүмкін арнайы сатып алатындар бар шығар. Мұның да статистикасын көп біле бермеймін. – Суретшінің туындысы сатыла бермесе, белгілі бір мекемеде қызметі болмаса, ол тұрмысын қалай түзейді? – Көп суретшілер өнер академиясында, колледжде сабақ береді. Жеке студиялар ашады. Одан басқа табыс көзі жоқ. 2014-2015 жылдары арт-нарық жақсы қалыптаса бастады. Халықтың әл-ауқаты көтеріле бастаса, ақырындап картиналарға көңіл аударады. «Байтал түгіл бас қайғы боп кетсе», ондай кез де картинаның не қажеті бар деп ойлайды. Суретшілер де қолынан шыққан туындысын арзан бағалағысы келмейді. Ол оп-оңай ксерокстен өткізе салатын дүние емес. Оған қаншама ерік-жігер кетеді, көз майын тауысып салады. Сондықтан қаншама уақытын сарп етіп салған дүниесі қымбатқа бағаланса деп ойлайды. Оған алушылар да бейіл емес. Сол себепті суретшілер өзінің тұйық шеңберінің ішінде отыра береді. – Қазақстан арт-нарығы қалыптаспаған дедік. Шетелдіктер ше? Олар қазақтың сурет өнеріне құмарта ма? – Зейнелхан Мұхамеджан, Ералы Оспанның туындыларын шетелдік компаниялар аукционға шығарып сатқаны туралы естіген едік. Одан қаншалықты пайда тапты? Ол жағы тағы белгісіз. Жалпы, өздері шетелдік нарыққа шығып жүргендер некен-саяқ. – Жазушылардың шығармаларын насихаттап, тарататын әдеби агенттері бар. Суретшілердің ше? – Жекелеген коммерциялық компаниялар, галереялар ептеп-септеп араласады. Бірақ оның өзін де туындысын қымбат сатып, кереметтей табыс тауып жатқан дарын естімедім. Ауызды қу шөппен сүр те беруге де болмас. Құдай берген талант болғасын, жылап-еңіреп, «бізде анадай жоқ, мынадай жоқ» деп айта алмаймыз. Суретшілік те бақсылық сияқты құдайдың берген өнері. – Қазақ қоғамында суретшілік өнерге көзқарас басқаша қалыптасқан секілді. Балаларын суретшілікке апара бермейтініде сондықтан. Әліде сол көзқарастан айнымады ма? – Бұл көзқарастан алыстап кете қойған жоқ. Суретшілерді қияли халық деп санайды. Бір баланың суретші боламын деп талпынғанымен, анасы қарсы болып, басқа оқу орнына түсіргені туралы естіп едім. Кейін ол бала бір баспаға кітап таситын жүкші болып кіреді. Бос кезінде жертөленің қабырғаларына сурет салып отырғанын директор байқап қалып, үш ай оқытып, баспаның суретшісі қылып алыпты. Кейін ол бала мықты дизайнерге айналды. Осыдан екі-үш жыл бұрын Кипрге бардым. Сол өңірден 6-7 миллиардер шыққан екен. Солардың бірі шақырып, 15 күндей сурет салдырды. Өзінің жинаған картиналарын көрсетті. Бір ғана миллиардер адам сурет өнерін жоғары бағалап, әлемнің ең озық жауһарларын сатып алып отыр. Қазіргі заман өнер музейін салдырған. Қазақ суретшілерінің де біраз картиналарын сатып алды. Бізде қалай? Қалталы байлардың арасында сурет сатып алатындар кем де-кем. Жалпы, суретшілік өнер ешқандай бағамен өлшенбейді. Ол туа бітті талант. Бойындағы барын ақ қағазға салады. Содан рақат алады.

СУРЕТ ӨНЕРІ – ҚЫЗҒАНШАҚ ЖАНР

Картиналары жоғары бағаланып жүрген суретшілердің бірі – Алпысбай Қазығұлов. Абстракционизм мен сюрреализм жанрында қылқалам тербейтін суретшінің картиналары көркемсурет музейлері мен шетелдегі дербес коллекциялар қорында тұр. – Қазақстан суретшілерінің соң ғы 20-30 жылда картиналарын сату өте қиын болып тұр. Мемлекеттік музейлерге сатып алу мүлдем жоқ. Мемлекет қомақты қаржыға сатып алса, онда суретшінің картинасы жоғары бағаланды деп айтуға болады. Біреулер той-томалаққа, туған күнге сатып алады. Бірақ оның бағасы болар-болмас. Суретшілердің арасында картинасын сатып, байып кеткендер де аз. Қылқалам шеберлерінің жағдайы қиын деп айтуға болады. Шығармашылықпен күн көру оңай емес. Аты бар адамдардың картинасын іздеуі мүмкін. Осы сала да жүргенімізге 45 жыл болды. Соның өзінде біздің жағдайымыз керемет деп айта алмаймыз. Ал жас суретшілердің жағдайын тіпті айтуға келмейді. Ал кімнің картинасы сатылды, қаншаға сатылды деген ақпараттан хабарымыз жоқ. – Қазақстанда арт-нарық қалыптасты деп айтуға толық негіз бар ма? – Арт-нарық қалыптаспаған деп айтуға болады. Неге? Өйткені арт-нарықта миллиардтаған доллар айналымда жүрсе, онда айтуға болар еді. Тіпті, миллиондаған доллар да айналымда жүрген жоқ. Арт-нарығының белгісінің біреуі – суретшілердің картиналарын «көшірме» жасап сату. Мәселен, Қастеевтің картиналарын «көшіріп» сатса, болмаса, кімнің картиналары на сұраныс бар, соны көшіріп сату басталса, онда нарық бар деп айтуға болады. Өзбекстан мен Қырғыз республикаларында болмаса, біздің елімізде әзірге мұндай дүние жоқ. Қазір галерея, музейлер жабық тұр. Арт-нарықтың қалыпта суына да негіз болмай тұр. Халықтың әл-ауқаты дұрыс болып тұрса, картинаға қызығушылық туып тұрған заманда болмаса, қазір мүмкін емес секілді. Пандемия басталғалы көп дүниеге шектеу қойылды. – Ең қымбат сатылған картинаның құны қандай? – Бір кездері ең қымбат бағаға Әбілхан Қастеевтің бір картинасы сатылғанын естіген едік. Нақты қаншаға сатылғаны есімде жоқ. – Ерболат Төлепбаевтың туындылары жоғары бағаланады деп естідік. Рас па? – Төлепбаевтың жұмыстары қымбат тұратынын білеміз. Ол қаншаға сатады, қаншаға сатылады, ол туралы нақты дерек жоқ. Әр суретшінің туындысының құны әртүрлі. Оның үстіне картиналар құны белгіленіп тұратын дүкендегі зат емес. Аукционға салынады. Ол жерде кім қанша баға ұсынады, соған байланысты. Ерболат Төлепбаев – 26 жасында бүкіл ТМД елдерін мойындатқан суретші. Ол 100 жылда бір туатын аса дарын иесі. Ойлы суретші. Оның жұмыстары қымбат бағаланып жатса, соған лайық деп айтар едім. Менің де картиналарым сұраныста бар. Бағалары әртүрлі. – Арасында өте қымбат сатқандарыңыз бар ма? – Картинаның бағасы қанша болғанын айта алмаймыз. Ол өйтке ні құпия болуы керек. Қазығұловтың есімі белгілі екенін туындыларымның бағасы арқылы сезініп келемін. – 2019 жылы Форбс Қазақ стандағы ең танымал суретшілердің рейтингісін түзген екен. Ол рейтингтен көзі тірі суретшілердің есімін байқай алмадық. Неге? – Ол рейтингті жасаған кім? Рейтингке өмірден өтіп кеткен суретшілердің тізімін жасау тапсырылған шығар. Өйткені қазіргі көзі тірі суретшілердің рейтингісін жасау ешкімге қызық емес сияқты. – Қастеевтің, Ғалымбаеваның, Сидоркиннің туындылары әлі күнге құнды бағалана ма? – Әлі күнге құнды деп айтуға болады. Қазақ халқы тірі тұрғанда ол кісілердің шығармаларының бағасы түспейді деп ойлаймын. Қазақ көркемсурет өнерінің 85 жылдық тарихында ол кісілердің шығармаларының құны жоғары бола бермек. – Жастардың беталысы қандай? Танымалдықты арттыруда қазір әлеуметтік желінің рөлі жоғары. Олардың тез танылуына, табыскер болуына мүмкіндік туып тұрған секілді. Қалай ойлайсыз? – Жастардың талпынысы жаман емес. Бәрі де тез танымал болғысы келеді. Бәрі де көп ақша тапқысы келеді. Соған талпынады. Бірақ солардың арасынан «мынау мықты қылқалам шебері болады-ау» дегендей, ешқайсысы көңілімнен шығып тұрған жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Суретшінің ерекше болатыны ерте кезден-ақ байқалады. Штрихтары, композициялық құрылымдары, айтқан сөзі, қойған бояуы – болашақта белгілі адам болатынын бірден байқатады. Суретші суретшіні аяқ алысынан таниды. Мықты суретшілер шықса, біз де қуанар едік. Қазір жас суретшілерге дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстаздар да жоқ. Колледждерде сабақ береді, диплом алғасын ұмытылады. Сосын олардың көбі дизайнерлікке, табыс табуға кетіп қалады. Сурет өнері – қызғаншақ жанр. Сондықтан суретші боламын деген адам бүкіл ғұмырын осы өнерге арнауы керек. Сонда ғана ол өз нәтижесін береді. Бір жылда нәтижеге қол жеткіземін десеңіз, тағы қателесесіз. Ол ұзақ уақытты, тынымсыз еңбекті қажет етеді. Біз де осы қиындықтың бәрінен өттік. Қазір менің 8 000-ға жуық картинам бар. Соның өзінде сурет өнерін енді түсініп келемін.

Айым БЕКТҰР