Көктемгі тасқынға кім жауапты?
Көктемгі тасқынға кім жауапты?
145
оқылды

Көктем келгелі алғашқы су тасқыны тіркелді. Жылдағы жыр қайта басталды. Бұл жолы да төтеншеліктер есеп беріп әлек. Ал аудан мен ауыл әкімдері, сол өзен-көл, тоңандарды жалға алғандар үнсіз. Асылында, қардың суы жұт емес, құт болуы керек еді...

ТӨТЕНШЕ ҒАНА ЕСЕП БЕРДІ

Қарағанды облысы аумағында ауа райы күрт жылынуының салдарынан су тасқыны мәселесі басты тақырыптардың біріне айналды. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7-11 сәуір аралығында автожолдарда 15 су тасқыны оқиғасы болған. Нұра ауданында үш учаскеде қозғалыс тоқтатылды, олардың екеуі әлі де жабық күйінде қалып отыр. – Теміржолдарды тасқын су шайып кету, тұрғын үйлерді, нысандарды су басу фактілері тіркелген жоқ. Нұра кентінде Құндызды өзеніндегі мұз кептелісі жойылды. Қорғаныс білігі нығайтылды. Нұра ауданында Қон өзенінің төгілу аймағында Нығман және ішінара Ақтүбек ауылдары қалады. Қорғаныс шаралары алдын ала жүргізілді. Елді мекендерге қауіп жоқ. Тұрғындарды қамтамасыз ету үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры бар, – деді ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов облыс әкімдігінде өткен жиналыста. Сонымен қатар «Байқадам» және «Миньковка» бөгеттерінің толып кету қаупі жойылған. «Нұра ауданында еріген қар суының қарқынды түсуіне байланысты Нұр-Сұлтан – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау автожолының 104-ші және 122-ші шақырымында су тасқыны тіркелді. Нұра және Осакаров аудандары аумағындағы су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда, – дейді төтеншеліктер.

БІР АДАМ ІЗДЕСТІРІЛУДЕ

Қарағанды облысы Нұра ауданы Кәрім Мыңбаев ауылының тұрғыны 8 сәуірге қараған түні көрші ауылға кетіп, межелі жерге жетпеген. 11 сәуірде полицейлер оның көлігін тапты. «8 сәуірде, яғни 1958 жылғы азамат жоғалып кеткен күні бізге су деңгейінің көтерілгені туралы хабарлама түскен жоқ болатын. Су деңгейі кейінірек көтерілді. Оның үстіне, тұрғынның жоғалып кеткені туралы туыстары бірден емес, екі тәулік өткен соң ғана хабарлады. Адам жоғалғаны туралы хабарлама 10 сәуір күні түнгі сағат үште түсті. Шағымданушының айтуынша, 7 сәуірден 8 сәуірге қараған түні ер адам өзінің автокөлігімен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері, полицейлер мен жергілікті халық жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына тікұшақ та тартылды», – деп мәлімдеді Қара ғанды облыстық ТЖД ресми өкілі Жанна Дәуренбекова. Қазір хабар-ошарсыз кеткен ер адамның көлігі табылды.«Іздестіру шаралары жалғасуда», – дейді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

ӘКІМДЕР НЕГЕ ҮНСІЗ?

Жылдағы жырға айналған көктемдегі тасқын суды аудан, ауыл әкімдері де төтеншеліктермен бірге «қарсы алуы» керек емес пе? Алайда олар үнсіз. Жағдайды тек ТЖД ғана жеткізуде. Мысалы, Нұра ауданы әкімінің сайты бар. Онда бүкіл мағлұмат жазылуы керек. «Қай жерде су басу қаупі бар. Егер де төтенше жағдай бола қалса, тұрғындар не істеуі керек?» дегендей. Ал бірақ, бұл арнайы сайттағы соңғы жазба 6 сәуір күні шыққан, оның өзі «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау басталды» деген тақырыпта тұр. Ал Осакаровка ауданы әкімінің сайтында су тасқынының болу қаупі жайлы ТЖД таратқан мәлімет жарияланған. Оның өзі 19 наурыздағы жазба. Басқа аудандардағы жағдай да осы сарында... тасқын

ДЕРЕКТІ БІЛУ КЕРЕК

Табиғаттың бұл бір дүрбелеңіне төтеншеліктер ғана емес, аудан, ауыл әкімдері де жауапты екенін білер күн жетті. Өткен жылдардағы дәйектер ауыл әкімдері жаз «гөләйттап» жүріп, «қыс қысып, көктемде қиналамыз-ау» деп ойланбай ма дегізеді. Сөз дәлелді болу үшін деректерге көз сала кетейікші. Мысалы, 2014 жылы қара судың қарқыны Көкпекті ауылының жартысын шайып кетті. 2015 жылы су тасқынынан Бұқар жырау, Нұра аудандарында көпірлер құлады. Қарқаралы ауданында жолға жайылған судан өтпек болған УАЗ автокөлігін су шайып кеткен. Бесоба ауылына бара жатқан 13 жолаушы мен жүргізушіден 11 адам ғана судан шыға алды. Үшеуі батып кетті. Сонымен бірге Шет және Қарқаралы аудандарында жолды су шайды. Ал 2019 жылы қардың тез еруіне байланысты Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра ауданындағы Шерубай-Нұра, Нұра, Құндызды өзені арнасынан асып, айналасына жайылды. Қызылқой ауылында 9 үйді су басып қалған. Ресми дерек бойынша,16 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді.

ТОҒАН ИЕСІ ДЕ ЖАУАПТЫ

Ауылды жерде өскен әр адам сол жерде қандай тоған, өзен барын бес саусағындай біледі. Бұрын ауыл тұрғындары қалың қарды үреймен емес қуанышпен қабылдайтын. «Биыл егін, көкөніс, жеміс-жидек бітік шығады. Көк көп болады» деп. Қар тоқтатылып, тоғандар мен өзен-көл, ауыл ішіндегі су ағар жыралар дер кезінде тазаланып, керек болса кенейтілетін. Ал қазір болса қысқы қардан шошитын болдық. – Өзен-көлдердің, ауыл ішіндегі су ағар жыралардың уақытылы тазаланбауының салдары елді мекендерге залалын тигізеді. Ал тоғандар болса жекеменшікке өтіп кеткен, иелері тек жаздыгүні жағалауды жалға беріп, ақша табуды көздейді. Су кодексінің 124-бабына сәйкес су шаруашылығы ұйымдары, су пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғалар елді мекендерді, өнеркәсіп нысандарын, ауыл шаруашылығы жерлерін, қорғалатын аумақтарды судың зиянды әсерінен қорғау жөніндегі алдын алу іс-шараларды жоспарлауға және жүргізуге міндетті, – дейді төтеншеліктер.   Түйін

Бұрынғы үрдіс ұмытылды. Қыста қалалардан қар тонналап шығарылғанымен, ауылдық жерлерде сол қалпы жатады. Қар тоқтату жұмыстары кей елді мекенде мүлдем жоқ, оны ұмытқан да шығар. Ал көктемде арнайы жыралармен сарқырап ағатын қар суы, бүгінде бітелген арықтардың кесірінен төңіректі алып кетеді. Жыралар мен арықтарды тазалап жатқан ешкім жоқ. Сосын барып, ауылымды су алды деп шырылдаймыз... Қашанғы төтеншеден көмек күтіп, барлық ауыртпалықты солардың мойнына іліп қоямыз?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы