Індет үдегенде мектептер қайта ашылды

Індет үдегенде мектептер қайта ашылды

Мұндай тақырыптың көтерілуіне індеттің таралуы мен мектептегі санитарлық норма талабы себеп болды. Оның үстіне, белсенді мұғалімдер әлеуметтік желіде вирус жұқтырған әріптестерінің қайтыс болғанын жазды. Күн санап өңірлер бірінен кейін бірі «қызыл аймаққа» өтіп жатыр. Денсаулық сақтау министрінің жағдай қиын деп дабыл қаққаны бар. Онда неге білім ошақтары аралас форматқа көшті?

Үзіліс және әлеуметтік қашықтық

Иә, «Мұғалім мәртебесі» қо­ғам­дық ұйымының төрағасы Мейір­жан Темірбек Алматыда үш әріптесінің індет салдарынан қай­тыс болғанын мәлімдеді. «От­басылары онсыз да қара жамылып отырғанда атын атап, түрін түс­темей-ақ қояйын. Бірақ бұл хабар рас. Жалған ақпарат тара­тудан аулақпын», – деді белсенді ұстаз. Айман Сағидулла да аталған жаңа­лықты алғашқы болып хабар­лағандардың бірі. Өзі де індетпен күресіп жатыр. Сондықтан ол әлеу­меттік желідегі жазбасында ауру өршіп тұрған шақта мұғалімдер мен оқушылардың өмірін тәуекелге тікпей, толықтай қашықтан оқыту форматына көшуге шақырған. Жағдайдың мән-жайын біл­мекке Алматыдағы Білім басқарма­сына қоңырау шалдық. Басқар­мадағы баспасөз хатшысы мұндай жаңалықтан бейхабар. Ал әлеу­меттік желі мен ақпарат кеңістігінің аталған жаңалықты талдап, IV тоқ­сан жайын қозғағанына төрт күн­нен асты. Жауаптылардың тиісті ақпаратты бізден білгеніне «ыңғай­сыздандық», әрине. Қош, мақсаты­мыз қайтыс болған мұғалімдердің аты-жөнін білу емес. Осындай жағдайдың алдын алуға қандай нұсқау беріліп, нендей қадам жасалатынын білу. «Бастысы, оқушы мен мұға­лімнің денсаулығы. Бір жылдан бері мұғалімдер, оқушылар мен студенттер жаманды-жақсылы қа­шықтан оқуға төселіп қалды. Енді қалған 2 айда артық тәуекелге бару ақымақтық. Себебі жаңа жылдан ашылған кезекші сыныптарда ка­рантин талаптарын толық сақтау мүмкін емес екеніне сол сынып­тарда жұмыс істеген мұғалімдердің көздері толық жетті. Тіпті, 11-сы­нып оқушысы болса да, бала­ның аты – бала. Бірде маскасы иегіне түсіп кетсе, бірде мұрыны ашылып кетеді. Ал үзіліс кезінде әлеуметтік қашықтық сақтау мүмкін емес. Сондықтан оқу жылын қашықтан оқып аяқтауды өз басым қолдай­мын. Ал IV тоқсанның басынан аралас форматта білім беруді бізге кейбір ата-аналардың өтініші деп түсіндірді», – дейді Өмір Шыны­бекұлы. Расымен, бір мұғалім 15-25 оқу­шының қайсыбірі үзіліс кезінде әлеуметтік қашықтықты сақтап, маска тағып-тақпағанын қадағалай алмайды. Бастауыш сынып оқу­шы­сы болсын, жоғары сынып оқушы­сы болсын, індет дейтін түсінік санасына сіңбегені бары анық. Оған жоғары сынып оқушыла­рының «өзім білемге» салатынын қосыңыз. Бірақ тексеру келсе таяқ жейтін мұғалім екені айтпаса да белгілі. Сол себепті мұғалімдердің дені IV тоқсан турасындағы ше­шімді қайта қарауды сұрайды.

Жасыл, сары, қызыл түс...

Қазір өмір сүру салтымыз атал­ған түстерге тәуелді екені даусыз. Білім беру мекемелерінде де тәртіп солай. Бірақ «жасыл мен сары аймақта» мектепке барып жүрген бала вирус жұқтырмайтынына кім кепіл? Ал елімізде үш ауысымды білім беретін мектептердің бары есте болар. Мәселен, Түркістан облысы Кентау қаласы Ынтымақ ауылындағы Молда Мұса атындағы жалпы орта мектеп оқушыларды үш ауысымда оқытады. Света Ыс­қақованың айтуынша, бір сыныпта шамамен 22-28 бала оқиды. «Бұ­рын­ғы тыныш заман­дағыдай оқып жатырмыз» деген мұғалімнің сөзіне сүйенсек, бала санын 25-тен асыр­май, аралас форматта білім беру керек дейтін тармақ қағазда жазыл­ған күйі қалған сыңайлы. Әрине, министрлік шешімді жергілікті органдар қабылдар дер. Алайда бүгінде Түркістанның сұ­лулығын, жаңарған келбетін көру үшін ту­рис­тер ағылып жат­қаны тағы бар. Сондықтан мұға­лімдер мен оқушы­лардың ден­саулығын тәуекелге тіккен қаншалықты орынды? «Қазақстанның түкпір-түк­пі­рінен көп мұғаліммен ара­ласамын. Бұған дейін де осы жайлы мәселе көтерілген, айттық. Кезекші сы­ныптар туралы және тағы басқа шешімді қабылдайтын жергілікті органдар деп министрлік жауап­кершілікті төмен қарай ысырған сыңайлы. Бізге қазір денсаулық қымбат. Сондықтан бала­ла­ры­мыздың, әріптестеріміздің ден­саулығы маңызды. Күніге жан-жақтан хабарласқан әріп­тес­­те­ріміздің айтуы бойынша ақша «үнемдеу» мақсатында топ-топ етіп оқытып жатқандар да бар, ал бөліп оқытқан, екі жұмыс істесе де ақы­сын ала алмай жүргендер тағы бар», – дейді Мейіржан Темірбек. Ұстаздың айтуынша, «Мұғалім мәртебесі» ұйымына көптеген хат келеді. Сондай хаттың бірін Ше­монаиха қаласы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сайрангүл М­а­диярқызы жолдаған. Оның ай­туынша, сыныбында 20 оқушы бар. Жыл басында ата-аналар 12 оқушы кезекші сыныпта оқуын, 8 оқушы қашықтан оқуын сұрап өтініш білдірген. Ал жағдай жақсарған соң қалған 8 оқушының да оффлайн оқуға аңсары ауған. Бірақ мектеп басшылығы аталған оқушылардың мектепте оқуына мүмкіндік бермей отырғанға ұқсайды. Мұғалімнің сөзінше, бірден-бір себеп – ақша үнемдеу. 20 бала бір сыныпта оқи қалса, оларды екі топқа бөлу керек болады. Сәйкесінше, мұғалімге қосымша ақы төленуі қажет. Сон­дай-ақ ол жыл басынан бері 12 оқу­шыға оффлайн, 8 оқушыға онлайн форматта білім бергені үшін де қосымша ақы алмаған. Ата-аналар балаларымыз түгелдей мек­тепке барсын деп арыз жазып бар­са, жауаптылар мұнда да қи­тұрқылыққа барған. Шарасыз мұғалім министрліктен қолдау күтіп жүр. Заңдылық бойынша бір жақтың сойылын соғатын ойымыз жоқ. Көздегеніміз – мұғалімдердің ойы мен арызының билікке жеткені. Өйткені көпшілігі өңірге бағдар­шамның қай түсі жанатынын күтіп, амалсыз дегенге көнбей, алаңсыз білім беруді қалайды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ