Демократияға дем берген институт
Демократияға дем берген институт

Партиялардың әлем тарихындағы, жеке мемлекет өміріндегі оң не­ме­­се теріс рөлі орасан зор. Мы­са­­лы, АҚШ-тың Демократиялық пар­­­­­­тиясының ұстанымы төрткүл дү­­­­ниеде демократияның дамуына ық­пал еткені шетелдік ғалымдар зерт­­теулерінде айтылады. Яғни, кез келген партия сан алуан тарихи бет­бұрыстардың драйверіне айнала алады. ХХ ғасырдың соңында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз Қазақстан мемлекетінің ір­ге­сін қа­лағанда, оның тұғырын ны­ғайтып, дамуы­ның даңғылын түзуде пар­тиялар үлкен рөл атқарды. Бү­гін­де сая­си партиялар бірқатар сая­си жаң­ғырулардың, әлеуметтік бас­та­малардың акторына және авто­ры­на айналып отыр. Олар саяси жүйе­нің мазмұнына, қоғамның идео­ло­гия­лық, дүниетанымдық көз­қара­сы­на ықпал етуде.

Азаттықтың ұстыны

Тәуелсіздік туралы сөз қозғағанда, азаттық жолындағы күреске сүбелі үлес қосқан «Алаш партиясын» айналып өте ал­маймыз. ХХ ғасыр басында осы қозға­лыс­тың айналасында біріккен қазақтың бет­кеұстар арыстары ұлт бостандығы үшін соңғы демі қалғанша алысып, жандарын пи­да етті. Бодандық заманындағы алғашқы ұлттық мемлекеттік-саяси құрылымды – Алаш Орданы құрып, халқымыздың азат­тыққа құштарлығы жойылмағанын, жаңа ғасырда қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіруге болатынын паш етті. Партиялардың тәуелсіздікті нығайту­дағы маңызын ашу үшін өзім куә болған бір оқиғаны келтіре кетейін. 2005 жылғы 16 қара­шада, сәрсенбінің сәтінде, Қаза­қ­стан мен Ресейде бір мезгілде тарихи оқиға болды. Бізде – Парламент Мәжілісінің, ал солтүстік көршіде – Мемлекеттік думаның қарауына «Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім» шығарылды. Екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған бұл құжатты бір күнде мақұлдауға осының ал­дын­да қос мемлекеттің лидерлері уағдалас­қан-тын. Алайда жас Қазақстанның аумақтық бү­тін­дігін қамтамасыз ететін, қазақ-орыс ше­карасын халықаралық және құқықтық рәсімдеуді аяқтайтын бұл құжатты қабыл­дауға Ресейде ЛДПР-дан Владимир Жири­новс­кий, Коммунистік партиядан Николай Кондратенко, «Родина» ұлттық-патриот­тық одағынан Сергей Глазьевтер бастаған 100-ге жуық депутат қарсы шығып, «аттан» кө­терді. Бұл жерде Қазақстан мен РФ ара­сын­­дағы 7,5 мың шақырымға созылып жат­қан шекара – әлемде «құрлықтағы ең ұзын шекара» саналатыны мәлім. Бұл ретте Ре­сейдің 11 республикасы мен аймағы Қа­зақстанмен шектеседі. Қазақ жеріне көз тіккен зәлім күштер, әсіресе осы өңірлерде үрей тудыруға, жұртшылықтың аталған келісімге қарсылығын қоздыруға тырысты. Онысынан ештеңе шықпады: Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен РФ президенті В.Путиннің, сондай-ақ Мәжілістегі басымдыққа ие «Отан» (қазіргі «Nur Otan») партиясы мен ресейлік билеуші партия «Единая Россияның» өзара уағ­даласуы арқасында тарихи құжат бір күнде қабылданды. Халықаралық келісімді Ресей МемДумасы 312 депутаттың басым дауы­сымен, ал Мәжіліс бірауыздан ратифика­ция­лады. «Отан» партиясы да, «Единая Рос­сия» да шекара шартын ратификациялау – «Қазақстан мен Ресейдің ұлттық мүд­деле­рі­не толық сай келеді» деген ортақ ұстаным­да бекіді. Егер сол жолы келісім мақұлданбағанда, кейінге қалғанда бұл Ресейдің империялық «қызуы» қайтпаған әсіреұлтшыл бөлігінің же­лігіне ғаламат дем беретін бе еді?!

Партиялар дамуының бес кезеңі

Партиялардың өркен жаюы демокра­тия­ның гүлденуін білдіреді. Сондықтан то­талитарлық режим Кеңес Одағында Ком­мунистік партиядан басқасының қыз­метіне қатаң тыйым салды. Бұл КСРО-ның Конс­титуциясында бекітілді: 6-бапта Ком­партияның басшылық рөлі атап айтылды. Онда: «Кеңес Одағының Коммунистік пар­тиясы – кеңес қоғамының басқарушы және бағыттаушы күші, оның мемлекеттік жә­не қоғамдық ұйымдарының, саяси жүйесінің өзегі» деп жазылған. Осылайша, КОКП одаққа кірген 15 рес­публика көлемінде идеологиялық және саяси монополияға ие болды. Бертінде КСРО-да «жариялылық» пен демократиялық процестер басталғанда, партия ашуға кедергі қоятын осы кесір бап­ты жою туралы мәселе көтерілді. 1989 жылы халық депутаттарының сайлауы  өткенде біраз депутат көппартиялық жүйеге өту, саяси демонополизациялау мәселесін ашық көтеріп, күн тәртібіне шығарды. Ақыры 1990 жылғы 14 наурызда «КСРО Президенті лауазымын тағайындау және КСРО Конституциясына өзгерістер мен то­­­лық­тырулар енгізу туралы» заң қабыл­дан­ды. Ол компартияны үстемдігінен айыр­ды. Кеңес Конституциясының атақты 6-ба­бы келесі редакцияда жазылды: «Кеңес Ода­ғ­ының коммунистік партиясы, басқа сая­си партиялар, сондай-ақ кәсіподақтар, жас­тар және өзге де қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстар халық депутаттары кеңесіне сайланған өз өкілдері арқылы және басқа нысандарда кеңес мемлекетінің саясатын түзуге, мемлекеттік және қоғам­дық істерді басқаруға қатыса алады». Бұл ондаған жылдар бойы «темір шымылдырық» ішінде өмір сүріп, демократиялық елдермен араласпаған мемлекеттегі тектоникалық өзгеріс болатын. Дегенмен одан кейін де, тіпті тәуелсіз­дік­тің алғашқы жылдарында еліміздің сая­си аренасында партиялар емес, негізінен қоз­ғалыстар дәуірлеп тұрды. «Қазақ тілі», «Не­вада-Семей», «Азат», «Желтоқсан», Арал мен Балқаш проблемалары жөніндегі коми­тет секілді қоғамдық ұйымдар мен бір­лестік­тер Қазақстанның тәуелсіз саясат жүр­гі­зіп, азат жолда ілгері басуына серпін берді. Саяси ғылымдардың докторы, доцент Юрий Булуктаев, тарихшы, саясат ғылым­дары­ның докторы Ерболат Сейлеханов тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің даму жол­дарын талдай келе, партиялық-саяси жүйе жаңғыруының бірнеше кезеңін атап көрсетеді. Ғалымдардың байламынша, бірінші кезеңге 1991-1995 жылдарды жатқызуға бо­лады. Бұл шақта алғашқы партиялар мен қозғалыстар қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасын қалыптастыруға үлес қосты. Екінші кезең 1995-2001 жылдар аралы­ғын қамтиды. 1995 жылы еліміздің жаңа Ата Заңы қабылданып, кәсіби Парламент қа­лыптасты. 1998 жылы Конституцияға өзге­ріс­тер енгізіліп, 1999 жылғы күзде Мәжіліс сайлауына бірден 10 саяси партия қатысты. Бұл ­ретте 1999 жылы Орталық Азия тари­хында тұңғыш рет Парламент сайлауы «ара­лас схемамен» өтті. Саяси партияларға пар­т­иялық тізіммен заң шығарушы органға сайлануға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, пар­ламенттік дода қызықты, тартысты өтті әрі жаңа саяси партиялардың пайда болу процесіне түрткі болды. 1 орынға орта есеп­пен 8 адам таласты. Сайлау қорытындысында бір мандатты округтан 67 депутат және партиялық тізім бойынша 10 депутат Мәжіліске кірді. Соңғылары – 7 пайыздық ме­жеден өте алған 4 партияның («Отан», Аза­маттық, Аграрлық және Коммунистік пар­тияның) өкілдері болатын. Осы кезеңде заманауи демократиялық институттар құрылды. Партиялық-саяси дамудың үшінші ке­зеңіне 2002-2006 жылдар  жатқызылады. 2002 жылы «Саяси партиялар туралы» жеке заң қабылданды, партиялардың қызметі нақ­ты реттелді. Партиялық жүйе трансфор­мацияланды: бірнешеуі өзара бірікті. 2004 жылғы қыркүйектегі сайлау нәти­жесінде ІІІ шақырылымдағы Парламент Мә­жілісіне 4 партияның – «Отан», «Асар», «Ақ жол» партияларының және «АИСТ» (Аграрлық және Азаматтық партиялардың «Еңбеккерлердің аграрлық-индустриялық одағы») сайлау блогының өкілдері кірді. Жалпы саны 10 депутат партиялар атынан сай­ланды. Осы кезеңде «Нұр Отан» халықтық-де­мократиялық партиясы қалыптасты. 2002 жылғы 9 қарашада – «Отан» РСП-ның ке­зектен тыс IV съезінде оның құрамына Қа­зақстанның Халықтық-кооперативтік пар­тиясы және Еңбек партиясы енді. 2006 жыл­ғы 4 шілдеде, кезектен тыс IX съезде «Отан» РСП «Асар» партиясымен бірікті. Сол жылғы 22 желтоқсандағы кезектен тыс Х съе­зінде көшбасшы партияға Азаматтық пар­тия мен Аграрлық партия қосылды. Осы съезде «Отан» РСП-ның атауы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып өзгертілді.

Билікте партиялар дәурені басталды

Төртінші кезең – 2007-2011 жылдар ара­лығына сәйкес келеді. Бұл мерзімде Қа­зақстанда конституциялық реформа (2007 жылы) өтті. Елімізде сайлаудың про­пор­цио­налды жүйесі енгізілді. Яғни, Парламент Мәжілісі партиялық тізіммен қалып­тас­тыры­ла бастады. Жаңарған Ата Заң бойын­ша Мәжіліс депутаттарының саны 77-ден 107-ге дейін ұлғайтылды. Соның ішінде 98 депутат партиялық тізім бойынша, қалған 9 депутат – Қазақстан халқы Ассамблея­сынан сайланды. Бесінші кезең – 2012 жылдан басталып, қазір жалғасуда. 2012 жылдан бері Қазақ­стан­да үш партиялы Мәжіліс жұмыс істеу­де. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жаңа партия құру ісі жеңілдетілді, ол үшін қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға азайтылды, салмақты құ­қық-құзыреті бар парламенттік оппо­зи­ция институты енгізілді. Партиялық жүйе­нің одан әрі дамуының жаңа перспективасы ашылуда. Саясаттанушы, «Альтернатива» өзекті зерт­теулер орталығының директоры Анд­рей Чеботаревтың айтуынша, партиялар азаматтардың саясатқа араласуы үдерісін «институционализациялайды», яғни қара­пайым тілмен айтқанда, көшеге, митингке шығу және басқа да әлеуметтік-саяси бел­сенділіктің бей-берекет, стихиялы фор­ма­ларын өркениетті қалыпқа түсіреді. «Партиялардың бұл рөлі төтенше маңызды. Әйтпесе, азаматтық қоғам мен инс­титуттар дамымаған болса, саяси мә­дениет төмен болса, халық өз әлеуметтік мүд­делерін қолына әртүрлі қару алып, біл­діруге тырысуы ықтимал. Оның үстіне бұл жағдайда охлократия өрістейді. Мұның бәрі қайғылы салдарға соқтыруы мүмкін. Елде хаос орнайды, әртүрлі типтегі зорлық-зом­былық күш алады. Бұл мемлекеттілік пен тәуел­сіздікке қауіп төндіреді. Сондықтан Қа­зақстандағы саяси партиялар аза­мат­тардың әртүрлі сұраныстарын рәсімдеп, билік­ке жеткізу, жүзеге асуын қадағалау функцияларын атқарғаны жөн. Олар сон­дай-ақ бітімгер, келіссөздер процестерінің ойыншылары рөлін атқаруы, бұқаралық наразы тобырларды тәртіпке келтіріп, оларды саналы топтарға және мәміле-консенсуске қол жеткізу үдерісінің салмақты субъектілеріне айналдыруы керек», – дейді саясаттанушы. Айтқандай, алда өтетін әкімдер сай­лауын­да партияларға өз кандидаттарын ұсынуға құқық берілді. Осы арқылы партия­лар тек республикалық деңгеймен шек­телмей, аймақтардағы ахуал мен сая­сат­қа белсене араласуға мүмкіндік алып отыр. Қалай болғанда, қазір саяси партиялар­дың іс-қимыл өрісі де, өкілеттігі мен мүмкіндігі де мол. Сонымен бірге оларға ар­тылатын жауапкершілік өсуде. Әділет министрлігінің хабарлауынша, биыл жаңа партиялар құрылады деп күтіліп отыр. Пар­тиялардың дамуы ел дамуына өзгеріс енгізіп, жаңа бетбұрыстарға бастауы мүм­кін.

Айхан ШӘРІП