Халықаралық корпорация екі кәсіпорын салады
Халықаралық корпорация екі кәсіпорын салады
109
оқылды

Алматы облысы әкімдігінде кезекті іскерлік кездесу болды. Өңір басшысы мен ресейлік «Технониколь» корпорациясының өкілдері ара­сындағы жүздесу барысында өзара ынтымақтастық жөніндегі үшжақты келісімге қол қойылды. Осы меморандумға сай, халықаралық корпорация жылуоқшаулағыш материалдар шығаратын екі бірдей заманауи зауыт тұрғызады. Кәсіпорындарға салынатын инвестиция көлемі  44 млрд теңге шамасында деп болжанған.

Ресми қонақтарды қарсы алған Аман­дық Ғаббасұлы аймақта жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, жұ­мыс орындарын құру Мемлекет басшы­сының аса маңызды тапсырмаларының бірі әрі бірегейі екенін айта келе әлемге танымал компаниямен ынтымақтастық орнатудың жоғарыда аталған бағыттарда жүзеге асырылуға тиісті жұмыстарға оң ықпал ететініне тоқталды. Облыста тұр­ғын үй құрылысының  алға жылжыған жылдармен бірге қарқын алып отырғаны­на, соған сай озық технология­ларды пай­даланатын заманауи өндіріс орын­дары­ның аса қажеттігіне тоқталды. Инвесторларға мүмкін болған қолдаулар­дың барлығы жасалатынын жеткізді. «Минеральная изоляция»  стра­тегиялық бизнес-бірлігінің жетекшісі Василий Ткачев Алматы облысында инвесторлармен жұмыстың ашықтығы мен қолдаулардың деңгейі жоғары екенін айрықша атап өтіп, корпорацияның тарихы мен қазіргі өндірісіндегі ерекше­ліктерді баяндады. Оның айтуынша, келер жылы «Технониколь» компания­сының құрылғанына 30 жыл толады. Компания құрамына Ресей, Беларусь, Литва, Италия, Германия, Ұлыбритания және Польша сынды әлемдегі жеті елде орналасқан 56 өндірістік алаң енеді. Сонымен бірге тағы 18 елде 22 өкілдігі, 19 оқу және 6 ғылыми орталығы бар. Кә­сіп­орындарында қызмет ететін 6 мыңнан астам адам 117 мемлекетке жөнелтілетін өнімдердің 3 мыңға жуық түрін өндіреді. Негізінен, жылу және гидрооқшаулағыш материалдар шығарылады. Осыдан біраз бұрын Польшада жаңа зауыт іске қо­сылыпты. Енді Алматы облысында екі заман­ауи зауыт салмақ. Екі кәсіпорын да Талғар ауданындағы «Қайрат» индус­триал­дық аймағына орналастырылады деп жоспарланған. «Бірінші зауыт энергоүнемдейтін жылуоқшаулағыш материалдар, нақ­тырақ айтқанда, тасмақтадан минералды оқшаулағыш өндіреді. Бұл экспортқа бейімделген өндіріс болады және «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономика­лық аймағы қамтамасыз ететін мүмкін­діктің арқасында өнімдерінің 20 пайызы Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Тәжікстанға экспортқа жөнелтіледі. Жылына 1,5 млн текшеметр дайын өнім шығаратын жаңа зауытта 180 жұмыс орны құрылады. Кәсіпорын жоғарыда жаз­ғанымыздай, құрылыстың қабырға­лары­на, төбелеріне, қасбеттеріне,  едендеріне, ішкі қабырғаларына арналған жылу және дыбысоқшаулағыштар, сэндвич-панелдер, теникалық оқшаулағыш, оттан қорғау және ауыл шаруашылығы үшін субстраттар шығарады.  Зауытты 2023 жылдың күзінде іске қосу жоспарланған. Ал екінші кәсіпорын туралы баян­да­ған  «Полимерная изоляция»  стратегия­лық бизнес-бірлігінің жетекшісі Алексей Касимовтың айтуынша, бұл зауыт жылы­на 400 мың текшеметр экологиялық жылуоқшаулағыш материал – экстру­зилен­ген пенополистирол шығаратын өндіріс орны болады. Экструзиленген пенополистирол құрылыстың іргетасын, төбесін жылылауға, түрлі инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылады. Мұнда да 40 жұмыс орны ашылады. «Технониколь» компаниясының зауыттары барлық экологиялық норма мен талаптардың сақталуына баса назар аударатынымен, автоматтандырудың жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Сонымен бірге компания шығаратын сапалы өнімдер құрылыс технологиясын барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді. Зауыттағы өндіріс, құрылыста заманауи материалдарды пайдалану базасында ашылған оқу орталықтарында кәсіп­орындар қызметшілерімен бірге осы салада еңбек ететін мердігерлер мен тағы басқа да мүдделі ұйымдардың жұмысшы­лары біліктілігін жетілдіріп, білімін көтере алады. Сондықтан Жетісу жерінде ашылатын қос кәсіпорынға да үлкен үміт артылып отыр. Барлық ойға алғандар орындалса, 250 жұмыс орны ашылатын өндіріс орындарына дайын өнімдер алу үшін жылына 20 мың жүк көлігі келмек. Бұл да өз кезегінде қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етері сөзсіз. Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі жаңа кәсіпорындар өңір эко­номикасына тың серпін беретінін айтып, өзінің бизнес және инвестиция саласына жетекшілік жасайтын орынбасарына жобаның орындалуы барысын тұрақты назарда ұстап отыратын жол картасын жасауды тапсырды. Мемлекеттің қолдауы арқасында және жергілікті жерлерде қолға алынған шаралар нәтижесінде облысымызда қо­лайлы инвестициялық ахуал қалып­тасқан.  Аса маңызды әрі қажетті жоба­ларға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сіз­дерде «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы аумағында логистикалық орталық құру мүмкіндігі бар. Сонымен бірге Алматы қаласында ашпақ болып отырған оқу орталығын осы қалада орналасқан облыстық колледж­дердің бірінде құруды ұсынамын, – деген Амандық Ғаббасұлы қажет қолдаулардың барлығы  жасалатынын тағы да қайталай кетті. Үшжақты меморандумға қол қою арқылы жүздесу кезінде  айтылған келісімдер бекітілді. Алматы облысы әкімдігі, Қазақстанның Ресейдегі Сауда өкілдігі және құрылыс материалдары мен жүйелерін  өндіруші «Технониколь» халықаралық компаниясы арасында өзара ынтымақтастық жөнінде  келісім жасалды.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы