3 айда 300 қылмыс: Қызылордада алаяқтық тыйылар емес
3 айда 300 қылмыс: Қызылордада алаяқтық тыйылар емес
131
оқылды
Қызылордада алаяқтардың қулығына құрық бойлмай тұр. Қазіргі таңда адамдарды алдап, сеніміне кіріп, оның мүлкіне қол сұғып, иемденіп алаяқтықпен айналысқан қылмыскерлер көбеюде. 2021 жылдың 3 айында 301 алаяқтық қылмысы тіркелді. Бұл қылмыстың ерекшелігі – жәбірленушінің алданып, мүлікті өз еркімен беруі. Қылмыскерлер пәтер, жер учаскесін, жеңілдетілген несие алып беремін, жұмысқа орналастыруға көмектесемін – деп жәбірленушінің ақшасын иемденуде. Соңғы кезде ақпараттық технологияның дамуына байланысты, аталған қылмыстардың көбі интернет арқылы жасалуда (QIWI-әмиян, интернет-банкинг, пирамида, SMS-алаяқтық). Сондықтан, бейтаныс, толық-білмейтін, жеңіл табыс табуға уәде берген адамдарға сенімділік танытпауды сұраймыз, ең алдымен заң қызметкерлерінен қажетті кеңестер алып, сақтық шараларына ерекше назар аудару қажет.
«Интернет алаяқтарына алданып қалмау үшін, ең біріншіден интернет арқылы тауар алатын сайттың жалған емес екендігіне, оның мекенжайы, телефондары бар болуына көз жеткізуіміз қажет, хабарласып жан-жақты ақпараттарды анықтап алғаннан кейін ақшаны төлеуге кеңес береді. Интернет-банкингті пайдаланғанда, банк жіберген ақпараттарды, кодтарды ешкімге бермеңіздер. Естеріңізге сала кетейік, банк болсын, құқық қорғау органдары болсын, еш уақытта сізге телефонмен хабарласып немесе месенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайды. Ал енді интернет-алаяқтарға алданып қалған болсаңыз, оның алаяқ екенін білсеңіз, онымен қарым қатынасты созудың амалын жасап, дереу құқық қорғау органдарына жүгіну қажет», – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің өкілдері.
Интернет-алаяқтыққа – интернет-дүкендер арқылы (QIWI-әмияны), интернет арқылы қайыр сұрау, SMS-алаяқтық және интернет-банкинг (каспий-голд және т.б.) арқылы жасалатын қылмыстар жатады.Интернет-дүкендер арқылы алаяқтар әр түрлі заттар ғаламторда өтірік жарнамалап, арзан бағаға өз бағасына береміз деп қызықтырып, алданғандар алаяқтарға «QIWI-әмиян» арқылы ақшасын аударады. Бұл қылмыстарда көбіне басқа елдің алаяқтарына алданады. Интернет-банкинг алаяқтары халықты алдап, сатып алушы немесе сатушы рөлінде банк карточкаларына ақша аударамыз деп жәбірленушінің реквизиттерін және интернет-банкинг арқылы келген хабарламадағы сандарды (код) алдап алып, интернет-банкингіне кіріп, есеп-шоты бойынша кез келген операцияны жасайды. SMS-алаяқтық кезінде телефон немесе теледидар секілді бағалы заттар сататын белгілі компаниялардың атынан хабарлама не телефон шалып «Сіз бағалы сыйлық ұттыңыз» деп қызықтырып, сыйлықты рәсімдеуге, жеткізуге ақша төлеу керектігін айтып алдап қажетті мөлшердегі ақшаны аудартып, телефонын сөндіріп тастайтын көрінеді. Сондықтан, сақ болған абзал!

Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Қызылорда облысы