Щучинскте жүкті әйел отырған жедел жәрдем көлігіне оқ тиді
Щучинскте жүкті әйел отырған жедел жәрдем көлігіне оқ тиді
110
оқылды
Ақмола облысы Щучинск қаласында белгісіз біреулер жүкті әйел бар жедел жәрдем көлігіне оқ атқан. Оқиға 11 сәуір күні кешкі уақытта болған деп хабарлайды Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасы.  Оқыс оқиға жексенбі күні шамамен сағат 22:10-да болған. Бурабай ауданының жедел жәрдем станциясына тиесілі көлік Щучинсктегі Шоссейная көшесіндегі шақырту орнынан келе жатқан. Жедел жәрдем көлігінде жүргізуші, екі фельдшер мен 26 жастағы жүкті келіншек болған.
"Науқасқа қауіп төніп, жедел ауруханаға жатқызу қажет болды. Жүргізуші жолда қарудың дауысына ұқсас дыбыс пен әйнектің сынған дыбысын естіген. Көлік тоқтағанымен, медициналық қызметкерлер ешкімді көрмеген. Бүйір жақ терезе сынған. Әйел ауруханаға жеткізілді, оның жағдайы тұрақты. Бірақ барлығы болған жағдайдан есеңгіреп қалды", - дейді облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Александр Высоцкий.
Осыдан кейін медицина қызметкерлері полицияға арыз түсірген. Бас дәрігердің айтуынша, тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.