Қарттар үйінің бухгалтері 10 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған
Қарттар үйінің бухгалтері 10 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған
115
оқылды

Аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі Жарқын Ғалымов «Смирнов» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бухгалтері А.Сәрсембаеваға қатысты қылмыстық істің мән-жайын айтты, – деп жазды inform.kz.

Сотқа дейінгі тергеу барысында Сәрсембаева 2017 жылдың қаңтарынан бастап 2020 жылдың қазан айына дейін қызметтік лауазымын пайдалана отырып мемлекет қаржысын жымқырған. Ол ұрлық жасау үшін «Казначейство-Клиент» бағдарламасын пайдаланып, бос орындар есебінен үнемделген қаржыдан өзіне заңсыз еңбекақы, сыйақы жазып отырған. Сәрсембаева орталық жетекшісі А.Сембаеваның сеніміне кіріп, оның электронды-цифрлық қолтаңбасын алып алған. Осылайша, тиісті бухгалтерлік құжаттарға қол қойып отырған. 3 жыл 8 айдың ішінде Сәрсембаева өзінің банк карточкасына 10 млн. 371 мың 857 теңгені заңсыз аударып, мемлекетке шығын келтірді. Сот 25 наурыз күні Сәрсембаеваны кінәлі деп тауып, пробациялық бақылаумен 5 жылға бостандығын шектеді. Сондай-ақ 5 жыл бойы ол мемлекеттік, жергілікті басқару органдары, квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде қаржымен байланысты қызметтерде жұмыс істей алмайды. 10 сәуір күні сот үкімі заңды күшіне енді.

«Сәрсембаеваның көп жыл бойы мемлекет қаржысын ұрлауына Сембаеваның электронды-цифрлық қолтаңбаны заңсыз беруі себеп болған. Осылайша, орталық жетекшісі лауазымдық міндеттерін орындауда салақтық танытқан. Ал 2018 жылы 19 ақпан мен 16 наурыз аралығында Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығын СҚО бойынша ревизиялық комиссия тексерген. Мемлекеттік аудитор Сәрсембаева бас бухгалтер болып тұрған аралықта – 2015 жылдың 1 қарашасынан 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін тексерген. Бірақ бюджет қаражатын ұрлауға байланысты деректерді анықтамаған», – дейді Жарқын Ғалымов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі орталықты тексеруге НАК «Көкше-Консалтинг» ЖШС тартып, жеке аудиторлық компания А.Е.Сарсембаеваның өзіне негізсіз 10 млн. артық теңгені аударғанын анықтады.