Ақмола облысында полицейлер өңірге аса ірі көлемде гашиш есірткісін алып өтпек болғандарды құрықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Нашақорлыққа қарсы күрес жөніндегі облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы кезінде 16 киллограмнан асатын «гашиш» есірткісі мен 17 миллион 500 мың теңге ақшаны алып бара жатқан топты ұстаған.
« Тәжірибелі қызметкерлердің жедел ұйымдастырылған әрекетінің нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы мен өңір аумағына аса ірі көлемде жеткізілген «гашиш» есірткісін жеткізуді ұйымдастырған 3 азамат қолға түсті», - деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-тармағы «аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өндіру және заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті азаматтар уақытша оқшаулағышқа қамауға алынған. «Басқа ақпараттар тергеу жүргізіліп жатқанына байланысты жарияланбайды», - деп толықтырды облыстық Полиция департаментінің нашақорлыққа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мейрам Жапбасов.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы