Астанада көпбалалы аналарды жұмыспен қамтитын 8 орталық ашылды
Астанада көпбалалы аналарды жұмыспен қамтитын 8 орталық ашылды
116
оқылды

Мұндай орындар әуелі көпбалалы аналар мен ерекше күтімді қажет ететін жеткіншектерді тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қажет. Бұл туралы «Хабар 24» арнасы хабарлады.

Тоғыз баланың анасы Жанар Баймұхамбетова орталықтағы тігін цехында еңбек етеді. Оның айтуынша, тапқан табысы бала-шағасын асырауға жеткілікті. Бұрын жұмыссыз жүрген Жаннаны өзі секілді аналар осында шақырған. Қыздың жасауы мен түрлі бұйымдар тігеді.

Көпбалалы ана Жанар Баймұхамбетова: «Ешқандай жұмыстан қашпаймыз. Қандай жұмыс болса, соны істеуге тырысамыз. Бұл жердің бізге берері өте көп. Неге десеңіз, бұл жер алтын құрсақты аналар бас қосатын жер. Содан кейін біз бір-бірімізге көмектесе аламыз. Сөзбен болса да, іспен болса да. Қолымыздан келетіні - қазақ қолөнерін жоғалтпау. Екіншіден, Қазақстанда отандық өндірісті дамыту», – дейді.

Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істейтін бұл орталықта оннан аса ана жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына жүктелген өз міндеті бар. Бірі тігін тіксе, енді бірі дайын өнімді өткізумен айналысады. Қазір көпбалалы аналардың қолынан шыққан заттарға сұраныс та бар.
Орталық жетекшісі Алида Отарбаева: «9-10 баласы бар аналардың біразы осында жұмыс істейді. Білмей келген аналарымызды тігінге үйретіп жатырмыз. Көшеге шығып, Үкіметке қол жайып жүргенше өз нәпақамызды табайық деп шешім қабылдадық. Бір жыл бұрын ашылған қоғамбыз. Ақырындап жұмыс бастап жатырмыз», – дейді.
Анасы жұмыста болған кезде олардың ұл-қызы үйде білім мен тәрбиеден алыстамас үшін арнайы білім беру орталығы да ашылыпты. Қазір мұнда 90-нан астам бала келіп білім алады. Ағылшын тілі мен домбыра тартуды үйренгісі келгендердің қатары көп дейді осы орталықты құрған Ұлжан Мырзагелдиева. Көпбалалы ана мемлекетттің қолдауының арқасында осы әлеуметтік жобаны қолға алғандығын айтады.

Білім беру орталығының басшысы Ұлжан Мырзагелдиева: «Оқу орталығының басты мақсаты – көпбалалы отбасылардың балаларына тегін білім беру. Мұндай отбасылардың балаларына көмек беру себебіміз, олардың жағдайы қосымша оқытуға жағдайы келе бермейді. Біз қолдап, карантин талаптарын сақтай отырып балаларға жағдай жасаудамыз», – дейді.

Ал оқушы Әсем Мәметхан: «Біз үйде 5 баламыз. Менің осы жерге келіп оқып жатқаныма 2-3 ай болды домбыраға.Қосымша ағылшын оқимын. Маған ұнайды бұл жерге келген. Жақсы түсіндіреді», – деді. Қазіргі таңда елордада ашылған 8 орталықта жүзден аса қыз-келіншектер жұмыспен қамтылыпты. Ал мамандығы сәйкес келмейтін кейбір көпбалалы аналар қайта даярлау курсынан өткен.

Қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұрат: «Жұмыстың ең негізі бұларға балық бермей, қармақ беру. Жұмыспен қамтамасыз ету. Бұл өздерінің ынтасы, әкімдіктің емес. Солардың ынтасын жүзеге асырып, солардың бастамаларын қолдап кей жерлерде ғимаратпен көмектесіп, жиһазбен көмектесіп кей жерлерде ақылмен бағыт беріп осы орталықтардың жандануына көмектесіп жатырмыз», – дейді.

Мұндай орталықтардың жұмысы алдағы уақытта «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетпек.