Егілгендер жарты миллионнан асты

Егілгендер жарты миллионнан асты

Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы вакцина салғызған азаматтар саны жарты мил­лион межесіне жетті. «2021 жылғы 15 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстанда 505 451 адам вакцина салдырды» деп ха­бар­лады Денсаулық сақтау министрлігі. Де­генмен олардың барлығы дерлік «Спутник V» вак­цинасын салғызуда. Елімізде жасалған вак­цина сынақ кезеңдерін аяқтауға таяу.

Бiлiм және ғылым министрлігі QazVac (QazCovid-in) вакцинасы коронавирустан сенімді қорғай алатынын мәлімдеді. «Қазақстандық QazVac вакцинасы клиникалық зерттеулердің соңғы – үшінші кезеңінен өтіп жатыр. Оған 3 мың ерікті қатысып, вакцинаны 21 күндік аралықпен 2 рет алды. Вакцина салдырған еріктілердің қанында қажетті қорғаныс антиденелері пай­­да болды. Бүгінде еріктілердің жағдайлары жақсы. Зерттеулер QazVac-тың коронавирус инфекция­сына қарсы жоғары иммуностимуляторлық белсенділігін көрсетті. Вакцина сенімді қорғанысты қам­тамасыз етіп, гуморальды және жасушалық иммунитет қалыптастырады. Қазақстандық вакцина сал­дырған еріктілерде антиденелер титрінің өсуі байқалады. Атап айтсақ, І вакцинациядан кейін 16-дан 128-ге дейін (СГТ=32.0), ал ІІ вакцинациядан кейін 128-ден 2048-ге дейін (СГТ=618.5) өсім тіркелді», – деді БҒМ. Сондай-ақ отандық вакцинаны салдырған адамның ағзасында вирусты бейтараптандыратын антиденелердің пайда болуы қазақстандық инактивті вакцинаның тиімділігін көрсетіп отыр. Алғашқы вакциналаудан кейін адам ағзасында 2-ден 16-ға дейінгі титрде вирусты бейтараптандыратын антиденелер пайда болды (СГТ=5.1). Қайта вакциналаудан кейін бұл көрсеткіш тұрақты өсіп, 28 тәулікте 8-ден 128-ге дейін (СГТ=19.3), ал 42 тәулікте 32-ден 256-ға дейін (СГТ=99.5) жетті. Салыстыру үшін айтсақ, мысалы плацебо егілген еріктілердің қан сарысуы үлгілерінде вирусты бейтараптандыратын антиденелер табылмаған.

Е.СЕНБАЙ