Халық саны 18 млн 917 мыңнан асты
Халық саны 18 млн 917 мыңнан асты

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ел халқының саны 18 млн 917 мың болғанын мәлімдеді.

«2021 жылғы 1 наурызда еліміздегі халық саны 18 917,2 мың адам болды. Оның ішінде қала халқы – 11 187,2 мың (59,1%), ауыл халқы – 7 730,0 мың адам (40,9%). 2020 жылғы 1 наурызбен салыстырғанда халық саны 245,3 мың адамға немесе 1,3 пайызға өсті», – делінген бюро ұсынған ақпаратта. Мәлімет бойынша, 2021 жылғы қаңтар-ақпанда республика халқының табиғи өсімі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда (42,0 мың адам) 0,2 пайызға артып, 42,1 мың адамға жеткен. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда – 13,71 адам. АХАТ органдары ұсынған мәліметте 2021 жылы қаңтар-ақпанда  65,7 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (64,7 мың адам) қарағанда 1,6 пайызға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1 000 адамға 21,41 туғанға тең. Аталған  кезеңде қайтыс болғандар саны – 23,7 мың адам. Бұл 2020 жылғы қаңтар-ақпанға (22,7 мың адам) қарағанда 4,2 пайызға көп. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1 000 адамға шаққанда 7,70-тен келеді. 2021 жылы қаңтар-ақпанда республикада 1 жасқа толмаған 517 нәресте шетінеген. 2020 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда сәби өлімі (583 шетінеген) 11,3 пайызға азайды.  

  А. ЖОЛДАС