Мемлекеттік операторлар монополиясы
Мемлекеттік операторлар монополиясы

Шенеуніктер көптеген салада жасанды монополия орнатып алған. Оларды оператор мәртебесіндегі компаниялар басқарады. Соның ішінде «майшелпек» секторларды баламасыз астына басқан «ӨКМ Операторы-Оператор РОП», «Сәтті Жұлдыз», Silk Way Monitoring компанияларының артында жеке тұлғалар тұрғаны анықталды. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 53 оператор бар, олардың жалпы табысы 251 миллиард теңгеден асты. Кейбірі тіпті бюджеттен қаржыландырылып келген. Халық бұл операторлардың кімдерді байытып жатқанынан бейхабар қала бере ме?

Министрге – асыл, бюджетке – масыл

Сорақысы сол, оператор­лар­дың біра­зы бюджеттен қорек­тенуде екен. Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агенттігі елең ет­кізер­лік бір деректі жария етті. Ведомство мысал ретінде Еңбек және халық­ты әлеу­меттік қорғау министрлігінің ведомстволық ба­ғынышты ұйымы – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ын (ЕРДО) келтірді. Бұл не ұйым, немесе немен айналысады? Оны жұртшы­лық көп біле бер­мейді. Айталық, жұмыс іздеген адам газет­терді парақтайды, мемор­гандардың, компания­лардың сайттарына үңіледі. Бұдан бөлек, жұмыс табуға көмектесетін жеке­меншік көптеген сервис пен сайт­тар бұрыннан бар, оларды ин­тернеттегі іздеу жүйесінен табу­ға болады. Ол аз болғандай, шенеу­ніктер соларға бәсеке ретінде enbek.kz порталын құрды. Оның тіпті заң­намалық тұғырын түзіп алды. «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес, ЕРДО дәл осы «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталын сүйемелдейді және соған қыз­мет көрсетеді. Оның өзге де ақпараттан­дыру объектілерімен интеграциясын, сондай-ақ әлеуметтік еңбек саласының деректерін талдауды және өңдеуді жүзеге асырады. – Мемлекеттік статистика дерегінше, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және оларға қызмет көрсету нарығында 270 жеке кәсіпкерлік субъектісі қызмет етеді. Алайда ЕРДО-ға айрықша құқық беріл­ген: соның арқасында бұл орталыққа конкурстарға қатыспай-ақ, мемлекеттік тапсырмалар алуға, тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік берілген. 2017 жылдан бастап 2020 жылды қоса алғандағы кезеңде Еңбек министрлігі мен ЕРДО арасында жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгеге тікелей шарт жасалды. Аудиторлық есепті талдау көрсеткендей, ЕРДО бюджетінің 95%-дан астамы Еңбек министрлігінің сатып алуы есебінен қалыптасатын болған. Яғни, шын­дап келгенде, министрлік осы орта­лықты мемлекеттік бюджет есебінен ұстап отыр, – деді агенттік. Антимонополиялық органның бай­ламынша, «дәл осындай қызметтерді Еңбек министрлігі бәсекелестік негізде сатып алғанда бұл шығындар айтар­лық­тай төмен болуы мүмкін». Одан Денсаулық сақтау министрлігі қалысар емес. Антимонополиялық қыз­меттің хабарлауынша, операторларды меморгандар өз функцияларының бір бөлігін беру үшін құрған жағдай жетерлік. «Мәселен, «Республикалық электрон­дық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК-сы денсаулық сақтаудың ақпарат­тық жүйелерін сүйемелдеуді, сондай-ақ ДСМ-ге медициналық-статистикалық ақпаратты ұсынуды жүзеге асырады. Ал Денсаулық кодексінің 75-бабына сәйкес, денсаулық сақтау саласын статистикалық байқау уәкі­летті органның, яғни ми­нистр­­ліктің өз құзы­ретіне жатады. Соған қара­мастан Денсаулық сақтау министрі­нің 2020 жылғы 7 желтоқсандағы бұйры­ғына сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдары статистикалық ақпаратын ДСМ-ге емес, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» кәсіпорнының аумақ­тық филиалдарына ұсынуға міндеттелген. Салдарынан опера­тор меморган функ­цияларының бір бөлі­гіне ие болды. Ал оны қаржыландыру тіке­лей шарт жасасу және мемлекеттік тап­сыр­ма­ларды іске асыру есебінен жүзеге асы­ры­лады. 2017 жылдан бері оператордың моно­полистік қызметінен түскен кірістері 7,9 миллиард теңгені құрады», – деді агенттік.

Өктем оператор, азусыз агенттік

Сонымен, Қазақстанда биліктегілер 39 заң арқылы 53 операторды құрып ал­ған. Бұл ретте осындай мәртебе тек мем­лекеттік кәсіпорынға ғана емес, сондай-ақ квази­мем­­лекеттік сектор субъектілері мен жеке­меншік компанияларға берілген. Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агент­тігі олар­ды құрудың үш түрлі астарын әшкере­леді: біріншіден, оператор құру ар­қылы шенділер мемлекеттік монопо­лия­ны енгізу жөніндегі рәсімдерді айна­лып өтеді. Екін­шіден, сол арқылы тендер өткізбей, кон­курстан тыс негізде сатып алуды іске асы­рады. Үшіншіден, опера­торға мемлекеттік орган функцияла­ры­ның бір бөлігін беріп қояды. «Анықталған 53 оператордың 50-і – мем­лекеттік оператор. Қалған 3 опера­тордың түпкілікті бенефициары – жеке тұлғалар, бұлар «ӨКМ Операторы-Оператор РОП» ЖШС, «Сәтті Жұлдыз» АҚ, Silk Way Monitoring ЖШС», – деді агенттік. Бұлардың қызметі халық пен бизнес тарапынан қатаң сынға ілігіп жүр. Мы­салы, өзге компаниялар лотерея биз­несі­мен айналысып, кәсібін дөңгелеткісі келеді. Алайда Мәдениет және спорт ми­нистрлігі бұған тосқауыл қойды: 15 жыл бойы лотереямен Қазақстанда жалғыз ком­пания – «Сәтті Жұлдыз» АҚ айналысады. Бұл компания лотереядан түсіп жатқан мил­лиардтардың бір бөлігіне елдегі спорт­тың дамуын қаржыландыруы тиіс еді. Әйткенмен, лотереядан бағыттал­ған қара­жат арқасында өркендеп кетті деген спорт түрін таппайсыз. «ӨКМ Операторы» жинайтын мил­лиондаған теңге утилизациялық алым қазақ­стандықтарға жаңа көлік сатып алу­ға мүмкіндік бермей тұр. Соның кесірінен елдегі автопарк қарқынды түрде ескіріп келеді. Тіпті, сенаторлардың өзі осы алым­ды сынға алды, оның көлемін азай­туды сұраған. Азайтпақ түгіл, шенеуніктер утилизациялық алым жиналатын өнімдер тізімін кеңейтуде. Ондай алымды енді ауыл шаруашылығы техникалары да төлеуге міндеттелген. Жалпы алғанда, Қазақстанда ең көп оператор (15) қаржы нарықтарында құ­ры­лыпты. Одан кейін көлік және бай­ланыс нарықтары (10 оператор), IT қызметтері (8), отын-энергетика кешені саласы (7), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (2) және экология саласы (2) тұр. Өзге нарық­тарда 9 оператор жұмыс істеуде. Енді осы салада мемлекет реформа жүргізбек. Сарапшылардың айтуынша, теңдік сұрап, бәсекелестік жолында қасық қаны қалғанша күресуі тиіс антимонополиялық орган тағы жұмсақтық танытып отыр. Реформа аясында әр саланы монополия­ландырып алған операторлар тегіс тараты­лып, соның бәрінде бәсекелестік жаппай өркен жаюы қажет еді. Бірақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2025 жылдың соңына дейін тек 10 операторды ғана бә­секелі ортаға беруді ұсынып отыр. Қалғаны қазіргі өктем ісін жалғастыра береді. Оның ішінде 9-ын заңдастырып, «мемлекеттік монополия субъектісі» мәртебесінде қайта құру жоспарланыпты. «Мемлекет қатысатын субъектілерді қысқарту нәтижесінде адал бәсекелестік дамиды, бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілері монополиясызданады, бәсе­келес ортаға мемлекеттің қатысу үлесі азаяды, кәсіпкерлік нысандарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жа­салады», – деді агенттік.

Қайшылық қала береді...

«Негізі, бәсеке шектелген жерді бы­лық пен кесір жайлайды. Операторлар бюджет қаражатын талан-тараж етуге ықпал етеді. Олардың қызметі халық үшін жария емес, миллиардтардың қайда кетіп жатқаны жасырын. Министрлер қандай да бір компа­нияның не себепті өзге бәсе­келестері алдын­да айрықша басымдық пен құқыққа ие бол­ғанын, арнайы мәр­тебе оған не үшін берілгенін түсіндіре бер­мейді. Операторлар ешқандай тен­дерсіз-ақ миллиардтаған ел қаржысын игереді. Бұлардың бағаларын, тарифтерін мемлекет реттемейді. Одан биз­нес пен халық зардап шегуде, олар елде әлеуметтік шиеленістің тууына түрткі болуда. Сон­дықтан реформа аясында осы олқы­лық­тың бәрі жойылуы керек. Мемлекеттік және жеке операторлардың қызметі ту­ралы жан-жақты ақпаратты жария ету та­лабы енгізілуі қажет», – дейді эконо­мист М.Ерғозин. Сарапшылардың пайымдауынша, елімізде жеке операторлар да мемлекеттік монополия ретінде қайта құрылғаны жөн. Өйткені мемлекеттік монополия субъек­тілерінің қызметіне бірқатар шектеу қойы­лады: мысалы, олардың тауарлары мен қызметінің бағалары реттеледі, қызметтің өзге түрлерін жүзеге асыруына тыйым салынады, жапсарлас нарықтарға кіруіне, қатысуына жол берілмейді. Олардың қыз­меті заң жүзінде реттеледі. Бұлай болмаған соң оператор атанып, саланы монополия­ландырған компания өзгелерге ойына кел­генін істейді, халық пен бизнесті қанайды. Құзырын теріс, асыра пайдаланады. Саланы жөнсіздіктер жайлағаны моно­полияға қарсы органның талдауынан да аңғарылады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің айтуынша, Кәсіпкерлік кодексінің 193-бабы 2-тар­мағына сәйкес, мемлекет қандай да бір салада монополия енгізу арқылы бәсе­келестікті шектеуге құқылы. Бірақ бұл «мемлекеттік кәсіпорын түрінде мем­лекеттік монополия субъектісін құру жолымен ғана жүзеге асырылуы тиіс». Оның үстіне айрықша құқық кәсіпорынға емес, мемлекетке тиесілі болады. Заң жүзінде тамаша, өмірде бәрі басқаша. «Бірақ мемлекеттік монополия субъек­тісі болып есептелмейтін нарық ойын­шысына тауар өндіруге, өткізуге осындай айрықша құқықтарды заңна­малық бекіту тәжірибесі қалыптасты. Олардың арасында «Оператор РОП», «Сәтті Жұлдыз», Әлеу­меттік медици­на­лық сақтандыру қоры, Мемлекеттік техникалық қызмет, Еңбек ре­сурстарын дамыту орталығы, Қаз­МұнайГаз-Аэро, Электрондық коммерция орталығы секілді көлік, байланыс, IT қыз­меттері, отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және өзге де нарықтарда жалпы саны 40-тан астам субъекті бар», – деді агенттік. Бұл ретте жекеменшік үш компания және өзгелері әрі қарай да оператор мәртебесінде қала береді деп күтілуде. Тек 9-ы ғана заңға сәйкес мемлекеттік моно­полия субъектісі ретінде қайта ұйым­дастырылады. Антимонополиялық орган қалған­дарын жою керек деп табандамайды. Тек «ымыра нұсқа» ұсынып отыр: мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін сақтау үшін 5 жыл сайын конкурстық негізде оператор мәртебесіне компания­ларды қайта іріктеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар оператордың тариф-бағасын белгілеу, оның қоғамға есеп беруін енгізу қарастырылған. Бұдан бө­лек, ол компаниялардың артында кімдер тұрғанын ашып, түпкілікті бенифи­циарлар туралы мәліметті жария ету ұсынылды. Ал сарапшылардың «операторлардың қызметіне толық тыйым салу керек» деген идеясынан бәсекеге жауапты агент­тік бас тартты. Онда, мысалы «Отбасы банкін», ӘМСҚ және басқасын жабуға тура келер еді. Қалай болғанда, монополиямен кү­ресу­шілер еркін қимылдап, аса батыл ұсыныстарын ілгерілете алар еді. Себебі бұған ел басшылығы саяси ерік-жігер танытып отыр: Президент Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында елі­міздің экономикалық бағытына негіз бола­тын басты қағидаттардың бірі – адал бә­секе­лестік және кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтар ашу болатынын жариялады. Әрбір кәсіпкер үшін тең мүм­кіндіктер жасап, нарықтарды моно­по­лияландыруды тоқтату қажеттігі ай­тылды. Бәлкім, азаттықтың 30 жылды­ғын­да бәсе­кеге жауапты орган да ал­пауыт­­тарға азуын көрсете алар дәрежеге жетер...

Айхан ШӘРІП