Шенеуніктер көптеген салада жасанды монополия орнатып алған. Оларды оператор мәртебесіндегі компаниялар басқарады. Соның ішінде «майшелпек» секторларды баламасыз астына басқан «ӨКМ Операторы-Оператор РОП», «Сәтті Жұлдыз», Silk Way Monitoring компанияларының артында жеке тұлғалар тұрғаны анықталды. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 53 оператор бар, олардың жалпы табысы 251 миллиард теңгеден асты. Кейбірі тіпті бюджеттен қаржыландырылып келген. Халық бұл операторлардың кімдерді байытып жатқанынан бейхабар қала бере ме?
Министрге – асыл, бюджетке – масыл
Сорақысы сол, операторлардың біразы бюджеттен қоректенуде екен. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі елең еткізерлік бір деректі жария етті. Ведомство мысал ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ведомстволық бағынышты ұйымы – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-ын (ЕРДО) келтірді. Бұл не ұйым, немесе немен айналысады? Оны жұртшылық көп біле бермейді. Айталық, жұмыс іздеген адам газеттерді парақтайды, меморгандардың, компаниялардың сайттарына үңіледі. Бұдан бөлек, жұмыс табуға көмектесетін жекеменшік көптеген сервис пен сайттар бұрыннан бар, оларды интернеттегі іздеу жүйесінен табуға болады. Ол аз болғандай, шенеуніктер соларға бәсеке ретінде enbek.kz порталын құрды. Оның тіпті заңнамалық тұғырын түзіп алды. «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес, ЕРДО дәл осы «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталын сүйемелдейді және соған қызмет көрсетеді. Оның өзге де ақпараттандыру объектілерімен интеграциясын, сондай-ақ әлеуметтік еңбек саласының деректерін талдауды және өңдеуді жүзеге асырады. – Мемлекеттік статистика дерегінше, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу және оларға қызмет көрсету нарығында 270 жеке кәсіпкерлік субъектісі қызмет етеді. Алайда ЕРДО-ға айрықша құқық берілген: соның арқасында бұл орталыққа конкурстарға қатыспай-ақ, мемлекеттік тапсырмалар алуға, тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыруға мүмкіндік берілген. 2017 жылдан бастап 2020 жылды қоса алғандағы кезеңде Еңбек министрлігі мен ЕРДО арасында жалпы сомасы 3,2 миллиард теңгеге тікелей шарт жасалды. Аудиторлық есепті талдау көрсеткендей, ЕРДО бюджетінің 95%-дан астамы Еңбек министрлігінің сатып алуы есебінен қалыптасатын болған. Яғни, шындап келгенде, министрлік осы орталықты мемлекеттік бюджет есебінен ұстап отыр, – деді агенттік. Антимонополиялық органның байламынша, «дәл осындай қызметтерді Еңбек министрлігі бәсекелестік негізде сатып алғанда бұл шығындар айтарлықтай төмен болуы мүмкін». Одан Денсаулық сақтау министрлігі қалысар емес. Антимонополиялық қызметтің хабарлауынша, операторларды меморгандар өз функцияларының бір бөлігін беру үшін құрған жағдай жетерлік. «Мәселен, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК-сы денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін сүйемелдеуді, сондай-ақ ДСМ-ге медициналық-статистикалық ақпаратты ұсынуды жүзеге асырады. Ал Денсаулық кодексінің 75-бабына сәйкес, денсаулық сақтау саласын статистикалық байқау уәкілетті органның, яғни министрліктің өз құзыретіне жатады. Соған қарамастан Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, денсаулық сақтау ұйымдары статистикалық ақпаратын ДСМ-ге емес, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» кәсіпорнының аумақтық филиалдарына ұсынуға міндеттелген. Салдарынан оператор меморган функцияларының бір бөлігіне ие болды. Ал оны қаржыландыру тікелей шарт жасасу және мемлекеттік тапсырмаларды іске асыру есебінен жүзеге асырылады. 2017 жылдан бері оператордың монополистік қызметінен түскен кірістері 7,9 миллиард теңгені құрады», – деді агенттік.Өктем оператор, азусыз агенттік
Сонымен, Қазақстанда биліктегілер 39 заң арқылы 53 операторды құрып алған. Бұл ретте осындай мәртебе тек мемлекеттік кәсіпорынға ғана емес, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері мен жекеменшік компанияларға берілген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі оларды құрудың үш түрлі астарын әшкереледі: біріншіден, оператор құру арқылы шенділер мемлекеттік монополияны енгізу жөніндегі рәсімдерді айналып өтеді. Екіншіден, сол арқылы тендер өткізбей, конкурстан тыс негізде сатып алуды іске асырады. Үшіншіден, операторға мемлекеттік орган функцияларының бір бөлігін беріп қояды. «Анықталған 53 оператордың 50-і – мемлекеттік оператор. Қалған 3 оператордың түпкілікті бенефициары – жеке тұлғалар, бұлар «ӨКМ Операторы-Оператор РОП» ЖШС, «Сәтті Жұлдыз» АҚ, Silk Way Monitoring ЖШС», – деді агенттік. Бұлардың қызметі халық пен бизнес тарапынан қатаң сынға ілігіп жүр. Мысалы, өзге компаниялар лотерея бизнесімен айналысып, кәсібін дөңгелеткісі келеді. Алайда Мәдениет және спорт министрлігі бұған тосқауыл қойды: 15 жыл бойы лотереямен Қазақстанда жалғыз компания – «Сәтті Жұлдыз» АҚ айналысады. Бұл компания лотереядан түсіп жатқан миллиардтардың бір бөлігіне елдегі спорттың дамуын қаржыландыруы тиіс еді. Әйткенмен, лотереядан бағытталған қаражат арқасында өркендеп кетті деген спорт түрін таппайсыз. «ӨКМ Операторы» жинайтын миллиондаған теңге утилизациялық алым қазақстандықтарға жаңа көлік сатып алуға мүмкіндік бермей тұр. Соның кесірінен елдегі автопарк қарқынды түрде ескіріп келеді. Тіпті, сенаторлардың өзі осы алымды сынға алды, оның көлемін азайтуды сұраған. Азайтпақ түгіл, шенеуніктер утилизациялық алым жиналатын өнімдер тізімін кеңейтуде. Ондай алымды енді ауыл шаруашылығы техникалары да төлеуге міндеттелген. Жалпы алғанда, Қазақстанда ең көп оператор (15) қаржы нарықтарында құрылыпты. Одан кейін көлік және байланыс нарықтары (10 оператор), IT қызметтері (8), отын-энергетика кешені саласы (7), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (2) және экология саласы (2) тұр. Өзге нарықтарда 9 оператор жұмыс істеуде. Енді осы салада мемлекет реформа жүргізбек. Сарапшылардың айтуынша, теңдік сұрап, бәсекелестік жолында қасық қаны қалғанша күресуі тиіс антимонополиялық орган тағы жұмсақтық танытып отыр. Реформа аясында әр саланы монополияландырып алған операторлар тегіс таратылып, соның бәрінде бәсекелестік жаппай өркен жаюы қажет еді. Бірақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2025 жылдың соңына дейін тек 10 операторды ғана бәсекелі ортаға беруді ұсынып отыр. Қалғаны қазіргі өктем ісін жалғастыра береді. Оның ішінде 9-ын заңдастырып, «мемлекеттік монополия субъектісі» мәртебесінде қайта құру жоспарланыпты. «Мемлекет қатысатын субъектілерді қысқарту нәтижесінде адал бәсекелестік дамиды, бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілері монополиясызданады, бәсекелес ортаға мемлекеттің қатысу үлесі азаяды, кәсіпкерлік нысандарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасалады», – деді агенттік.Қайшылық қала береді...
«Негізі, бәсеке шектелген жерді былық пен кесір жайлайды. Операторлар бюджет қаражатын талан-тараж етуге ықпал етеді. Олардың қызметі халық үшін жария емес, миллиардтардың қайда кетіп жатқаны жасырын. Министрлер қандай да бір компанияның не себепті өзге бәсекелестері алдында айрықша басымдық пен құқыққа ие болғанын, арнайы мәртебе оған не үшін берілгенін түсіндіре бермейді. Операторлар ешқандай тендерсіз-ақ миллиардтаған ел қаржысын игереді. Бұлардың бағаларын, тарифтерін мемлекет реттемейді. Одан бизнес пен халық зардап шегуде, олар елде әлеуметтік шиеленістің тууына түрткі болуда. Сондықтан реформа аясында осы олқылықтың бәрі жойылуы керек. Мемлекеттік және жеке операторлардың қызметі туралы жан-жақты ақпаратты жария ету талабы енгізілуі қажет», – дейді экономист М.Ерғозин. Сарапшылардың пайымдауынша, елімізде жеке операторлар да мемлекеттік монополия ретінде қайта құрылғаны жөн. Өйткені мемлекеттік монополия субъектілерінің қызметіне бірқатар шектеу қойылады: мысалы, олардың тауарлары мен қызметінің бағалары реттеледі, қызметтің өзге түрлерін жүзеге асыруына тыйым салынады, жапсарлас нарықтарға кіруіне, қатысуына жол берілмейді. Олардың қызметі заң жүзінде реттеледі. Бұлай болмаған соң оператор атанып, саланы монополияландырған компания өзгелерге ойына келгенін істейді, халық пен бизнесті қанайды. Құзырын теріс, асыра пайдаланады. Саланы жөнсіздіктер жайлағаны монополияға қарсы органның талдауынан да аңғарылады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің айтуынша, Кәсіпкерлік кодексінің 193-бабы 2-тармағына сәйкес, мемлекет қандай да бір салада монополия енгізу арқылы бәсекелестікті шектеуге құқылы. Бірақ бұл «мемлекеттік кәсіпорын түрінде мемлекеттік монополия субъектісін құру жолымен ғана жүзеге асырылуы тиіс». Оның үстіне айрықша құқық кәсіпорынға емес, мемлекетке тиесілі болады. Заң жүзінде тамаша, өмірде бәрі басқаша. «Бірақ мемлекеттік монополия субъектісі болып есептелмейтін нарық ойыншысына тауар өндіруге, өткізуге осындай айрықша құқықтарды заңнамалық бекіту тәжірибесі қалыптасты. Олардың арасында «Оператор РОП», «Сәтті Жұлдыз», Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік техникалық қызмет, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, ҚазМұнайГаз-Аэро, Электрондық коммерция орталығы секілді көлік, байланыс, IT қызметтері, отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және өзге де нарықтарда жалпы саны 40-тан астам субъекті бар», – деді агенттік. Бұл ретте жекеменшік үш компания және өзгелері әрі қарай да оператор мәртебесінде қала береді деп күтілуде. Тек 9-ы ғана заңға сәйкес мемлекеттік монополия субъектісі ретінде қайта ұйымдастырылады. Антимонополиялық орган қалғандарын жою керек деп табандамайды. Тек «ымыра нұсқа» ұсынып отыр: мемлекет пен бизнес мүдделерінің теңгерімін сақтау үшін 5 жыл сайын конкурстық негізде оператор мәртебесіне компанияларды қайта іріктеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар оператордың тариф-бағасын белгілеу, оның қоғамға есеп беруін енгізу қарастырылған. Бұдан бөлек, ол компаниялардың артында кімдер тұрғанын ашып, түпкілікті бенифициарлар туралы мәліметті жария ету ұсынылды. Ал сарапшылардың «операторлардың қызметіне толық тыйым салу керек» деген идеясынан бәсекеге жауапты агенттік бас тартты. Онда, мысалы «Отбасы банкін», ӘМСҚ және басқасын жабуға тура келер еді. Қалай болғанда, монополиямен күресушілер еркін қимылдап, аса батыл ұсыныстарын ілгерілете алар еді. Себебі бұған ел басшылығы саяси ерік-жігер танытып отыр: Президент Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында еліміздің экономикалық бағытына негіз болатын басты қағидаттардың бірі – адал бәсекелестік және кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтар ашу болатынын жариялады. Әрбір кәсіпкер үшін тең мүмкіндіктер жасап, нарықтарды монополияландыруды тоқтату қажеттігі айтылды. Бәлкім, азаттықтың 30 жылдығында бәсекеге жауапты орган да алпауыттарға азуын көрсете алар дәрежеге жетер...Айхан ШӘРІП