Жоғары білім сапасы еліміздің даму стратегиясындағы басымдық берілген бағыт екені белгілі. Адами капиталдың бәсекеге қабілеттігі әлемнің озық отыз елінің қатарына ену үшін рөлі ерекше. Еліміздің жоғары оқу орындары сапалы мамандар даярлап жатыр, бәсекеге қабілетті деп айта аламыз ба? Осы және өзге де сұрақтарға қатысты жоғары білім сапасы бойынша сарапшы, академик Кәрімбек Арыстанбекұлымен сұхбаттасқан едік.
– ЖОО-лармен сот процесінде БҒМ жиі ұтылады. Себебін түсіндіре аласыз ба? –Қазір министрлік Президент тапсырмасымен жоғары оқу орындарына тексеру жүргізіп, кейбіреуін бас лицензиясынан айырып жатыр. Осыған байланысты ел арасында екіұдай пікір бар. Неліктен? Өйткені тексеру кезінде тексерушілердің қолында сертификаты болғаны жөн. Университетте жұмыс істейді екен деп кез келген оқытушыны тексеруге жіберуге болмайды. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген бар. Оларды арнайы оқытып, нормативтік-құқықтық құжаттармен таныстыру қажет. Мысалы, ЖОО-дағы мамандық жайын тексеру үшін Экономика факультеті болса, экономистерді, Журналистика факультеті болса, журналистерді келесі оқу орнына тексеруші етіп жібереді. Бұл қалай сонда? Иә, олар пән мен білім мазмұны жайында білуі мүмкін. Бірақ біле тұра олардың соттан жеңілуіне не жорық? Мамандандырылмағандықтан. Себебі тексерушілер нормативтік-құқықтық актіні толық білмейді. Соттар сондай олқылықтарды тауып алады. Мысалы, кітап саны 100 болу керек десек, университетте 98 деп көрсетілген. Лабораторияның көлеміне келгенде де осындай мәселе. Студенттерді жалпы кітапханамен қамтамасыз ету мәселесінде де жағдай бір. Алайда бұл білімнің мазмұнына әсер етпейді. Тексерушілер осындай ұсақ-түйектерді де тізеді. Содан кейін ЖОО-дан 47, 57 кемшін тұсын таптық деп жар салады. Соттасып жатқан ЖОО-лармен сөйлесе қалсаңыз, олар процесті «тырнақ астынан кір іздегендей» деп бағалайды. Сол себептен айтарым, ЖОО-ны тексеруге барған тексерушілердің біліктілігін тексеру керек. Мәселен, қазір тексерушілердің құрамы қалай анықталады? Әлі күнге осыны түсіне алмай келемін. База қалай жасалады? Мысалы, шетелде базаға кіріп, сарапшы болу үшін оған мамандану керек. Осы нәрсенің жоғынан министрлік сотта жиі жеңіліп қалады. Бір мысал келтірейін. Айталық, оқулыққа қатысты қос тарап дауласатын тұстар бар. Министрлік «оқулықтың жарыққа шыққан мерзімі 5 жылдан артық болмауы керек» дейді. Байқасаңыз, академиктер Балақаевтың, Кеңесбаевтың жазған еңбегіне 50 жыл болған. Ысқақовтың морфологиясын әлі күнге оқимыз. Сонда олар жарамай ма, соншалық не өзгеріп кетті? Осы тұста сот он жыл бұрын шыққан, алты жыл бұрын шыққан оқулықтың қалайша оқуға жарамай қалғанын сұрайды. Ал қарсы тарап аталған оқулықтардың министрліктің оқу-әдістемелік орталығымен сараптамадан өткенін алға тартады. Осылайша, жеңіліп қалуы әбден мүмкін. – Пандемияға байланысты сабақ онлайн өтеді. Соған сай студенттердің көбі онлайн сабаққа қатысудың орнына жұмыс істеп жүр. Осының кесірінен алдағы 3-4 жылда еңбек нарығына сапасыз маман қосып, экономикамызға кері әсерін тигізбейміз бе? – Бұл ұстаз бен шәкіртке байланысты. Ұстаздың талабы қатаң болса, студент барынша сақ жүреді. Онлайн білім беруде оқытушылар да өзін қамшылау керек. Ізденіп, ой қозғап дегендей. «Иә, мақұл, жарайды» деп сабақты WhatsApp-тан тексере салатын оқытушы өзіне, біліктілігіне сенбейді. «Студентім бойымдағы кемшілікті байқап қояды» деп «бәрі дұрыспен» сабақты аяқтай салады. Бұл – дұрыс емес. Екіншіден, барлығы ниетке байланысты. Оқуға түскен студент ертең маман болам десе, қандай жағдайда да оқуға зейін қояды. Ал оқымайтын бала карантинге дейін де, кейін де оқыған жоқ. Жоғары білім сапасын қамтамасыз етудегі ең қиналатын тұсымыз – студенттердің диплом үшін оқуы. Өз кезегінде ата-аналардың «ұл-қызым диплом алса, бір жерде жұмыс істейді ғой» дейтін ойы әсер етеді. Мектеп жасындағы бала 11-сыныпқа жеткенше «қандай маман болам» деп ойланбайды. 10-сыныпқа көшкенде тыпырлап, «мына пәнді таңдасам, дұрыс-ау» деп жүреді. Көпшілігі баласының маман болғанын емес, бір жерде бастық болғанын қалайды. Бітірген мамандығы қазір трендте ме, нан тауып жей алатынына бас қатырмайды. Ректорлық тәжірибемнен есте қалғаны, бірде-бір университеттің студенті келіп «факультеттегі оқу бағдарламасы дұрыс емес, келешекте жұмыс істеуге жағдай жасайтын тұсын көріп тұрғам жоқ» деп шағым айтпайды. Өйткені университет не береді, соны бас шұлғып алуға бейімбіз. Кезінде Германияда үлкен конференция өтті. Сонда Финляндиядан келген профессордың мынадай әдісіне қайран қалдым. Ол балалардың жетістігін бағалауда оның жауап бергеніне емес, сұрақ қойғанына қарап бағалайтынын айтты. Сонда тақырып бойынша сұрақ қойған студент көп нәрсені білгісі келіп, келешек мамандығына қатысты дүниелерді үйренуге асығады. Басқалары сұрасаң, жауап береді. Ал айтқан дүниеңе қатысты сұрақ қою – білім жетістігінің бір көрінісі. Осы идеяны үнемі есте сақтап жүремін. – Қазір мамандық иесі атану үшін 4 жыл университетте оқудың қажеті жоқ секілді. Мәселен, екі айлық, үш айлық курс оқып, 200-300 мың теңге жалақы алады. Қысқа онлайн курстар университеттерді керексіз етпей ме? – Университеттерді ығыстыру әзірге мүмкін емес. Олар заман ағымына сай лайықталып отырса жеткілікті. Қазір ЖОО-ларға дербестік берді. Яғни, бұрынғыдай қатып қалған міндетті стандарт жоқ. Әр оқу орны білім беру бағдарламасын дайындайды. Бағдарлама міндетті түрде жұмыс берушімен келісіледі. Белгілі бір агенттіктер рейтингті тексерген кезде білім бағдарламасына жұмыс берушілер сараптама жүргізген бе, жоқ па, соны тексереді. Бұрын колледждің өзінде 9-сыныптан кейін барсаң, 3,5 жыл білім беретін. Қазір 2,5 жылға қысқарды. 11-сыныптан кейін барсаң, 1-1,5 жыл оқисың. Осы 1,5 жылдың жартысынан көбі базада өтеді. Көптеген оқу орны 70-80% теориялық білімге сүйенеді. Қазір әлем дуальды оқытуға көшкен. Бұл жүйеде 4 жыл білім берудің қажеті жоқ. Бәрі практикамен үндес. Мысалы, шетелде оқу бағдарламасын қанша жылда аяқтайтының маңызды емес. Ал бізде диплом жұмысқа тұруға құқық береді. Шетелде олай емес. Шетелде білім бағдарламасына сәйкес сол сабақтарды меңгеріп, теориялық біліммен қамтылғанын растайды. Бірақ жұмысқа тұру үшін біліктілік сертификатын сұрайды. Біздегі жағдай бойынша, дипломды көтеріп, түйіндеме жазып, жұмыс іздейсің. Қазір мекемелер жұмыс тәжірибесінсіз университетті жаңа бітірген түлекті жұмысқа алмайды. Сол үшін олар не істерін білмей, сауда-орталықтарында немесе басқа да орынға жұмысқа тұрады. Шынтуайтына келгенде, бұл шарасыздықтан туған амал. Шетелді көп қозғап кеттік, бірақ сол жерде университет не колледжде білім алатын студент 2-курстан бастап компанияларда тәжірибеден өтеді. Таңертең сабағына, түстен кейін компанияға жұмысқа барады. Кей мекеме осы үшін азын-аулақ ақы төлеп жатады. Кейін біліктілік сертификатын аларда аталған компания студентке мінездеме жазып береді. Мұндай тәжірибенің астарында функционалды сауаттылық тұр. Яғни, студенттің теориялық білімді тәжірибеде қолдана алуы. Сондықтан дербестік алған ЖОО-лар осыны ескеруі қажет.Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ