Статистика бір бөлек, шынайы жағдай бір бөлек
Статистика бір бөлек, шынайы жағдай бір бөлек
450
оқылды

Пандемия экономикалық жағдайды біршама «шайқалтты» десек те, статистика басқаша «сөйлеп» тұр. Соның бірі – был­тыр­ғы жұмыссыздық деңгейі. 2020 жылғы көрсеткіш бар болғаны 0,1 п.т. артып, 4,9 пайыз бо­­лып­ты. Бұл дегеніміз – былайша айтқанда, пандемияның бізге шаң­­ның түйіріндей ғана әсер еткенін білдіреді. Естіген құлақ се­­­ніңкіремейтін бұл көрсеткіш қалай есептеледі? Қа­зақстандағы әлеуметтік-эко­номикалық көр­сеткіштің шы­найы кө­рінісін қан­шалықты көрсете алады?

Карантинде жұмыссыз қалғандар есепке кірмеген бе?

Санның аты – сан. Ол белгілі бір есептің нәтижесінде жасалады. Бұл жерде әлденені жасыру не жағ­дайды қолдан жақсарту мақ­саты тұр деп айтуға келмейді. Өйткені ста­тистиканың жүргізілу тәсілі бо­лады. Соған сәй­кес қорытын­дысы да шығарылады. Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығының сарап­шы­лары есептеген көрсет­кіштің неден құралғанына тоқталсақ. 2019 жылы 4,8 пайыз болған көрсеткіш биыл 4,9 болды. Бұл – жұмыс­сыздардың саны бір жыл бұрын­ғымен са­лыс­тырғанда аса өзгермеді деген сөз. Орталық сарап­шыла­рының ай­туынша, пандемия ке­зіндегі ахуал­дың ай­­тарлықтай өзгермеуіне не әсер еткенін бы­лай деп түсін­діреді. Карантин кезінде көбі жұ­мыссыз қалғанымен, жұмыс іс­тейтін аза­маттардың дені уақыт­ша жұмыссыз деген категорияға қо­сы­лған. Яғни, кәсіпорынның не жұмыс берушінің қызметін тоқтата тұр­ғанына бай­ланысты біржолата емес, жай ғана уақытша жұмыссыз саналған. Ал бұл төтенше жағдай кезінде жұмыс істемеуге мәжбүр болған топ­тың жұмыссыздар қата­рына қо­сыл­мағанын білдіреді. Олар бұрын­ғысынша жұмыс іс­тейтін азаматтар қата­рында қала берген. Жалпы алғанда, олардың саны 2019 жылы 129,1 мың болса, былтыр 300,9 мың адамға жеткен. Сонда бір жыл­дағы өсім 2,3 есе болыпты.

Экономика күшеймесе, «конвертпен» алу азаймайтын сыңайлы

СерікӘлеуметтанушы Серік Бейсем­баев «Біз­­­­­­де жұмыссыздық деңгейі былайша анықталады: жер­­гі­­лікті жұмыспен қам­ту орталық­­­та­рына барып, арыз тастай­тын, тұрақты түрде табысын нақтылап тұра­тын­дар ғана есеп­ке кіреді. Яғни, бізде жұмыссыз жүр­­гендердің бәрі есеп­телмейтіні анық. Бұл – тұрақ­ты жұмыс істеп жүргендер мен әкімдік тарапынан аз төленетін жалақыны қа­­­растыратындардың көрсеткіші. Біржылдық панде­миядан кейін бұл көрсеткіштің өз­гермеуі де еңбек нарығында шы­найы көрсеткіш емес екенін көр­сетеді. Біздегі есеп­теу тәсілі біраз қиындатылған. Се­­­бебі жұ­­мыс­сыздықты рәсімдеу – бізде күрделі процесс. Өйткені жұ­мыссыз екенін білдіру үшін барып тіркеліп, белгілі бір уақыт өткен соң статусын рас­тап тұру сияқты қиынд­ы­қтар бар. Онымен бәрі бірдей айналыса бермейді. Өзін-өзі жұмыспен қам­тушылар катего­риясы өнімді және өнімсіз жұмыс істейтіндер болып бөлінеді. Сол көрсеткішке қарап біз­дегі тұ­рақты жұмыс істейтіндер мен шарт­ты түрде жұ­мыссыздардың үле­сін білуге бо­лады. Осыны жұ­мыс­сыздықтың балама көр­сеткіші ретінде қолда­нуға бо­­лады деп ойлаймын. Мы­салы, бізде өзін-өзі жұмыспен қамтитындар шамамен 2 млн. Бірақ бұл категориядағылар тұрақты және қорғалған жұмыспен қамтылмаған. Жарты­сынан көбі­нің жұмысы рәсімдел­­меген. Демек, еңбек статусы да тұрақсыз. Ресми түрде рәсімдету шаралары ретінде еңбек инспекторлары тексеріс жүр­гізіп тұрады. Жұмыс орын­дарына барып, тіркел­меген­дерді анықтап, айыппұл салады. Деген­мен бел­сенді түрде іске асырылады деп айта алмаймын. Инспекторлар саны аз. Одан бөлек, ақпараттан­дыру да жүргізіледі. Бірақ мұндағы мәселе – экономикамыздың ерек­шелігіне байланысты. Қанша жер­ден ресми тіркелуге ынталан­дырғанмен, егер эконо­­мика әлсіз, тұрақты жұмыс орындары бол­маса, жұмыс беруші шығынын азайтуға тырысады. Сол үшін қолма-қол ақша беруді ұсынады. Оның үстіне, тұрақты еңбек ша­ртымен жұмыс істесе, мемлекетке жала­­қының 30 пайызына дейін қайтару керек. Сондықтан онсыз да айлығы аз жер­де іс­­тейтіндер «конвертпен» алуға келіседі. Егер жұмыссыз аза­маттың бәрі тіркелетін болса, біз­дегі көрсеткіш одан әлдеқайда көп болар еді», – дейді сарапшы. Уақытша жұмыссыз қалған­дар­дың 60 пайызға жуығы вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер екен. Был­­­­­тыр карантин кезінде үй көр­мейтін талай азамат айлап жұ­мысқа бармай қалғанын жақсы білеміз. Ал енді 11 пайызы – жұмыс беруші­лердің тарапынан жыл сайынғы кезекті еңбек демалысына жіберіл­гендер. Жұмыс күшіндегі басты өз­геріс өзін-өзі жұмыспен қамты­ғандар санының азаюы есебінен туған жұмыспен қамтылғандар са­ны­ның төмендеуіне бай­ланысты деседі. Яғни, 2019 жылы 8,78 млн адам болса, 2020 жылғы көрсет­кіш – 8,73 млн адам. Осылайша, бір жылда жұмыспен қамтылғандар саны 2,6 пайызға азайып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 3,4 пайыз­ға қысқарған. Ал өнімсіз жұмыспен қам­тылғандар саны 5,8 пайызға өскен. Біле білсек, өнімді және өнімсіз жұмыс түсінігі бар. Ол – қоғамның атқаратын жұмысының көрсеткіші. Яғни, өнімді жұ­­мыс істейтін аза­маттың көрінісі мынадай болады: жұмысындағы табысы жақсы өмір сүруге мүмкіндік беретіндей дең­гейде болуы тиіс. Әрине, бұл ретте жұмыспен қамту саясаты мен та­быс саясаты, инфляцияға қарсы күрес шараларының бұл көр­сет­кішке ті­келей әсер ететінін айта кету керек. Екін­шіден, өнімді жұ­мыс деген формальды жұ­­мыспен қам­туға қа­рама-қайшы. «Көз» үшін жұмыспен қамту дегеніміз, жұмыс­сыздықты жасыру үшін ғана жұмыс орын­дарын ашу болмаса басы артық қыз­меткерлер ұстауды білді­реді. Демек, мемлекет жұмыссыз­дық деңгейін азайту үшін екінші қа­дамға бар­мауы керек. Егер та­бысы ішіп-жемінен ар­­­тылып, жақ­сы өмір сүруге жол аша алса, демек ол адам эконо­микалық тұрғыдан ойға қонымды әрі қоғамға пайдалы болып жатыр деген сөз.

Статистиканы сөйлетсек…

Осы орайда соңғы бес жылдағы жұмыс­­сыздық деңгейі көрсеткішіне қысқаша тоқ­талсақ. Ұлттық статис­тика бюросының мәліметі бойын­ша, 2016 жылдан бері айтарлықтай өзгеріс жоқ. Мысалы, сол жылы 5 пайыз болса, 2017 және 2018 жылы 4,9 пайыз болған. 2019 жылы 4,8 пайыз болып азайып келе жатқан үрдіс былтыр 0,1 п.т. артып, қай­тадан 4,9 пайыз болыпты.1994 жыл­­дан бері жүргізіліп келе жатқан көр­­сеткіштің ең шарықтау шегі 1999 жылдың еншісінде – 13,5 пайыз. Сол уақыттан бергі 21 жыл­да біртін­деп төмендегенін бай­қаймыз. статистика Соңғы статистикаға қайта орал­сақ. Ұлт­тық статистика бюро­сының ақпаратына сүйенсек, 2020 жылдың соңына қарай жал­дамалы қызметкерлер саны 6,69 млн адамға көбейген. Одан бір жыл бұрынғы көрсеткіш 5 мың адамға аз болған еді. Бұған әсер еткен жайт эконо­миканы қалыпқа келтіруге ба­ғытталған шаралар деседі. Қай салада артқа­нына келсек, 2019 жыл­мен салыстырғанда жылжы­майтын мүлік операциялары мен денсаулық сақтау, түрлі қызмет көрсету сала­ларында байқалыпты. Денсаулық сақ­тау саласында жұ­мыспен қамтыл­ғандардың кө­беюі ойға қонымды. Өйткені науқас саны күрт көбейген шақта артуы заңды. Сонымен бірге зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға рұқсат берілгелі бері жыл­жымайтын мүлік операциясы саласында да өзгеріс болып отыр. Өзге де қызмет түрлерін қамтитын салалардың ішінде сұлулық салонының қар­қыны күшейген. Өйткені қатаң карантинде бұғып жатқандар жаң­бырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған. Көлік, өнер, ойын-сауық, әкімшілік және көмекші қызметтерде, тамақтану саласында, керісінше көрсеткіш төмендеген. Бір жыл ішінде жұмыссыздар саны, әсіресе 35-44 жас аралы­ғындағы азаматтар арасында кө­бейген. Атап айтқанда, 2019 жылы 103,8 мың болса, 2020 жылы – 109,4 мың адам. Бұдан бөлек, зейнетке шығуға таяп қалғандар арасында да артыпты. Яғни, былтыр 55-64 жас аралығындағы 54,9 мың адам жұ­мыссыз қалған. Одан бір жыл бұ­рынғы көрсеткіш 49,5 мың адам болған екен. 29-34 жас аралы­ғындағы жұмыссыз азаматтар са­ны, керісінше 4,2 мың адамға қысқарған.

Ұлттық санақтың жұмыссыздық деңгейіне әсері қандай?

АйсұлуҚазақстанда ұлттық халық са­на­ғы он жыл сайын өтеді. 2019 жылы өткізілуге тиіс нау­­қан 2020 жылға шегеріліп, былтыр панде­мияға бай­ланысты 2021 жыл­ға жыл­­жы­тыл­ған еді. Енді биыл қа­занда ұлттық санақ өтеді деген жоспар бар. Әлеуметтанушы Ай­сұлу Молдабекованың айтуынша, осы санақты сапалы жүргізсе, жұ­мыссыздық деңгейінің шынайы көр­сеткішіне қол жеткізуге болады. «Бізде еңбек шартын мүлдем жасамайтындар бар. Олар көбіне қызмет көрсету және көлік сала­ларында жұмыс істейді. Міне, осы аза­маттар еш жерде есепте тұрған жоқ. Маңыздысы – осылардың статистикасын шығару. Өйткені бұл азаматтар еңбекке қабілетті, бірақ потен­­циалды жұмыссыздар деген сөз. Ресми ста­тистикада осы категория еске­рілмейді. Негізі, санақты сапалы жүргізсе, жұмыс­сыздықтың нақты сипатын білуге болар еді. Өйткені санақ ең үлкен Big data-ны береді. Соның ішінде халықтың жұмыспен қам­­тылуына қатысты мәліметтер базасы жа­сақталады. Дегенмен бізде халық толық­қанды қатысып, шынайы жауап беру­­де белсенді емес, сауал­намаларға нем­құрайды, нигилизм­мен қарайды. Жұмыс­сыздық ста­тистикасында да жағдай осын­­дай. Яғни, жұмыспен қамту орта­лығына барып, тір­­­келсе, жәрдемақы ала­тынын не басқа вакан­­сия ұсы­нылатынын біле бермейді. Бүгінде жұмыссыздық статис­тикасы бір жақ­та, жұмыссыздар бір жақта күн кешіп жатқаны соған байла­ныс­ты», – дейді әлеуметтанушы. Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін ұлттық даму жоспары аясында жұмыс жү­р­­гізу ойда барын Ұлттық эконо­мика министрі Әсет Ирғалиев атап өткен болатын. «Еңбек нарығын қалыпқа келтіріп, жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін қазіргі және жаңа жұмыс орындарын жаңғырту ша­ралары қолға алы­нады. Еңбек қарым-қаты­нас­та­рының жаңа прог­рессив фор­масын енгізу ар­қылы жұмыспен қам­­­тудың икемді түрлерін да­мытуға болады. Өз­дігімен білім алып, білікті арт­тыру тұ­рақты түр­де жүзеге асы­ры­лып тұру үшін жағдай жасалып, соны­мен бірге жұмыс орын­да­ры­на қа­тысты бол­жам жасаудың жүйесін жетіл­ді­реміз» деген еді министр. Ирғалиевтің айтуынша, әлеу­меттік қамсыздандыру саласы еліміздің Әлеуметтік кодексімен реттеледі. «Осы шараларды жү­зе­­ге асыру арқылы 2025 жылға қарай жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыздан ас­пайтын нәтижеге қол жеткіземіз. Мем­­­лекеттің барлық әлеуметтік міндет­­темесі толық көлемде бе­ріледі. Инфляция деңгейін есепке ала отырып, әлеуметтік төлемдер индекстеледі» деген болатын. Ұлт­тық даму жоспары мынадай үш бағыт бойынша 10 жалпыұлттық басымдықтан тұрады: аза­маттардың аман-саулығы, институттар сапасы және мықты экономика. Еңбек ресурстарын дамыту ор­та­лы­ғының сарапшылары өзге ел­дердегі жұмыс­сыздық деңгейін қа­­рас­тыра келе біздегі көрсеткіштің ең төменгілердің қатарында екенін атап өтіп отыр. «Мысалы, АҚШ-дағы жұмыссыздық деңгейі соңғы жылы 4,4 п.т. артып, 8,1 пайызды құраған. Ал Канадада – 9,6% (+3,9 п.т.), Испанияда – 15,5% (+1,4 п.т.). ТМД елдерімен са­лыстыратын болсақ, Арменияда (+4 п.т.), Әзербайжанда (+2,3 п.т.), Украинада (+1,7 п.т.), Өзбекстанда (+1,6 п.т.)», – дейді орталықтың Стратегия және жобалық басқару департаменті директорының орын­басары Әлихан Қарабаев. Әр елдің жұ­мыссыздық деңгейін анықтау методо­­­­логия­­сы әртүрлі. Сондықтан мұндай көрсет­­­кіштердегі санға қарап, белгілі бір елдің жағ­­дайы мен біздің ахуалды салыстыру қиын. Әйтсе де, ресми статистика жа­рия­ланды. Ондағы көрсеткішті де білдік. Енді қалғаны – мамандар айтқан ұсы­ныстардың ескерілуі арқылы шынайы кө­рініске қол жеткізу.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР