Қазақстан әлемдік дағдарыстарды қалай еңсерді?
Қазақстан әлемдік дағдарыстарды қалай еңсерді?

Еліміз тәуелсіздіктің 30 жы­­­­­лында әлемдік эконо­ми­ка­да­ғы 3 ірі дағдарысты бастан өт­керді. Бір қызығы, 1998 жә­­не 2008 жылы болған, яғни 10 жыл сайынғы дағдарысты әлем­­нің экономист сарапшы­лары енді 2018 жылы қайта­ла­нады деп болжаған бола­тын. Алайда бұл жолы 2 жыл­ға «ке­шігіп», 2020 жылы коро­на­­­вирус пандемиясымен тұс­­п­а-тұс келді. 30 жылда «бұ­­ға­­насы бекіп, қабырғасы қа­­тып», еңселі елге айналып ал­­ған Қа­­зақстан билігі үшін соң­­ғы дағ­дарысты еңсеру аса қиын­ға соққан жоқ. Ал ал­ғаш­қы екеуі қалай өтіп еді? Толы­ғы­рақ тоқ­талайық...

1998 жыл

1997 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің алдағы даму белестерін ай­қын­дайтын «Қазақстан-2030» даму Стра­тегиясын бекітті. Стратегияны жүзеге асыру үшін кезең-кезеңге межеленген бір­қатар басымдық айқындалды. Алайда 1998 жылы бой көрсеткен Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы – еліміздің тәуелсіздік тари­хындағы күрделі кезең болды. Ол дағ­дарыс тек дамыған емес, жаңа қалыптасып келе жатқан нарықтарға да ауыр соққы бо­лып тиді. Соның ішінде Қазақстанның да жалпы ішкі өнімінде жағымсыз рөл ат­қар­ды. Осы тұста елордамызды Алматыдан Ақ­молаға көшіру туралы бастама тал­қыланып жатқан-ды. Кейін тәуелсіздіктің символына айналған жаңа Астана Қазақ­стан өңірлері үшін экономиканы дамыту­дың көшбасшысы болып шыға келді. Онымен шектелмей, саяси, әлеуметтік, қаржылық мәселелердің халықаралық алаңына да айналғанына куә болдық. Ал аталған қиындықтар мен кемші­лік­терді жою үшін 1999 жылдан бастап Үкімет елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсы­пы­ра шараларды іске асырды. Жеңіл өнер­кәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау сала­сын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Нәтижесінде, 1999 жылы мұнай-газ өн­діру, металлургия, химия, полиграфия жә­не тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнім­нің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жал­пы өнім өндіру 1 пайызға, ал өндіріс көле­мін арттыру 1,8 пайызға өсті. Елдің ал­тын қоры 2 миллиард долларға жетті.

2008 жыл

Кеңес Одағының ыдырауынан, Оңтүс­тік-Шығыс Азия дағдарысынан кейінгі тәуелсіз Қазақстан басындағы ең үлкен күйзеліс – АҚШ ипотекалық нарығынан бастау алып, әлемдік деңгейде алапат тол­қын тудырған 2008 жылғы жаһандық қар­жы дағдарысы. Құрылыс индустриясын қарқынды дамыта бастаған біздің ел үшін ол оңай болған жоқ. Құрылыс саласынан кейін банктік-қаржылық жүйе де біраз әлсіреп қалды. Әрине, ел экономикасына төнген жаһандық қауіпті еңсерудегі 10 жыл бұрынғы тәжірибе ескеріліп, ол жолы да тұңғиық толқынына төтеп бере алдық. Дереу қаржылық-экономикалық жүйені құл­дыратпау, экономика секторларын қолдау бағытында Үкіметтің тұрақтандыру жоспары бекітілді. Ал 2010 жылы дағдарыс салқынын еңсеруді одан сайын түгесіп, даму сатысына өту мақсатында Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Экономикалық даму және сауда министр­лігінің дерегіне сүйенсек, ең дағдарысты болып саналатын 2008-2009 жылдардың өзінде ЖІӨ-нің төмендеуін емес, өсімін қамтамасыз етіппіз. Атап айтқанда, ЖІӨ 2008 жылы 3,2 пайызға артса, әлемдік күйзелістің шарықтау шегі саналатын 2009 жылы 1,2 пайыздық өсімді көрсетті. Сөй­тіп, 2010 жылы ЖІӨ 7 пайызға өсіп, сол сәтте ғана дағдарыстан кейінгі экономи­каның қалпына келу белгісі көрінді. Өнер­кә­сіптік өндіріс 10,5 пайызға жоғарылап, жұмыссыздықты жою мақсатында 100-ге жуық жаңа кәсіпорын ашылды. Әрине, ол кезде жоғарыдағы жетістік­тер­дің бәрі бірден қалпына келе қоймағаны анық. Мамандардың есебінше, 2009 жылы 10 компания бағалы қағаздар жөніндегі мін­деттемелерін орындамаған, 642 кәсіп­орын жұмысын тоқтатқан, ресми жұмыс­сыз­дық 7 пайызға жеткен. Республика бойын­ша өндіріс көлемі де төмендеген. Өйт­кені АҚШ-тан басталған қаржылық жетіс­пеушілікті көлемі жағынан 30-жыл­дар­дағы ұлы депрессиямен салыстыруға бола­ды екен. Тіпті, 2009 жылы әлемдік ЖІӨ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі те­рі­с динамиканы көрсеткен. Жұмыс­сыз­дық­тың өсуі 199 миллион адамды құрап, еңбек нарығының тарихында рекордтық санға айналыпты. Міне, ондайда «жаң­быр­дың астынан құрғақ шығу» мүмкін емес еді. Ел билігі ұстанған сындарлы сая­сат пен халықтың сарқылмас сабыры­ның арқасында ішкі нарықты реттеп, экономиканың сыртқы салдарын да сал­қынқандылықпен қабылдай білдік.

2020 жыл

2018 жылдың өзінде-ақ АҚШ пен Ре­сей арасындағы ақпараттық соғыс қар­жы тақырыбына ойысты. Ол кезде 1998 және 2008 жылғы дағдарыстың салдары Орталық Азия елдері мен Ресейдің арқасына қатты батқанын әлі ешкім ұмыта қоймаған бо­латын. Сондағы дағдарыстың толқынын бі­реулер шексіздікті, енді біреулер сәтсіз­дік­ті білдіреді дейтін 8 санымен байланыс­тырып (1998, 2008, 2018), болмай қоймай­тын эволюциялық құбылысқа теңеп үлгерді. Экономистердің өзі бұқараны «әр 10 немесе 20 жыл сайын дағдарыстың қай­таланып отыруы – заңды құбылыс» екені­не сендіруге тырысты. Сөйтіп жүргенде, жаңа әлемдік дағдарысқа 2020 жылы коронавирус пандемиясы мен мұнайдың күрт арзандауы әкеп соқты. Ал Қазақстан Үкіметі коронавирусқа байланысты енгі­зілген төтенше жағдай кезінде экономи­ка­ның құлдырауына жол бермеу үшін бір­ден дағдарысқа қарсы шаралар дайын­дауға кірісіп кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы жоспар дайындау үшін жедел штаб құрылғанын мә­лімдеді. Ол жиында экономикалық жағ­дайды жақсарту үшін біраз қадамның жүзе­ге асырылатыны айтылды. Жіктеп жет­кізсек, «Қарапайым заттар эконо­ми­касы» және «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары бойынша бизнеске 1 триллион теңгеге дейін несие беру; ірі сау­да нысандары, кинотеатр, театр, көр­мелер мен спорт нысандарын заңды тұлға­лар мен жеке кәсіпкерлерге арналған мүлік салығынан бір жылға босату; заңды тұл­ғалар мен жеке кәсіпкерлерді бір тоқ­санға өсімнен босатып, 3-тоқсан үшін салық есебінің уақытын өзгерту; бизнеске жылына 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру; «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында құны 300 миллиард теңге болатын инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мен жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеу жұмыстарына Қазақстан азаматтарын тарту мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде несие бойынша төлемдерді кешіктірген жағдайда халықты айыппұл мен өсімнен босату және 200 мың жаңа жұмыс орнын құру жағы жеделдетілді. Мамандардың айтуынша, 2020 жылғы дағдарысқа әлем бойынша жеке және мем­лекеттік сектордағы қарыз жүктемесінің 246 триллион долларға өсуі себеп болған. Яғни, қазір қарызға бату дегеніңіз барлық өнім мен қызмет құнын көрсететін әлемдік ЖІӨ-ден де асып кеткен. Түйін:

Осылайша, Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаһандық ауқымдағы қатерлі 3 дағдарыстың толқынына төтеп беріп, жаңа дәуірге қадам басты. Мұндай жетіс­тік­ке жету, ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің, қа­зақ халқының өршіл мақсатқа ұмтылысын көрсететін мінезінің арқасында жүзеге асқаны аян. Бұл туралы 2010 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Елбасының өзі: «ХХІ ғасыр Қазақстан үшін жаңа қауіп-қатерлерді өзімен бірге ала кел­ді. Оның ішінде ең ірісі әлемдік дағдарыс болды. Осы жағдайда санаулы елдер ға­на бұл сынды еңсере алды. Оның қатарында біздің Қазақстан да бар. Тәуелсіздік – бәрінен бұрын елдің экономикалық тәуелсіздігі», – деді.

Оған дәлел ретінде әлемдегі ең күшті мемлекет – АҚШ-тың Қазақстанға нарық­тық экономикасы бар ел мәртебесін беру туралы шешімін атап өткен жөн. Бұл – АҚШ басшылығының, сондағы іскер топтар мен сарапшылардың қазақстандық рефор­малардың жетістіктерін мойындауы. Бұл ретте Қазақстанның ТМД елдері ара­сында осы мәртебені бірінші болып алуы кездейсоқтық емес деп білеміз.

Еркеғали БЕЙСЕН