Әкімді қалай сайлаймыз?
Әкімді қалай сайлаймыз?

2021 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында өкілеттігі тоқтаған 786 ауыл әкімінің сайлауы өткізіледі. Ал 2024 жыл­дан бастап аудан әкімдері де тікелей сайлана бастайтын болады. Жал­пы, 2025 жылға дейінгі әкімдер науқанына республикалық бюджеттен 17,6 миллиард теңге бөлінбекші, оның 4,8 миллиарды биылғы сайлауға қа­рас­тырылған.

Мемлекет басшысы өзінің 2020 жыл­ғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауында ауыл әкімдерінің лауазым­дық қызметі үшін тікелей сайлау жүйе­сін енгізудің қажетін айтқан болатын. «Сайлау – қоғамды демократия­лан­дырудың маңызды институты, халық­тың ерік білдіруінің көрінісі, оның мем­­лекеттік басқаруға қатысуының не­­гізгі нысанының бірі. Көптеген шет­ел­­дің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, ті­келей сайлау кезінде жергілікті а­т­қару­шы органның басшылары (әкімдер) өз сайлаушылары алдындағы жауап-­кер­шілікті терең сезінеді, бұл оның жұмы­сы­на оң әсер етеді» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір Мәжілістің қарауына түскен «Сайлау туралы» заң жобасында кент­тердің, ауылдар мен ауылдық округтер­дің әкімдерін тікелей сайлау жөнінде өзгертулер дайындалып жатыр. Бұл жайт республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Ол ел демократиясы мен жергілікті басқаруы­на барынша септігін тигізуі тиіс. – Әкімдерді сайлау жергілікті бюд­жет есебінен жүзеге асырылады. Алайда Бюд­жет кодексінде жалпы сипаттағы тран­сферттер кезінде болатын жергілік­ті бюджет шығындарын міндетті түрде өтеу нормасы қарастырылған. Сондық­тан алдағы екі жылда әкімдер сайлауы Орталық сайлау комиссия (ОСК) арқылы қаржыландырылады. 2023 жылдан бастап бұл шығындар жергілікті бюджет шығындары қорына енгізіледі және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескеріледі, – деді  Ұлт­тық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров. Заң жобасында жергілікті мемлекет­тік басқару, өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет және саяси партиялар туралы 20 түрлі өзгертуді енгізу көзделген. Оның ішінде әкімдердің өкілеттігін тоқ­татуға қатысты бірнеше шарт қарас­тырылған: біріншіден, партия мүше­лігінен айырылған жағдайда. Бұл егер әкімді партия ұсынған болса. Екіншіден, мәслихат әкімге сенімсіздік білдірсе, оның ішінде жергілікті қауымдастықтың бас­тамасы бойынша. Үшіншіден, мем­лекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, түрлі жайтқа байланысты (сот шешімі­мен, өз тілегімен, азаматтықтан шық­қан­да және тағы басқа жағдайда). Тағы бір баса айта кететін жайт, заң жоба­сында мәслихаттарға ауыл әкімдерінің тәртіптік әрекеттеріне баға беру құқы да ұсынылды.

Әкімдердің бәсекелестігі артады

Саяси науқан Қазақстанның сайлау жүйесін дамудың келесі кезеңіне кө­теріп, бұл процестерді ұйымдастыру мен өткізудің жаңаша тәжірибесін жинақ­­тауға ықпал етеді. Ауыл әкімдерін тіке­лей сайлау азаматтардың өз конс­титуциялық құқықтарын толық іске асыруға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттілігі мен проблемаларын шешуге деген жауап­кершілігін арттыруға түрткі бола­ды. Егер бұған дейін ауыл әкімдігіне кан­­дидатты аудан әкімі ұсынатын бол­са, енді үміткерді тікелей сайлау кезінде тұр­ғындардың өздері таңдайды. Сон­дай-ақ үміткерлерді саяси партиялар да ұсына алады. Бұл ауыл әкімдері ара­сындағы бәсекелестікті арттыруға жә­не жергілікті жерлердегі саяси өмірдің бел­сендірілуіне итермелеуі тиіс. Мемле­кет басшысының осы бастамасы жергі­лік­ті өзін-өзі басқару институтын одан әрі жетілдіре түсіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың басты аспектілерінің біріне айналмақ. ҰЭМ Өңірлік саясат, өңірлерді тал­дау және бағалау департаментінің ди­рек­торы Анар Байтөкенованың айтуын­ша, әкімдерді сайлау тікелей жүргізілетін болғандықтан, халық өзінің талабына сай келетін кез келген үміткерді таңдауға құқылы. Бұл жағдайда белгілі бір адам­дар­дың бұра тартуы, трайбализмнің туы­ндауы мүмкін деп қорқудың керегі жоқ. Сайлауда халықтың басым көпші­лігінің дауысына ие болғандар жеңіске жетеді. Қалай болғанда да, егер бұл жағдайда азаматтардың дауыс беру ер­кіне кедергі келтірілетін болса, ол жер­гі­лікті өзін-өзі басқаруды орталық­сыз­дандыру процесін баяулатады және халықтың мемлекетке деген сенімін азай­тады. Яғни, сайлау процестеріне мем­лекеттің мүмкіндігінше араласпа­ға­ны жақсы.

 Жергілікті өзін-өзі басқарудың құзыреттілігі қандай?

– ЖӨБ реформасының басты мін­де­ті – сол аумақта тұратын кәсіпкерлер мен жалпы көпшілік халықты өздері өмір сүріп жатқан және бизнеспен ай­на­лысып отырған елді мекенді дамыту ісіне жұмылдыру, сол өңірден салық жә­не басқа да табыс көздері арқылы түс­кен қаражатты ұтымды пайдалану. Ең бастысы, осы істерді ұйымдастыру ша­ралары кезінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілер мен шығындарды азайту және тұрғын­дарды ауызбіршілік пен ынтымақтас­тыққа шақыру, – деді Анар Байтөкенова. Елімізде 2012 жылдан бастап жергі­лікті өзін-өзі басқару институтын жетіл­діру жолында айтарлықтай қадам­дар жасалды. Ауылдық округтердің басқару органдары жасақталып, жергілікті жиналыстарды өткізу тәртібі, олардың өкілеттілігі айқындалды. Ауыл әкімдері жеке бюджет пен коммуналдық мен­шік­терге ие болды. Сол жылдардан бастап жергілікті дең­гейдегі салықтар мен төлемдердің ал­ты түрі ауылдың өзінде қалды. Бұған қо­са, кейбір айыппұл алымдары (абат­тан­дыру қағидаларын бұзу, жасыл екпе­лерді жою және бүлдіру, ауыл шаруа­шылығы жануарларын жаю) ЖӨБ бюджетін толықтыра түсті. Сондай-ақ ауыл әкімдері жергілікті қауыммен келісе отырып, сол аумақта орналасқан коммуналдық мүлікті пайдаланудан және жалға беруден түскен табысты аймақтың дамуына жұмсай алады. 2013 жылы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкім­дерін сайлаудың жанама жүйесі енгізіл­ді. Енді, міне 2021 жылдың екінші жартыжылдығында 786 ауылдың әкімін (Қазақстанда барлығы – 2 298 әкім) тікелей сайлау процесі іске қосылғалы тұр. Мұның бәрі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін демократияландыру жолындағы тағы бір кезекті қадамдар. P.S.

Қазір Қазақстанда ауылдық округ­тердің, қалалар мен аудандардың әкім­дерін (Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа) мәслихат депутаттары сайлайды. Ал енді бұл таңдау тікелей халықтың қолына көш­се, онда жергілікті әкімдер сол сай­лау­шыларының ырқына тәуелді болады де­ген сөз. Яғни, әкімдердің халық алдын­дағы жауапкершілігін арттырып, іскерлік ынтасын жақсартады. Тіпті, әкімдер сайлауы әзірше шағын ауылдардан бас­талуының өзі еліміздің саяси өміріне әжептәуір серпін әкелетіні айдан анық. 

Дәулет АСАУ