2021 жылдың тамыз-желтоқсан айлары аралығында өкілеттігі тоқтаған 786 ауыл әкімінің сайлауы өткізіледі. Ал 2024 жылдан бастап аудан әкімдері де тікелей сайлана бастайтын болады. Жалпы, 2025 жылға дейінгі әкімдер науқанына республикалық бюджеттен 17,6 миллиард теңге бөлінбекші, оның 4,8 миллиарды биылғы сайлауға қарастырылған.
Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерінің лауазымдық қызметі үшін тікелей сайлау жүйесін енгізудің қажетін айтқан болатын. «Сайлау – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі. Көптеген шетелдің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшылары (әкімдер) өз сайлаушылары алдындағы жауап-кершілікті терең сезінеді, бұл оның жұмысына оң әсер етеді» деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазір Мәжілістің қарауына түскен «Сайлау туралы» заң жобасында кенттердің, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау жөнінде өзгертулер дайындалып жатыр. Бұл жайт республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиға болмақ. Ол ел демократиясы мен жергілікті басқаруына барынша септігін тигізуі тиіс. – Әкімдерді сайлау жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Алайда Бюджет кодексінде жалпы сипаттағы трансферттер кезінде болатын жергілікті бюджет шығындарын міндетті түрде өтеу нормасы қарастырылған. Сондықтан алдағы екі жылда әкімдер сайлауы Орталық сайлау комиссия (ОСК) арқылы қаржыландырылады. 2023 жылдан бастап бұл шығындар жергілікті бюджет шығындары қорына енгізіледі және жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу кезінде ескеріледі, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров. Заң жобасында жергілікті мемлекеттік басқару, өзін-өзі басқару, мемлекеттік қызмет және саяси партиялар туралы 20 түрлі өзгертуді енгізу көзделген. Оның ішінде әкімдердің өкілеттігін тоқтатуға қатысты бірнеше шарт қарастырылған: біріншіден, партия мүшелігінен айырылған жағдайда. Бұл егер әкімді партия ұсынған болса. Екіншіден, мәслихат әкімге сенімсіздік білдірсе, оның ішінде жергілікті қауымдастықтың бастамасы бойынша. Үшіншіден, мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, түрлі жайтқа байланысты (сот шешімімен, өз тілегімен, азаматтықтан шыққанда және тағы басқа жағдайда). Тағы бір баса айта кететін жайт, заң жобасында мәслихаттарға ауыл әкімдерінің тәртіптік әрекеттеріне баға беру құқы да ұсынылды.Әкімдердің бәсекелестігі артады
Саяси науқан Қазақстанның сайлау жүйесін дамудың келесі кезеңіне көтеріп, бұл процестерді ұйымдастыру мен өткізудің жаңаша тәжірибесін жинақтауға ықпал етеді. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтардың өз конституциялық құқықтарын толық іске асыруға, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттілігі мен проблемаларын шешуге деген жауапкершілігін арттыруға түрткі болады. Егер бұған дейін ауыл әкімдігіне кандидатты аудан әкімі ұсынатын болса, енді үміткерді тікелей сайлау кезінде тұрғындардың өздері таңдайды. Сондай-ақ үміткерлерді саяси партиялар да ұсына алады. Бұл ауыл әкімдері арасындағы бәсекелестікті арттыруға және жергілікті жерлердегі саяси өмірдің белсендірілуіне итермелеуі тиіс. Мемлекет басшысының осы бастамасы жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі жетілдіре түсіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың басты аспектілерінің біріне айналмақ. ҰЭМ Өңірлік саясат, өңірлерді талдау және бағалау департаментінің директоры Анар Байтөкенованың айтуынша, әкімдерді сайлау тікелей жүргізілетін болғандықтан, халық өзінің талабына сай келетін кез келген үміткерді таңдауға құқылы. Бұл жағдайда белгілі бір адамдардың бұра тартуы, трайбализмнің туындауы мүмкін деп қорқудың керегі жоқ. Сайлауда халықтың басым көпшілігінің дауысына ие болғандар жеңіске жетеді. Қалай болғанда да, егер бұл жағдайда азаматтардың дауыс беру еркіне кедергі келтірілетін болса, ол жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру процесін баяулатады және халықтың мемлекетке деген сенімін азайтады. Яғни, сайлау процестеріне мемлекеттің мүмкіндігінше араласпағаны жақсы.Жергілікті өзін-өзі басқарудың құзыреттілігі қандай?
– ЖӨБ реформасының басты міндеті – сол аумақта тұратын кәсіпкерлер мен жалпы көпшілік халықты өздері өмір сүріп жатқан және бизнеспен айналысып отырған елді мекенді дамыту ісіне жұмылдыру, сол өңірден салық және басқа да табыс көздері арқылы түскен қаражатты ұтымды пайдалану. Ең бастысы, осы істерді ұйымдастыру шаралары кезінде қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілер мен шығындарды азайту және тұрғындарды ауызбіршілік пен ынтымақтастыққа шақыру, – деді Анар Байтөкенова. Елімізде 2012 жылдан бастап жергілікті өзін-өзі басқару институтын жетілдіру жолында айтарлықтай қадамдар жасалды. Ауылдық округтердің басқару органдары жасақталып, жергілікті жиналыстарды өткізу тәртібі, олардың өкілеттілігі айқындалды. Ауыл әкімдері жеке бюджет пен коммуналдық меншіктерге ие болды. Сол жылдардан бастап жергілікті деңгейдегі салықтар мен төлемдердің алты түрі ауылдың өзінде қалды. Бұған қоса, кейбір айыппұл алымдары (абаттандыру қағидаларын бұзу, жасыл екпелерді жою және бүлдіру, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю) ЖӨБ бюджетін толықтыра түсті. Сондай-ақ ауыл әкімдері жергілікті қауыммен келісе отырып, сол аумақта орналасқан коммуналдық мүлікті пайдаланудан және жалға беруден түскен табысты аймақтың дамуына жұмсай алады. 2013 жылы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін сайлаудың жанама жүйесі енгізілді. Енді, міне 2021 жылдың екінші жартыжылдығында 786 ауылдың әкімін (Қазақстанда барлығы – 2 298 әкім) тікелей сайлау процесі іске қосылғалы тұр. Мұның бәрі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін демократияландыру жолындағы тағы бір кезекті қадамдар. P.S.Қазір Қазақстанда ауылдық округтердің, қалалар мен аудандардың әкімдерін (Нұр-Сұлтан мен Алматыдан басқа) мәслихат депутаттары сайлайды. Ал енді бұл таңдау тікелей халықтың қолына көшсе, онда жергілікті әкімдер сол сайлаушыларының ырқына тәуелді болады деген сөз. Яғни, әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырып, іскерлік ынтасын жақсартады. Тіпті, әкімдер сайлауы әзірше шағын ауылдардан басталуының өзі еліміздің саяси өміріне әжептәуір серпін әкелетіні айдан анық.
Дәулет АСАУ