Жамбылдағы жол сапасына сын көп

Жамбылдағы жол сапасына сын көп

Жол салу – үйге «еден салу» емес. Бүгінде мұны билік басындағылар түсінетін уақыт жетті. Алайда әлі күнге жол сапасына айтылар сын да, тағылар мін де көп. Күні кеше Жамбыл облысы өткен жылдың өлшемімен жол салу бойынша республикада көш бастады. «Бөр­кімізді аспанға атып» қуан­ғанымызбен оның сапасы қандай?

151 ескерту жасалып, 7 шағым жолданған

Жалпы, өткен жылы өңірде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85-тен 90 пайызға, ал көше желілері 76 пайызға өскен. Соның есебінен аймақ еліміз бойынша 2-орынға шықты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыс  52 миллиард теңгені құрайтын  82 жобаны іске асыруды ұсынып отыр. Егер бұл жобалар мақұлданса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 2025 жылға қарай  100 пайыздық межені діттемек. Әрине, жолдың көптеп салынып, жаңартылғаны қос қолдап қолдайтын дүние. Алайда «жол салу бар да, ал оның сапасы қандай?» деген сауал туындайтыны хақ.  Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыс бойынша филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимовтың айтуынша, аймақтағы жолдардың сапасы алаңдатарлық күйде екен. – Өткен жылы мамандарымыз респуб­лика­лық және жергілікті маңызы бар авто­жолдарға  1 038 рет тексеріспен шығып,  151 ескерту жасады. Облыс әкімінің тапсырмасына орай, сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақ­сатында барлық зерделеу  жариялы түрде жүргізілді. Жыл сайын  жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары орташа жөндеуден өтеді. Бірақ осы жолмен  ауыр жүк көліктері  жүргендіктен,  жол ақаулары пайда болды.  Талдау көрсеткендей, 60 пайыз авто­жолдардың бүлінуі  ауыр жүк көліктерінің көбеюінен болып отыр. Бұл тұста ерекше атап өтерлігі өңірде техникалық қадағалау қызметінің жұмысы өте  нашар. Жұмыстарын сылбыр орын­дайды. Тіпті, олардың құрылыс кезінде бақылау жүргізетініне күмән бар. Құры­лысқа сирек барады.  Бұл тікелей жол сапа­сына кері әсерін тигізуде. Сол себепті Мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылау бас­қармасына 7 шағым жолдадық, – дейді Мырзахмет Қыраубайұлы. Нақтырақ  айтсақ, Ұлттық жол активтері сапасы орталығы облыс бойынша филиалы  өткен жылы «Аухатты-Бәйтерек» жаңа жол құрылысына тексеріс жүргізген. Зерделеу барысында әр қабаттың тығыздау негіздері сақталмағаны анықталған. Құрылыс барысында техникалық қадағалау жүргізетін маман мүлде болмаған. Сол себепті мекеме Мемлекеттік сәулет-құ­рылыс бақылау басқармасына шағым жолдап, нәтижесінде   «Прогресс KZ» ЖШС-на  700 000 теңге айыппұл салынған. «Тараз–Сарыкемер–Түймекент–Ақшолақ» тасжолы құрылысынан да бірқатар кемшілік анықталған.  Әсіресе, техникалық қадағалау қызметін атқаратын  «Құрылыс сараптама» ЖШС жұмысы жүйесіз болып шыққан. Жолданған шағымның нәтижесінде барлық деректер дәлелін тауып,  жол құрылысына жауапты «Қазақдорстрой» ЖШС  972 000 теңге көлемінде  айыппұл арқалаған. Тексеріс барысында «Шығыс-кіреберіс Құлан ауылына» орташа жөндеу жұмыстарынан да шикілік шыққан. Атап айтсақ, негізгі қабатқа битум жағылмаған,  асфальт-бетон қоспасын төсеу кезінде градуснигі қойылмаған және  алынған асфальт-бетон қоспасының сынамасы нормаға сәйкес келмеген. Сондай-ақ техникалық қадағалау қызметкері жоқ болған. Осындай олқылықтарды анықтаған  тексеріс тобы «Құлан жолдары» ЖШС-на 400 метр жерге жаңа асфальт-бетон жамылғысын қайта төсеткен.

 Департамент 241 лауазымды тұлғаны жазалаған

Жол сапасына облыстық Полиция департаменті тексеріс жүргізіп, біраз заңсыздықтың бетін ашып отыр.   Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейме­нов­тің сөзіне сүйенсек, тексеріс барысында 195 лауазымды тұлға әкімшілік жауап­кершілікке тартылыпты. – Жол-көлік оқиғалары көбінесе жүр­гізушілердің кінәсінен болғанымен, апат­тық деңгейін төмендету үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғым­баев­тың тапсырмасы бойынша,  департамент  қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы  автомобиль жолдарына 1 711 тексеру жұмыстарын  жүргізіп,  195 жолға жауапты маманды әкімшілік жауапкер­шілікке тартты. Ал ағымдағы жылдың 3 айында жүргізілген  493 тексерудің қо­рытындысын­да 46  лауазымды тұлға  жазаланды. Егер тұрғындар   жолдағы ақауларды  байқаса,  бұл жөнінде енді  полицияға хабарлай алады, – дейді Ж.Сүлейменов. P.S.

Шынына келгенде, бүгінде сапасыз  жол мәселесі   жауапсыз мердігерлер мен жосық­сыз серіктестердің кесірінен туындап отыр­ғаны жасырын емес. Бір ғана мысал, өткен жылы  Байзақ ауданындағы  «Рауан» ЖШС 78 жолдың,  Т.Рысқұлов ауданындағы «Құ­лан жолдары» ЖШС  98 жолдың,  Меркі ауданындағы «Айя сервис» ЖШС  83 және  «Меркі жолдары» ЖШС  32 жол құрылысы тендерін жеңіп алғанын естіп, төбе шашымыз тік тұрған болатын. Соның кесірінен жыл ішін­де 500 жоба жүзеге аспай қалған. Сон­дық­тан бізге сапалы жол керек болса, ең бірінші серіктестіктерді сабасына түсіру керек. Сондай-ақ техникалық бақылаушы­ларды да тәртіпке шақырып, теңгені емес тікелей жұмысын  ойлауды үйреткен жөн-ау. Ал облыс көлеміндегі жолдармен ауыр жүк көліктерінің қатынауын  тоқтата алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы