Миллиардтар қайда: ауылдағы кооперативтер неге тарады?
Миллиардтар қайда: ауылдағы кооперативтер неге тарады?
191
оқылды

Ақмолада малдың сүмесіне қара­ған қарапайым шаруалар зар илеп отыр. Әсіресе, ұсақ шаруа қожалық­тары мен жеке кәсіпкерлер бірігіп, сүт өндіретін кооператив ашқан жандар­дың салдары суға кеткен. Алған несиелерін өтей алмай, қарызға белшесінен батқан жандар басқа кәсіп іздеп кетуге мәж­бүр болған. Оған бірнеше себеп болыпты. Жердің танабын қуырған іргелі шаруашылықтар мыңдаған гек­тар жерді меншігіне алып алған. «Мал басы көп әрі көбірек салық тө­леген­діктен, аудан және облыс әкім­діктерінің бүйрегі соларға қарай бұ­рып тұрады», – дейді шаруалар. Мо­­но­полистердің көлеңкесінде қа­лып, шаруалары шатқаяқтап кеткен ауылдағы ағайын­ның базынасын тың­дадық.

 «Еңбек» бағдарламасы нәтижесіз бе?

Осыдан 4-5 жыл бұрын отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында елімізде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған. 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаға сәйкес, агроөнеркәсіптік кешендерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін миллиардтап қаржы құйылды. Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қорының республика бойынша кооператив мүшелерін қаржыландырған. Нәтижесінде 5,8 мың бордақылау алаңы құрылып, 134 сүт қабылдау пункті, 54 қасапхана салынып және 133 мың бас ірілі-ұсақты мал сатып алынған. Мәселен,  Ақмола облысында қордан бөлінген мемлекет қаражатымен мыңнан астам ұсақ шаруашылықтардың басын біріктірген 38 кооператив құрылған. Оның ішінде 25-і – сүт, 13-і  ет бағытында. Осы ко­опера­тивтерді қаржыландыруға 700 миллион теңге бөлінген. Ал барлық ауыл шаруа­шылығы жобаларын қаржыландыру 2 миллиард теңгеден асып жығылыпты. Облыс әкімдіктері, Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Қазагро» акционерлік қоғамы холдингі және басқа да көптеген ведомстволар жұмыс істейтін бағдар­лама­ның соңы қалай болды? Биыл аяқталуға таяу қалған бағдарламаның нәтижесі бар ма? Ауыл шаруашылығы министрлігінің соңғы ресми деректеріне жүгінсек, бүгінге дейін республика бойынша 2 840 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олардың ішінде өсімдік шаруашылығы бағытында 231, мал шаруашылығы 1 149, басқалары 1 460 бірлікті құрайды. Алайда сол 2 840 кооперативтің бүгінде тек 642 кооперативі бюджетке салық төлейтіні анықталған. Яғни, бөлінген миллиардтаған қаражаттың, өкінішке қарай желге ұшқаны айқын сияқты.

Жайылым жерлер тозып кетті

Серетір Бағдатұлы – Атбасар ауданы Мариновка ауылының азаматы. Осыдан төрт жыл бұрын аталмыш бағдарлама негізінде бір малын екі ете алмай жүрген шаруаларды жинап, кооператив құрған. 45 түтін, яғни шамамен 200-ден астам адам бірігіп, кәсіптерін заңды түрде тіркетіп,  93 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Оған 383 бас сауын сиыр сатып алған. «Бізде жайылым жерлері жетіспейді. Монополистер мыңдап, тіпті миллиондап шүйгін жерді алып қойған. Жердің көбін жыртып, егін егіп тастаған. Ал пайдалан­бағаны да жетерлік. Оларды не өздері пайдаланбайды, не жерді игеруге тырысқан бізге бермейді. Берген күннің өзінде қағазбастылықтан жүрегің шайлығады. Жайылым жерлер әбден тақырланып бітті. Жыл сайын айналдырған алақандай жерді мал шиырлай берген соң несі қалады. Бұл сауын малдың сүтіне де әсерін тигізді. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген стандарт бойынша сиыр сүтінің майлы­лығы 3,5 % болуы тиіс. Ал біз қанша жем­шөп берсек те, малымыздың сүті бұл межеге жеткен емес. Ондай майлы сүтті 500-1 000 бастан астам ірі қарасы бар, мыңдаған гектар жері бар ірі монополисn бере алады», – дейді Атбасар ауданы Мариновка ауылының тұрғыны, бұрынғы кооператив төрағасы Серетір Бағдатұлы. Қара малдың сүтімен қауым елді асыраймыз деген кооператив бұдан өзге де шығынға батыпты. Сүтті салқындатқыш арнайы машинаны 14 миллион теңгеге несиеге алған.  Ал ұжым болып алған 93 миллион теңгені 6 пайызбен алты айдан кейін бастап төлеуі тиіс болған. «Алты айда сиырлар бұзаулап та үлгерген жоқ. Тіпті, қарызды қайтара алмайтын болған соң сиырды сойып сатып, несие төлеген кездеріміз аз болмады. Малды ұрықтандырудың өзі оңай дүние емес. Асылтұқымды мал бағатындармен келісімшарт жасап, ақшасын төлеп ұрықтандырумен айна­лыстық. Бірақ малды ұрықтандырдық десек те, пайдасын көре алмадық. Жер мәселесіне келгенде желкеніміз қи­сайып, салымыз суға кетті. Осыдан төрт жыл бұрын 3 гектар жер алдым. Заңға сәйкес үш жыл ішінде сол жерге шаруа­шылығымды құрып, кәсібімді дөңгелетіп әкетуім керек екен. Бірақ оған мемлекеттің өзінің қағазбастылығы мүм­кіндік бермеді. Сонымен, үш жыл бойы құжатпен жүріп, шаруашылықтың құры­лысын толық бітіре алмадық. Жерге құдық қаздырдық. Қаншама қаражатқа құрылыс материал­дарын сатып алдық. Соған қара­мастан алған жерімізді мемлекет қайта қайтарып алды», – дейді Серетір Бағдатұлы.

Сиыр сүті майлылығы 3,5 пайыздан аспауы керек

 Аталған мәселе бойынша Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқарма­сының пікірін білмек болдық. Бас­қарманың мәліметінше, сиыр сүтінің майлылығы шаруаларға еш кедергі болуы тиіс емес. «Қабылдайтын өнеркәсіп орындарында сүттің майлылығы ежелден-ақ стандарт бойынша 3,5 пайызды құрайды. Ал дүкен сөрелерінде майлылық одан да төмен. Яғни, сиыр сүті негізінен майлылығы 2,5 және 3,2 пайызбен сатылады. Қара мал өсірумен айналысатын ірі шаруашылықтар болсын, қорасында үш-төрт сиыр ұстайтын адамдар болсын, сиыр сүтінің майлылығы 3,5 пайыздан асуы керек. Бұл – бекітілген меже. Егер сиырдың сүтінің майлылығы  3,5 пайыздан аспаса, ол мал ауруы болуы мүмкін», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасымжан Итқұсов. Кооператив құрып, кәсібін өрге до­малатамын деген шаруалар шарасыздықтан әбден бастары қатып, қарызға әбден кірген. Әлі күнге сол несиелерін төлеп келе жатыр. Мәселе жөнінде Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің жауап беруін сұрап, арнайы хат жібердік. Министрліктің біздің қойған сауалымызға берген жауабы төмендегідей болды. «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары шеңберінде сүт өндірісінің құнын арзандатуға субсидиялар нормативі өткізілген сүттің бір литрі үшін 20 теңгеден 45 теңгеге дейін құрайды. Сүттің майлылығына қағидада өлшем­шарттар қарастырылмаған. Бүгінде шағын және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында субсидиялау қағида­лары шеңберінде дистрибьютерлік және асылтұқымды орталықтарды субсидиялау жүзеге асырылады, онда шаруа қожа­лықтарында және ауыл шаруашылығы кооперативтерінде бір басқа 5 мың теңге субсидиялау нормативімен ірі қара малдың аналық басын қолдан ұрықтандыру бо­йынша тегін қызмет көрсетіледі. 2020 жылы сүтті және сүтті-етті тұқымдардың им­порттық асылтұқымды ІҚМ аналық басын сатып алу үшін субсидиялар нор­мативі бір басқа 400 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Пайдаланылмайтын жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою тәртібі Жер кодексінің 92-94-баптарымен реттелген» делінген министрліктің ресми жауабында. Қазақстан Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 «Қазақстан Рес­пуб­ликасында тексерулерге және про­филактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығымен 2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлік су­бъектілеріне, оның ішінде шағын кәсіп­керлік субъектілеріне тексеру және про­филактикалық бақылау және қадағалау жүргізуге мораторий енгізілген. «2019 жылы заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін 2020 жылғы қаңтардан бастап Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Өтініштер мен шағымдар дәл осы өңірлерден көптеп түседі» деп толықтырды министрліктің баспасөз қызметі. P.S.

Қорыта келе ауыл шаруашылығының дамуына тұсау салатын көптеген мәселенің бар екенін бажайладық. Түйінді мәселені тарқату мұнымен бітетін түрі көрінбейді. Өйткені ірі монополистер ұсақ шаруа­шылықтарға мүмкіндік бермейтіні түсінікті болды. Мәселе қалай шешімін табады? Ауыл шаруашылығы министрлігі толғағы жеткен мәселелерге қандай жауап бермек? Қандай жоспарлары бар? Бұл – министр­ліктің құзырындағы мәселе.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы