Шенеунік шетелдік жұмысшыға рұқсат қағазын беруге көмектесіп, әр жұмысшы үшін 500 мың теңгеден пара алды деген күдікпен тергеуге алынған еді. Мұны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері хабарлаған болатын. Алайда тергеу барысында алаяқтық және пара алу бабы бойынша тағылған айып дәлелденбеген. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Тек қызметтік бабын асыра пайдаланып, жәбірленушілердің заңды мүддесіне елеулі зиян келтіргені анықталыпты. Бұл эпизодтар бойынша шенеунік өзіне тағылған айыпты толығымен мойындаған және шынайы өкінішін білдірген. Қысқартылған тәртіпте жүргізілген сот, бүгін онлайн өтіп, бұл іске нүкте қойды.Серік Хамидоллаға прокурор мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл мен өмірбақи бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Бұл лауазымды орынға 2 жыл бұрын тағайындалған шенеунік аймаққа қайырымдылық жасайтынымен танымал. Көпшілік оның мұндай әрекетке баруы мүмкін емес деп араша сұраған еді. Серік Хамидолла енді жұмысын қайта жалғастыруға ниетті.Атырау қалалық №2 сотының судьясы Зәуре Қазақбай: «Отбасы жағдайын, жас балалары мен мүгедек қызы бар екенін, осыған дейін өзінің қызметін адал атқарып келгенін көптеген мұқтаж адамға көмектескенін әлі де оларға көмектесуге дайын екенін көрсетіп, өзінің шынайы әрекетіне өкініп тұрғанын байқатты. Осынының негізінде Қылмыстық Кодекстің 65-бабымен қылмыстық жауаптылықтан босатылды», – деді.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Серік Хамидолла: «Түн ұйқысын төрт бөлген Атырау облысының халқына алғыс айтамын. Халқым мынадай сенім артып тұрғанда мен қызметімді жалғастарамын. Мен халқыма қызмет етемін», – деді.
Бұған дейін Президент жемқорлық үшін істі болған шенеуніктерге мемлекеттік және квазисекторда жұмыс істеуге тыйым салғанын жазған болатынбыз.