507 жылқыны жоқ қылған
507 жылқыны жоқ қылған
166
оқылды

Сеніп тапсырған малды аманат ретінде емес, өз қарындарын тойдыруды «мақсат» еткен бақташылар полиция қолына түсті. Қарағанды облысы Шет ауданының екі тұрғыны 174 миллион теңгеге алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Олар өздеріне сеніп тапсырылған жылқыларды сатып жіберген. Аталмыш іс бойынша барлығы 50-ден астам жәбірленуші тыңдалып жатыр.

Бақташылар 2007 жылдан 2020 жылға дейін жылқы  баққан. Осы уақыт ішінде олар 507 бас малды сатып, айырбастап  жіберген. Жылқы иелері мал санының жетіспейтінін 2020 жылғы қараша айында білген. – Күдіктілердің екеуі де Шет ау­даны­ның тұрғындары. Олар жылқы баққан. Жылқы иелері жазбаша емес, ауызша келісіммен бақташыларға сеніп, өз малдарын бақтырған. 13-14 жыл ішін­де  олар  507 жылқыны сатып және айырбастап үлгерген. Кейбір жылқы­ларды тірідей, ал кейбірін сойып сатқан. Ол жайлы мал иелері білмеген. Бірнеше адам бір жылқыға ие болған жағдайлар да болды, себебі оны бақташылар бір­неше рет алмастырып отырған. Сондай-ақ нақты қанша рет төлдеп, қанша құлын барын жасырып келген. Мысалы, бие осы жылдар ішінде 13 рет құлындаса, бақташылар бар болғаны 5 құлын жай­лы айтқан, – дейді Қарағанды облысы Полиция департаменті Тергеу басқарма­сының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Қанат Сайлауұлы.

13 жыл саналмаған мал

2007 жылы жылқышыларға сеніп тап­сырған малды 13 жыл өткенде ғана жылқы иелері талан-таражға түскенін білген. Оның өзі қысқы соғымға дайын­дық кезінде әшкереленген. Бұл нені білдіреді? Әрине, мал иелерінің жылқы­шы­ларға сенгенімен қатар, ауылдағы ағайынның жазғы уақытта бие ұстап, қымыз сапырмауы да осындай жағдайға апарып отыр.  2020 жылғы қараша айында бірнеше ауыл тұрғыны  малын әкелуді сұраған. Ал малды алып келе ал­маған соң жылқы иелері бұл жерде шикілік барына күдіктеніп, мәселені анықтай бастаған. Шындықты білген бетте жәбірленушілер бірінен соң бірі жергілікті полиция бөліміне өтініш жаза бастайды. – Егер жылқы иелері ай сайын жануар­­лардың бар-жоғын тексеріп, оларға таңба салып отырса, алаяқтықты ертерек анықтауға болар еді. Адамдар жылқысын алып келуді сұрағанда, олар үйір алыста жайылып жүргенін айтып сылтауратқан. Кейбіреулер тіпті жыл­қы­ларын танымаған. Оларға бақташы­лар басқа жылқыны көрсете салған, – дейді Қанат Сайлауұлы. Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі «Ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Егер олардың кінәсі толығымен дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін. – Күдіктілер кінәні ішінара мойын­дады. Осы айдың соңына дейін іс бойынша тергеу жүргізу аяқталады және ол сотқа беріледі, – дейді аға тергеуші.

Өткен жылы қалай болды?

2020 жылғы ақпан айында Қараған­ды облысы аумағында «Мал ұрлығы» жедел іздестіру іс-шарасы жүргізілді. Осы іс-шара аясында өңірде 35 бас мал табылып, иелеріне қайтарылды.  Екі ай ішінде Қарағанды облысының аума­ғында мал ұрлығының 28 фактісі тір­келді, оның үшеуі ашылды. Қара­ғанды облысының аумағында қараша айында жүргізілген  «Мал ұрлығы» рейдінде  бұрын жасалған 16 мал ұрлығы ашылған екен.  Сол уақытта полиция мал ұрлығына қатысы бар тұл­ғаларды анықтау, оларды құрықтау және қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша іс-қимылдарын күшейтті. – Іс-шараның үш күнінде екі мал ұрлығы тіркелді, екеуі де ашылды. Бұрын жасалған 16 мал ұрлығы ашылды. Мал ұрлығын жасаған төрт тұлға ұстал­ды. Мал және ет өнімін тасымалдаған 570 авто­машина, ет сататын 200 орын, 270-тен астам шаруа қожалығы тек­серіл­ді. Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодексі­нің 406-бабымен көздел­ген ветеринария саласындағы заң­наманы бұзудың 13 фактісі анықталды, – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин. Түйін

Иә, біреудің малын ұрлап, арам жол­мен ақша тапқандар арасында ұйым­дастырушы, қасапшы, тасымал­даушы, жалған құжат жасайтындар, базардағы  алыпсатарлар бар. Заң жоба­сында жай құрам үшін 5 жылға дейін бас бостан­дығынан айыру ескерілген. Егер топ бо­лып алдын ала сөз байласып, ірі мөл­шерде ұрлық жасаса 7 жылға дейін сотталады. Бірнеше рет мал қораға, қой­маға бұзып кіргені үшін – 10 жыл. Аса ірі көлемде және қылмыстық топ болып ұрлық жасаса 12 жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Осыны біле тұра, бұрынғының «барымтасына» салып, бүгінгінің заңына бағынбайтындар қара­пайым халықтың адал тапқан малына құрық салуын қояр емес...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ