Ақын Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақстанда туған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері.
1976-1980 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. «Жалын» журналында бөлім меңгерушісі, «Арай» журналында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, «Зерде» (бұрынғы «Білім және еңбек») журналының бас редакторы (1988-95), 1995 жылдан «Жазушы» баспасының директоры қызметін атқарған. Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылында жарық көрді. Кейін ұлт бостандығы, туған дала тарихы туралы жазылған. «Келінтөбе» (1984), «Шолпан жұлдыз туғанша» (1988), «Ғайша бибі» (1991, «Aлаш» сыйлығын алды),«Қара бауыр қасқалдақ» (1995) атты жыр кітаптары жарық көрген. 1991 – "Алаш" халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты атанды. 2001 – "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалімен марапатталды. 2005 – Президент Жарлығымен "Құрмет" орденімен марапатталды, 2006 – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2017 – Президент Жарлығымен "Парасат" орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген баспа қайраткері, Ш.Есенов атындағы Ақтау техникалық университетінің құрметті профессоры.