Абай әлемі – адастырмас шамшырақ
Абай әлемі – адастырмас шамшырақ
247
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев «Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс" дегендей, бұл ретте біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған» деп, хакім Абай мұрасын дәріптеу арқылы жаңғыруға, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуге шақырды.

Осыған орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау идеясын жүзеге асыру шеңберінде және ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында бірнеше айтулы іс-шаралар өтті. Атап айтар болсақ, 2020 жылдың 14-15 желтоқсан күндері «Асылтас» қоғамдық қорының демеушілігімен Республика көлемінде жалпы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес» тақырыбында төртінші мәрте онлайн айтыс өтті. Хакім Абайдың өнегелі мұрасын жас ақындардың жырына арқау ету; Елбасының Мәңгілік ел идеясын оқушылар арасында насихаттау; мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға үндеу; сөз тазалығын, сахна мәдениетін, айтыстың негізгі табиғаты – суырыпсалмалық қабілетін таныту міндеттерін алдыға қойған сөз барымтасында Республика бойынша жалпы саны – 28 жас ақын бақ сынасты.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ҚР гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Т.С.Тебегенов, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын С.А.Қалиев, Республикалық «Алтын домбыра» иегері, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын Р.Қайыртайұлы, ақын, «Серпер» сыйлығының иегері, «Қазақстанның 100 есімі» жобасының жеңімпазы Е.Жұмабекұлы және «Асылтас» қоғамдық қорының жетекшісі Р.Оқас қазылық жасаған.

Екі кезеңнен өтіп, жүйріктердің ішінен оза шыққан тұлпарлар мәреден көрінді. Жас дүлдүлдер сайысында бас жүлде және 70 000тг ақшалай жүлде: Әмірхан Елдар (Қызылорда облысы), I орын және 50 000тг ақшалай жүлде:Абитилда Нұрислам (Абай атындағы РММИ), II орын және 40 000тг ақшалай жүлде: Асылбекқызы Айым (Алматы облысы), Нуртай Авилхайыр (Абай атындағы РММИ), III орын және 30 000тг ақшалай жүлде: Серік Нұрбек (Ақмола облысы), Төленбек Нұртілеу (Шымкент қаласы), Кайдаров Бексултан (Павлодар облысы) ие болса, арнайы жүлде және 20 000тг ақшалай жүлдемен Қасымбек Шұғыла (Шымкент қаласы), Токкожаев Жамбыл (Қостанай облысы) марапатталды. Ерекше өнерімен көзге түскен Ақмола облысының атынан сайысқа түсіп, жүйріктердің қатарынан суырыла шыққан жас ақын – Серік Нұрбек бойындағы білімі мен ерекше қарымын мектеп-интернатта ары қарай жалғастыруға білім мекемесі тарапынан шақырту алды. Рухани құндылықтарға бай айтыс өнерінің жас ұрпаққа берері мол екені айтпаса да ақиқат. Ел болашағы – дарынды жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды дарытып, рухани байлығын молайту – ел ертеңін ойлаған қауымның қасиетті парызы. Екіншіден, 2020 жылдың 10-12 желтоқсан күндері Республика көлемінде жалпы білім беру ұйымдарының 8-11-сынып оқушылары арасында «Абай әлемі» атты шығармашылық байқау өтті. Байқаудың негізгі мақсаты: кемеңгер Абайдың ақындық болмысына терең үңілуге, оның шығармашылық өмірінен ғибрат алуға бағыттау. Төтенше жағдайға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылған байқау екі бағытта өткізілді. І бағыт – «Жүрегімнің түбіне терең бойла...» эссе жазу байқауы, ІІ бағыт –  «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» ақындар мүшәйрасы.  І бағыттың көздегені – оқушының дүниетанымдық және тұлғатанымдық қабілеттерін шыңдай түсу. Ал ақындар мүшәйрасы екі кезең бойынша өткізіліп, бірінші кезеңде қатысушылар ұлы ақынға арнау шығарып, бейнеролик түсірсе, екінші кезеңде ұсынылған тақырыптардың біріне Абайдың ізімен шектеулі уақытта өлең шығарды.

Байқауға Республиканың әр түкпірінен жалпы саны – 230 оқушы қатысып, бақ сынады. Кіл жүйріктің ішінен кім жүйрік екенін анықтаған әділқазылар да қоғамға елеулі еңбек сіңіріп жүрген тұлғалар. Эссе бағытында: ф.ғ.д., доцент Н.А. Ильясова, С.Демирель ат. унив. проф., п.ғ.к. Б.Д.Жұмақаева, ф.ғ.к., проф. м.а. Б.С. Сарбасов, ф.ғ.д., қауымд. проф. С.А.Жиренов, ф.ғ.к., қауымд. проф. м.а. Ғ.Б. Шойбекова қазылық жасаса, ақындар мүшәйрасында: Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын-драматург Б.Беделханұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын С.А. Қалиев, ақын, «Балдырған» журналының бас редакторы Д.М. Мағлұмов, ақын, "Серпер" сыйлығының иегері, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы Е.Жұмабекұлы әділқазылық жасап, таланттардың туындыларын таразыға салды. Сонымен қатар ерекше дарынымен көзге түскен 8-сынып оқушылары Алматы қаласынан Тұқан Елдар мен Нұр-Сұлтан қаласынан Айдарова Альбина Абай атындағы Республикалық мектеп-интернатында білім жалғастыруға жолдама алды.

Үшіншіден, 2021 жылдың  23-24 қаңтар күндері Республика көлемінде жалпы білім беру ұйымдарының 9-11-сынып оқушылары арасында ІІІ «Абайтану»  олимпиадасы  өтті. Нәтижесінде,  қатысушылардың 45%-ы 1,2,3-дәрежелі дипломдармен және сыйлықтармен марпатталды. Ақын Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры, шығармашылығы тек қазақ елі емес, жаһан жұртына үлгі-өнеге. Оғант қоса, хакім Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Республика көлемінде атқарылған маңызды шаралардың бірі де бірегейі – гуманитарлық бағыттағы желілік «Абай мектептерінің» ашылуы еді. Осыған байланыста «Білім берудегі 4К моделі: теория мен әдістеме» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, «Абай мектептерінің» алғашқы отырысы өтті. Ол жерде мектептің эмблемасы, оқу жоспары, бір жылдық жұмыс жоспары, тереңдетілген бағдарламалар таныстырылды. Конференция аясында «Абай мектептерінің» ұстаздары үшін үш секция жұмыс жасады: 1) «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерінің оқытылуы; 2) Гуманитарлық пәндердің оқытылуы және тәрбие жұмысы; 3) Бейіндік пәндердің оқытылуы. Әр секцияда ЖОО ғалымдары, «Абай мектептеріне» арналған бағдарлама авторлары дәріс оқып, мектеп-интернат ұстаздары шеберлік сағатын көрсетті. Ал биыл 4-14 қаңтар аралығында  желілік «Абай мектептерінде» қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Абайтану пәндерін оқыту ерекшеліктері тақырыбындағы 72 сағаттық онлайн курс өтті.  Курсқа 130-ға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты.

Президентіміз айтқандай, қазіргі таңда білім берушіге де, білім алушыға да қойылатын талап мүлде бөлек. Соның бірі – оқушылардың тілдік сауаттылығымен қатар, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Осы орайда Республика ұстаздарының сұранысы бойынша 26 ақпанда  Абай мектептері желісінің және Республикадағы қызығушылық танытқан өзге де білім ордаларының ұстаздарына арнап «Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері» тақырыбында вебинар өткіздік.

Біздің білім ордамыз – Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасындағы бірлескен меморандум негізінде аталған ЖОО-ның Филология және көптілді білім беру институтымен бірлесе  вебинар жұмысы атқарылды. ҰБТ-да тапсыратын оқу сауаттылығын тиімді шешу және талдау бойынша ұстаздармен тәжірибе бөлісу мақсатында Абай мектептері желісінің жылдық жоспарына сәйкес шеберлік сыныптары көрсетілді.

Алдағы уақытта да желілік «Абай мектептерінің» орталық базасы ретінде жұмыстар қарқынды түрде жалғасын табады. Биылғы оқу жылында «Абай мектептері» үшін жасалған жоспарға сәйкес сәуір айында Республика көлемінде ІІІ «Ділмар» шешендік сайысын, мамыр айында «Жаңартылған білім беру: жаңа көзқарас, нақты қадамдар» тақырыбында педагогикалық идеялар фестивалін өткізу жоспарлануда.

Бізге қойылатын талап – ұлттық сипатымызды жоғалтпай, алға сенімді адымдар жасайтын буын тәрбиелеуге тамшыдай болсын үлес қосу. «Болашақ жастардың қолында». Сапалы да саналы ұрпақ – еліміздің алға басудағы еліміздің үміті, дүбірлі додада озып шығатын дүлдүлі.

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды

балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын

орта мектеп-интернат директоры м.а. Роза  Сексенова