Келіскен іс кемшін болмайды
Келіскен іс кемшін болмайды
160
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған қазақстандық делегация Ресейдің Санкт-Петербор қаласында өткен ТМД Парламенттік Ассамблеясының 52-пленарлық отырысына қатысты. Іс-шара барысында пандемия кезеңінде көші-қон процестерін заңмен реттеу мәселесі және осы бағытта ТМД елдері парламенттерінің рөлі кеңінен талқыланды.

Отырыста сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев коронавирус індетінің көші-қон процестеріне тигізген әсеріне тоқталып, Қа­зақстан бұл саладағы проб­лемаларды шешу үшін қандай шаралар қабылдағанына назар аудартты. Ол COVID-19 пандемиясына тосқауыл қою үшін қолға алынған жаһандық шаралар халықаралық көші-қонды айтарлықтай шек­тегенін тілге тиек етті. Сал­да­рынан көптеген елдер күрделі мәселемен бетпе-бет келіп, оны шешу жол­дарын қарастыруға мәжбүр болды. Бір жағынан, халықты қорғап, індеттің та­ралуын бол­дырмау үшін аза­маттардың қозғалысына шұғыл және түбегейлі шектеулер қою қажет болды. Екінші жағы­нан, алда осындай шаралардың эко­номикалық зардабын азайту мін­деті тұрды. «Қазақстан COVID-19 інде­тінің таралуына тосқауыл қою үшін жалпы қабылданған тә­сілдерге сүйене отырып, қазақ­стандықтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мемлекеттік шекарадан өтулеріне байланысты бірқатар шектеулерді қолға алды. Түсіністік танытып, біздің аумақтағы шетелдіктерді елде болу мерзімін бұзғаны және уақытында Қазақстаннан шық­пағаны үшін әкімшілік жауап­кершіліктен босату жөнінде ша­ралар қабылданды. ТМД-дағы серіктестеріміз – Ресей, Өз­бек­стан, Тәжікстан, Қырғыз Рес­пуб­ликасы және Көші-қон жө­ніндегі халықаралық ұйыммен бірлесіп әрекет етудің нәтижесінде еліміз арқылы 35 мыңға жуық шетел азаматы транзитпен өткі­зіл­ді», – деді Мәулен Әшімбаев. Сонымен қатар Сенат Тө­рағасы Қазақстанның дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларына тоқталды. Ол мұндай кезде келісіп әрекет ету пандемияның әлеу­меттік және экономикалық сал­дарын төмендететініне назар ау­дарып, әріптестерін бұдан да тығыз байланыс орнатуға және жаңа сын-қатерлерге бірге қарсы тұруға шақырды. Пленарлық отырыс кезінде қатысушылар ТМД-ға мүше мем­лекеттерге арналған бір­қатар модельдік заңдарды да қарады. Сондай-ақ осы күні Мәулен Әшімбаев Қырғыз Республикасы Жогорку кенешінің төрағасы Талант Мамытовпен кездесті. Тараптар екіжақты күн тәрті­­бін­дегі өзекті мәселелерді және пар­ламентаралық ынтымақ­тас­тық­тың перспективаларын тал­қы­лады. «Жыл өткен сайын елдері­міздің байланысы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Елбасы бауырластыққа және тату көр­шілікке негізделген қарым-қаты­насымызды нығайтуға және да­мытуға үлкен үлес қосты. Бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қырғыз Республикасымен ын­тымақтастықты одан әрі арттыруға баса мән беріп келеді. Елдеріміз арасындағы байланыстың барлық салада, оның ішінде парла­мен­таралық бағытта да кеңейе түс­кеніне мүдделіміз», – деді Сенат Спикері. М.Әшімбаев Молдова Пар­ламентінің төрайымы Зинаида Гречаныймен кездесті. Жүздесуде екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер сөз болды. Тараптар парламентаралық ынты­мақ­тас­тықты, экономикалық се­рік­тестікті және мәдени-гума­ни­тарлық байланыстарды ны­ғайту мәселелерін талқылады.

Елдос СЕНБАЙ