Браконьерлер бекірені жойып жатыр
Браконьерлер бекірені жойып жатыр

2021 жылы 30 наурызда Экология, геология және та­биғи ресурстар ми­нис­трлігі, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасында бекіре және басқа да балық түрлерін сақтау, олардың уылдырық шашуы үшін қолайлы жағдайды қам­тамасыз ету мақсатында «Орал-Каспий бас­сейнінің су айдындарында «Бекіре-2021» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойылған еді.

Акция басталғанына көп болмаса да, балықты баудай қыратындар жетерлік екені анықталды. Инспекторлар аз уақыттың ішінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 360 дерегін анықтап, жолын кескен. Соның нәтижесінде, 210 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 33 материал сот органдарына жолданып, браконьерлік, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерімен заңсыз айналысу фактілері бойынша 20 қылмыстық іс қозғалып үлгерген. Тәртіп бұзушыларға 3,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 14,6 тонна балық алынса, оның ішінде 551,5 келісі бекіре тұқымдас балық түрлері. Сондай-ақ 152 дана балық аулау құралдары, 11 автомобиль мен 28 су көлігі тәркіленген. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті тексеру нәтижесінде су қоймаларынан жалпы ұзындығы 40 шақырымға жуық 438 ау табылған. Акция жалғасып жатыр.

Мадияр ТӨЛЕУ